Жынды (сатира)
Тал-түсте қаланың күре жолымен әрлі-берлі қатынайтын №16 трамвайға қолында сымы салбыраған қызыл телефон ұстаған жас жігіт келіп мінді. Көлікте кісі аз болатын. Әлгі жігіт табалдырықта тұрып айнала отырған жұртқа маңғаздана қарады да, трамвайдың бел ортасындағы бос орынға барып жайғасты.
Әуелде ешкім бұл жігітке көңіл аудармап еді. Кімнің не ұстап, не арқалап жүргенінде елдің не шаруасы болсын, «бұзылған телефонын жөндетуге апара жатқан біреу шығар» деген ой жүргіншілердің әрқайсының басында жылт етсе керек. Бірі жұмысына бара жатқан, бірі жұмыстан келе жатқан жұрт терезеден тысқа көз тастап қойып, сүлесоқ отыр.
Кенет көлік ішіндегі тыныштықты әлгі жігіттің өзі бұзды. Сірә, меңіреу мезетке шыдамайтын қылжақбас қуақылардың сапынан болса керек, қолындағы сымы салбыраған телефонының тұтқасын жұлып алды да:
– Әлеу, бұл «Тым-тырыс» қонақүйі ме екен? Маған бір шынаяқ көк шәй, сосын бір қорап темекі әкеле қойыңыздаршы, – деп ойламаған жерден өзінше тапсырыс беріп жіберді.
Сол-ақ екен, манадан бері жүрісі өнбей келе жатқан трамвайдың ішін мырс-мырс күлкі, жылы жымиыс желдей есіп өтті. Мойындар жігіт отырған жаққа созылысып, құлақтар түріліп, көздер ішіп-жеп қарай бастады. Қалың мәшиненің арасынан шойын жолмен ілби жылжыған митың жүріс трамвай жүргізушісінің де ішін пыстырып жіберсе керек, мына жігіттің тосын қылығына ол да айнадан күле қарап, үстін-үстін сыңғырлатып қоңыраулатуға көшті. Алайда көңіл серпілткен бұл күй де ұзаққа бармай, келесі аялдамаға жетер-жетпестен сап тыйылды.
Бір кезде жігіт қызыл телефонның құлағына жабысып, тағы да өзді-өзімен сөйлесе бастады.
– Әлеу, мен ғой! Бағанағы шаруаларыңыздың шешілетін түрі бар ма? Ол – үлкен мәселе! Ұлттың тағдыры тұр десе де болады! Соны өздеріңіз азаматтық жасап, нетерсіздер!...
Әр-әр жерден ғана мырс еткен мысқыл күлкінің ұшы көрінгені болмаса, бұл жолы жүргіншілер әуелгідей елеңдесе қойған жоқ. Тіпті, «мұнысы артық енді!» дегендей кей кісілер жігітті түйулі қабақтарының астынан атылған ала көздерімен бір-бір сүйкеп өткендей болды.
Тағы да көлік кептелісіне тіреліп, трамвайдағы жұрт әрқайсысы өз ойымен әуре боп кеткен. Келесі аялдамада ішке енген үш-төрт кісінің арасынан танысын іздегендей жалтаңдаған әлгі жігіт кенет:
– Бұларыңыз не, мен сіздерге тапсырыс бергелі қанша уақыт өтті?! Сіздерде өзі тәртіп бар ма, жоқ па?! – деп, тағы да телефонмен біреулерге ұрыса бастады. Даладан жаңа ғана кірген топ бұл қалжыңға жадырасып қалған. Ал, қызыл телефонды жігітпен жолсерік болып келе жатқан басқа кісілер еш селт етпестен отыра берді. Жігіт тұтқаны бипаздап қойып жатып айнала отырған жұртқа естірте «жауапсыз адамдарды неге ғана жұмысқа алады екен, осы?!» деп күңк етті де, ол да ойлы жүзін терезеге бұрды.
Енді бір мезетте әлгі жігіт сымы салбыраған телефоны арқылы әуелгі «тапсырысын» тағы бір пысықтағанда трамвайда келе жатқан жүргіншілер өзара күбірлесуге көшті.
– Е-е, мынау шалдыққан бала екен! – деді бір ескібеттеу жігіт ағасы.
– Қашып шыққан жерінен өзімен бірге телефонды да қымқыра кетсе керек, – деп бір сәуегей ой тастады.
– Байғұс бала-ай! – деген зейнет жасындағы әйел жасаураған көзін жолаушылардан жасыра берді.
Менің жанымда тұрған екеудің бірі (сірә, қызметтестер болса керек) қасындағы кісіге қарап:
– Біздің курста бір жігіт болған, ол да сабаққа сымы қиылған телефон алып келуші еді. Ол кез қалта телефоны дегеніңіз Жапонияда да жоқ заман ғой, әлгі курстас «болашақта сымсыз телефонмен шаруамызды шешеміз» дейтін. Біз оны «жынды Сапақ» деп атайтынбыз, – деп бір әңгіменің шетін қылтитты.
– Апыр-ай, сол «жындың» әулие екен! – деп оның сұхбаттасы шегін тартты.
– Қайдағы әулие? Әйелі оны жындыханаға тапсырып, өзі басқа біреумен қолтықтасып кетіпті деп естідік...
– Әлеу! «Тым-тырыс» қонақ үйі ме? Сіздер неге телефон тұтқасын көтеруден қашқақтайсыздар?!.
Тағы да жігіт гөй-гөйіне көшті. Бұл кезде ел күлуді қойып, әлгі жігітті бірі келеке етсе, енді біреулері мүсіркей бастаған. Жігіттен екі орын артта, терезенің тұсында отырған бозша қыз қабағын шытып:
– Түу, сүйкімсіз! Бәлкім біреулеріңіз мынаған «қой!» деп ескертерсіздер?! – деп тыжырынды.
Сол-ақ екен, трамвайдағы жұрт қазіргі қоғамды, ондағы өз қызметіне атүсті қарайтын шенеуніктерді, аты бар да, заты жоқ түрлі мекемелерді сыпыра сынай жөнелді. Қасымдағы екеудің әңгімесі саясиланып бара жатқан кезде, олардың бірі «мына қызықтың немен аяқталғанын ертең айтарсың» деді де, келесі аялдамадан түсіп қалды.
Трамвайдың іші жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық, жауапсыздық, боссөзділік тәрізді түрлі тақырыпта тыр-тыр қасынып келеді. Таяғын тоқтаусыз тықылдата беретін көзгелдірікті шал өзінің тәуелсіз партияның жиылысынан келе жатқандығын алға тартып, ел айта бермейтін әңгімені қардай боратып отыр. Жастар жағы қызыл телефонды жігітті қалта телефондарының бейне жазғышымен нысанаға алған. Әйел кісілер оқтын-оқтын күрсінісіп, бастарын шайқай береді.
– Масқара ғой бұл! Есі ауысқандарды еркіне қоя беріп, өздері осылардың есебінен ішіп-жеп отыр! – деп қылқиған бір жігіт наразы түрде дауыс көтерді.
– Сірә, жындыханаға есі бүтін кісілер барып дем алатын болса керек...
– Ата-анасы, туыстары не қарап отыр? Мен қазіргі адамдарды түсінбеймін, мүлдем!..
Осы кезде трамвай кезекті аялдамаға келіп тоқтады да, ішке сыптықтай болып киінген, білегіне стол сүрткіш орамалды салбырата тастай салып, бір қолында темір подносы бар, ал подноста буы бұрқыраған бір шыны шәй мен бір қорап темекісі бар әдеміше жігіт кіріп келді. Кірді де қызыл телефоны бар жігітке таяп келіп:
– «Тым-тырыс» қонақүйіне хабарласқан сіз бе? Міне, сіздің шәйіңіз бен шылымыңыз! Кешіктіргенімізге кешірім өтінемін!, – деп басын әнтек изеді де, қозғала берген трамвайдан жедел шығып кетті.
Сол сәт жүргіншілердің бәрі бір-біріне үнсіз бағжия қалысты. Әрқайсының көзінен «сонымен, кім жынды?!» деген сұрауды еркін аңғаруға болатын еді...
Қанат Ескендір