Жергілікті қамту: еліміз үшін бұл НЕГЕ маңызды?
Биыл Үкімет өз тарихында мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту үлесін арттыруға арналған маңызды бастаманың бірін іске асырды. Халықаралық мұнай-газ машина жасау және дамыту орталығын құру бойынша шетелдік инвесторлармен меморандумға қол қойылды.
Меморандум кейін нақты уағдаластыққа айналуы тиіс. Сол кезде отандық кәсіпкерлер елімізде мұнай өндіріп жатқан үш ірі халықаралық консорциум - NCOC, КПО және ТШО үшін түрлі жабдықтар әзірлеп, сата алатын болады.
Меморандумнан бөлек, тағы бір игі қадамға қол жеткізілді. Ол - «Шеврон» компаниясымен бірлесіп, жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялық қорын құру. Қазір отандық Энергетика министрлігінің деректері бойынша, «Шеврон» компаниясы 248,5 миллион долларды үш бағыт бойынша инвестицияламақ:
1. Технологиялар және IT технологиялар
2. Тауарларды өндіру және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру
3. Қоршаған ортаны қорғау
Осы инвестицияның экономикалық әсері алдағы 10 жылда 642 миллион долларды құрайды деп күтіліп отыр. Импортталатын тауарлар мен қызметтердің отандық өндірісін жоспарлы түрде дамытуға байланысты импорттың үлесі 86 миллион долларға төмендеуі тиіс. Ал тиісінше, отандық өндіріс үлесі артатын болады.
-
Тақырыпқа орай: Ішкі нарық және экспорт. НЕГЕ бізге экспортты ұмытуға болмайды?
2020 жылдың қортындысы бойынша жер қойнауын пайдаланатын компаниялардың сатып алу көлемі шамамен 5,4 триллион теңгені құрады. Қазір оның жергілікті қамтуы 46 пайызға жеткен. Жергілікті қамту үлесі арта беретін болса, онда мұнайдан түсіп жатқан табыстың қомақты бөлігі отандық кәсіпкерлерде қалады.
Өз кезегінде олардың жергілікті бюджетке салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалын жақсартатыны анық.