26 Желтоқсан 08:02
...

Жыл рейтингі: Саясат – сақал сипағанша...

Фото:

2019 жылы Қазақстанның саяси әлемінде сапырылысқан оқиғалар аз болған жоқ. Оның ең бастысы, отыз жылдан бері мызғымай келе жатқан биліктің тоңы жібіді.

«Ол кетті, ал кеттік...».

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында халыққа үндеу жолдап, президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Осылайша тізгін Сенат төрағасы Қ.Тоқаевқа тиді. Бірақ, «Мызғымастай болған билігің бір жағына қисайды» дегендер қателескен сыңайлы. Өйткені Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмірінің соңына дейін басқарады. Үндеуінде ол «Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы менің мүддем болып қала береді» деген. Демек, тұңғыш президент әлі де Сізбен бірге.

Екінші президент

Президенттік міндетті уақытша атқарған Қ.Тоқаев сайлауда да жеңіске жетті. «Нұр Отан» партиясы қай үміткерді ұсынса, соның ел басқаратыны былай да белгілі еді. Дегенмен, Назарбаевсыз сайлау біртүрлі қызық көрінген. Қ.Тоқаев тұңғыш президент секілді тоқсан пайыздан асырып дауыс алмаса да, 70,76 пайызбен озып шығып, заңды президент атанды. Әйтсе де, оны Назарбаевтың нағыз ізбасарына билік тізгінін беретін өтпелі президент санайтындар көп. Қ.Тоқаев келгелі Қазақстан қоғамында бірқатар өзгерістер болғанын айту парыз. Соның ішінде елдің есінде де, тарих бетінде де сақталатыны – Елбасы Н.Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беруі мен Астананың атын Нұр-Сұлтанға өзгерткені болса керек.

Қосановтың килігуі

Сайлаудың мерзімі белгілі болғанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы съез өткізіп, партияның саяси кеңесі журналист Ермұрат Бапиды үміткер ретінде ұсынған. Алайда, осы жиында делегаттардың басым бөлігі сайлауға қатыспай, бойкот жариялауды қолдады да, елдегі жалғыз саяси партия сайлаудан тыс қалды. Осы арада саясаткер Әміржан Қосанов сайлауға қиырдан келіп килікті. Қиырдан дейтініміз, оны «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұсынды. Оппозициядағы әріптестерінің бәрі теріс айналғанда, Ә.Қосановтың кеуделеп сайлауға кіруі кәдімгідей күдікті көрінген. Дегенмен, оған қарапайым жұрттың көбі сенім артты. Сол сенім артқан жұрт Қосановтың сырын Тоқаевты жеңісімен құттықтағанда бір-ақ білген секілді. Бірқатар саясаткерлер «Әміржан Қосанов Ақорда әзірлеген қойылымда өз рөлін әдемі атқарып шықты» дейді.

Ұлттық кеңес пен елес

Шілде айында Ұлттық кеңес құрылды. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деп аталатын бұл ұйымның төрағасы – Қ.Тоқаев. Құрамында елге белгілі бірқатар азаматтар бар. Дегенмен, кейбір сарапшылар осы кеңесті басы артық дүние санайды. Олардың ойынша, қос палаталы парламенті бар елге ешқандай сенім кеңесінің қажеті жоқ. «Өйткені қызметтері ұқсас. Бір-бірін қайталайды. Сондықтан Қазақстанға керегі – сенім кеңесі емес, саяси реформалар» дейді олар. 

«ТАС» түсті

Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін үш жылдан бері атқарып келе жатқан Иманғали Тасмағамбетов зейнетке шығуына орай қызметінен босатылды. Жаңылмасақ, бұл – қазақ билігі тарихындағы тұңғыш оқиға. Егер зейнет жасына келгендердің бәрі қызметімен қош айтыса берсе, жоғары билік таздың басындай жалаңаштанып қалар еді. Ендеше, И.Тасмағамбетов неге кетті? Әлде кетірді ме? Кетірсе, кім кетірді? Бұл сұрақтардың әзірге жауабы жоқ. Nege.kz-ге пікір білдірген Ақордадағы дереккөз бүй дейді: «И.Тасмағамбетов жұмыссыз қалмайды. Көп ұзамай оған қызмет берілуі керек. Өйткені ондай тұлғаны алыстатып жіберу Ақордаға да, «Кітапханаға» да тиімсіз».

Қашқандар мен қуғандар

Қазан айында бас сауғалап Қытайдан қашып келген Мұрагер мен Қастердің тағдыры қыл үстінде тұр.  Желтоқсанның 6-сы күні ҰҚК төрағасының орынбасары Дархан Ділманов Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының Қытайға берілетінін хабарлаған еді. Егер екі жігіт Қытайға берілсе, олар ең ауыр жазаға кесілуі мүмкін.

Қытай азаматтарын соққыға жықты деп айыпталған қызылағаштық 5 жігіттің соты да ел назарында. Айыпталғандарды босатып алу үшін  өз үйін кепілге қойған қоғам белсендісі, журналист Рысбек Сәрсенбай: «Жәбірленді деген қытайлық азаматтар келген жоқ. Олар келе де алмайды, келмейді де. Егер мемлекет, құзырлы органдар өз азаматтарын қорғамаса, біз қорғаймыз. Халық қорғайды», - дейді. Қысқасы, екі оқиғаның да қалай аяқталатыны билікке сын болып тұр.

Сансызбай Нұрбаба

Тегтер: