6 Желтоқсан 16:54
...

ЖЕКЕМЕНШІК су қоймаларының ИЕСІ кім?

Фото:
Б

үгін Мәжіліс отырысында екі депутат Қазақстандағы су тапшылығы мәселесін көтерді. Депутаттардың айтуынша, алдағы 15 жылда елдегі су тапшылығы үш есеге артып, халық ауызсусыз қалуы мүмкін.

Депутат Бақытжан БАЗАРБЕК еліміздегі жеке меншікке өтіп, қараусыз қалған су қоймалары мен стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекетке қайтару туралы ұсыныс айтып, заңсыз әрекет жасағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс екенін ескертті.

– Су қоймалары мен каналдардың проблемасын бұдан бұрын көтерген жоқпыз. Негізгі жемқорлықтың көзі және тиімсіз пайдалану фактілерінің болған жері – су қоры. Су қоймаларының 228-і жекеменшікке өтіп кеткен.

Әрине, бізде «Су кодексінің» нормалары бар. Кодекстің 9-бабында «су қоймалары жекеменшікке өтуі мүмкін» деп нақты жазылған. Бірақ, жекеменшікке өтіп кеткен су қоймаларының ауқымын қарасаңыздар өте үлкен. Олар құжат жүзінде жекеменшікке өтпеуі тиіс еді.

Себебі су кодексінің талаптарына сай ауданаралық маңызы бар су қоймалары жекеменшікке өтпейді. Ал іс жүзінде жекеменшікке өтіп кеткен су қоймаларының кейбіреулері өте үлкен. Аумағы бірнеше шақырымды алып жатыр. Ал 22 су қоймасы мен тоғандар тіпті иесіз қалған. Ең сорақысы, жекеменшікке өтіп кеткен су қоймасының сапасын ешкім тексерген жоқ. Бұл тиісті уәкілетті органдар жұмысының салғырттығы, – деді депутат.

Бақытжан Базарбек ірі су қоймаларының қожайындары белгілі лауазымды тұлғалар болуы мүмкін екенін де айтып қалды.

Депутат Сергей ПОНОМАРЕВ «суды тиімсіз пайдаланып жатырмыз» деп қынжылыс білдірді.

Оның сөзінше, суаруға арналған судың жартысын тозығы жеткен каналдардың кесірінен айдалаға ағып кетеді және суармалы жерлердің 14 пайызы ғана су үнемдеу технологиясын қолданады. Сондай-ақ қайта пайдаланылатын судың мөлшері бар жоғы 3 пайыз екен. Депутат Пономарев суды нормадан артық пайдаланғандарға тарифті өсіру керек екенін айтты.

Еуропалықтар біздің көліктерді ауыз сумен жуып жатқанымызды көргенде, есінен танып қалады. Бұған бізден басқа бәрі таң қалды.

Мемлекет басшысы су тұтыну мәдениетін қалыптастыру үшін суды нормадан тыс тұтынатындарға жоғары тариф енгізу міндетін қойды. Суды белгіленген мөлшерден жоғары қолдандыңыз ба, әр литр үшін көбірек төлеуіңіз керек деп санаймыз, – деді депутат.

Сергей Пономаревтің Үкіметке жолдаған сауалында суды үнемдеуге нақты қандай шаралар жасалып жатқанын сұрап, суды үнемдеу бойынша «Су Кодексі» жобасын қысқа мерзімде дайындау мәселесін және Ауыл шаруашылығы министрлігі су үнемдеу технологияларын жеделдетіп енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты.

Ресми дерек бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал 228-і жеке меншікте болса, 22-і – иесіз екен.

Естеріңізге салайық, 2010 жылы 11 наурыз күні түнде Қызылағаш жеке меншік су қоймасындағы бөгет бұзылып, Қызылағаш ауылын су шайып кетті. Ресми мәлімет бойынша 45 адамның қаза болған.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің хабарлауынша, ауылдағы 146 үйді тасқын су  толығымен шайып кеткен, 251 үй қираған, 42 үйге зақым келді. Осы қайғылы оқиғаға байланысты 2010 жылы 16 наурызда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Тегтер: