24 Қаңтар 18:42

Жер сілкінісі Назарбаевтың әулетіне қатысты күдікті күшейтті

Әлиев
Фото: ғаламтордан
«Алматыдағы зілзаладан кейін TNS-INTEC компаниясының құрылтайшысы ресми түрде ауысты», деп хабарлайды Nege.Aqsha телеграм арнасы.

TNS-INTEC компаниясы Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті жариялаған құны 1,1 млрд теңге болатын тендерді ұтып алған болатын. Жер сілкінісін ерте ескертетін жүйе орнату үшін. Алайда жер сілкінген күні дабыл үнсіз қалды. Осылайша табиғи апат талай қызық жайттың бетін ашып берді.

Аталған келісімшарт 2022 жылы 25 маусымда жасалған. Ол кезде мердігер ұйымның құрылтайшысы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевтің Darmen Holding компаниясы болған.

Арада жарты жыл өткен соң, яғни жер сілкінісі болардан бір күн бұрын ғана меншік иесі өзгеріп, Оразғали Нұрмашев деген адам құрылтайшы ретінде тіркеліпті. Ал 23 қаңтарда TNS-INTEC Дәурен Шангереев дегенге тиесілі болып шыққан. Ол «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның басқару құрамына кірген Нұрлан Шангереевтің бауыры көрінеді.

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов тілшімізге түсініктеме берді. Ол құны миллиард теңгеден асатын тендерді ұтуға Н.Әлиевтің ықпалы болғанын тұспалдайды.

Смағұлов
Фото: ғаламтордан

– Нұрәлі Әлиевтің компаниясы аталған компаниядан бөлініп шықты деп жарияланды. Бірақ бұл келісімшарт маусым айының аяғында жасалынған. Сол кезде Нұрәлі Әлиевпен байланысы болды. Келісімнің жасалуына оның ықпалы тиюі де мүмкін. Сондықтан оның қатысы жоқ деп айтуға болмайды, – дейді ол.

Алматы тұрғындарының үрейін қашырған зілзаладан соң бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары миллиардтан аса теңгенің тендерін ұтып, бірақ халыққа ескерту жасамағаны үшін Нұрәлі Әлиев пен оның компаниясын сын тезіне алған-ды.

Енді Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бұл дауға байланысты мынадай хабар таратып отыр: «2023 жылдың аяғында Алматы қаласының ТЖД-ның тапсырысы бойынша ерте хабар беретін автоматтандырылған жүйенің 28 сейсмостансасының құрылысы аяқталды. Жоба кезең-кезеңмен іске асырылып жатыр. 2022 жылы – 11 сейсмостанса, 2022 жылы – 17 станса салынды. Қазіргі кезде жүйе сынақтық қолданысқа берілді. Шетелдік тәжірибе бойынша, байқап көру кезеңінен өту үстінде. Тестілік режимде. Сынақтан өткізу кезеңі шамамен алғашқы жартыжылдықтың аяғына дейін созылады».

ДЧС
obvk.kz

Десе де, бұл жауап сарапшылардың көңілінен шықпады. Дидар Смағұлов қомақты қаражаттың қайтарымы жөнінде мәселе бар екенін айтады.

– Жүйе сынақта тұрса, онда неге Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті бұл жүйенің ақшасын 100 пайыз төлеген? Дайын емес болса, алдымен 50 пайызын, қалған 50 пайызын неге кейін төлемейді? Жүйе дұрыс жұмыс істемеген жағдайда ақшаны – 1 миллиард 120 миллион теңгені кім қайтарады? Сондықтан бұл – сылтау. Ақша жүз пайыз төленді, сондықтан 2023 жылдың қазан айынан бастап бұл жүйе жұмыс істеуі керек еді, – дейді сарапшы.