15 Қыркүйек 08:23
...

«Жазықсыз қаматты!». «Ескі Қазақстанда» бизнесінен айрылған кәсіпкер қазіргі биліктен үміт күтеді

Фото:

NEGE-нің редакциясына кәсіпкер Руслан Рыспаев келіп, «Ескі Қазақстанда» бизнесінен қалай айырылғанын, кімдердің рейдерлік жасағанын және өзін қалай жазықсыз қаматқанын баяндап берді.

– 2002 жылы логистикамен айналысатын «NAJMAT AL BAYAN CARGO» деп аталатын компания аштым. Табыстың көзін білетін тәжірибелі команда жинадым. Түркиядан, Үндістаннан, Ираннан тауар әкелумен айналыстым. Салықты уақтылы төледік, ешқандай заң бұзушылыққа барғанымыз жоқ. Соған сәйкес табысымыз да тәуір болды.

2012 жылдың соңында сол кездегі қаржы полициясынан адамдар келіп, «бірге жұмыс істейік» деді. Оған көнбеп едім, қысым жасай бастады.

Р.Рыспаев

– «Бірге жұмыс істейік» дегенде олар нені меңзеді?

– Біздің компания шетелден тауарды елге тікелей әкелетін. Аталған елдерде тауар сақтайтын қоймаларым болды. Тауарлардың кеден салығын өз еліміздің бюджетіне заңды түрде төлеп отырдық.

Олар менен тауарды Қырғызстанға әкеліп рәсімдеп, салықты сол жерге төлеп, содан кейін ғана Қазақстанға өткізуді талап етті.

– Сонда сіз айтып отырған адамдар тауар салығын Қырғызстанға төлеп, содан кейін ғана Қазақстанға контрабанда ретінде өткізбек болды ма?

– Иә, солай. Өйткені Қырғызстанда тауар салығы арзан. Салықты Қырғызстанға төлеп, тауарды елге заңсыз кіргізбек болды. Олар үшін мұның көлденең пайдасы көп еді.

– Сіз бұған келістіңіз бе?

– Жоқ. Келіспегендіктен де бизнесімді рейдерлік жолмен тартып алып, өзімді және компаниядағы қызметкерлерімді жазықсыз қамап тастады.

Бұлармен бірлесіп жұмыс істейтін бірнеше компания бар еді. Сол компанияның өкілдерін бізге жіберіп, қоқан-лоқы жасады. Мен оларға заңды жұмыс істеп жатқанымды айтып, жетегіне ермейтінімді ескерттім.

«Онда сендерді қаматамыз, құзырлы органдардың бәрінде біздің адамдар отыр», – деді. «Қолдарыңнан келсе, қаматыңдар», – деп жауап бердім.

Олай деген себебім – өзіме сенімді болдым: ешқандай заң бұзған жоқпын, бәрін заң шеңберінде істедім.

Маған заңды айналып өтудің еш қажеті жоқ еді. Өйткені он жылдан астам уақытта жұмысты жолға қойып, аяғымызда нық тұрғанбыз. Қазақстанда тауар салығы қымбат болғанымен, жеңілдіктерді тауар сатушы елдерден алдық. Мәселен, олар қосымша құн салығын қайтарып беретін, ал біз клиенттерімізге тауарды қарызға беріп жүрдік. Яғни біз ешқандай заңды бұзбай-ақ тәуір пайда таптық.

– Қоқан-лоқы жасағандарға қатысты құзырлы органдарға сол кезде арыз жаздыңыз ба?

– Жаздым. Оларға қатысты іс қозғалған, бірақ кейіннен істі жауып тастады.

– Қысым қалай басталды?

– Менің контейнерлерімді, жүк көліктерімді тоқтатып тастады, қоймадан жібермей қойды. Салығын төлеп, заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан кешіктірілген уақытқа айыппұл төлеуге мәжбүр болдым. Қаржы полициясынан, көлік прокуратурасынан адамдар жіберіп тексеретін болды, бірақ олар ештеңе таппай кететін. Ақыры бізге қатысты арандатушылық ұйымдастырды.

Көрнекі сурет. Фото: ғаламтордан.

2013 жылы менің компанияма Ираннан үш контейнер Сарыағаш арқылы келеді. Қысқаша декларацияда контейнерлерде қандай тауарлар бар екені жазылған. Шекарадан өткенде арнайы комиссия әр тауарды құжат арқылы мұқият тексерген. Комиссия құрамында ҰҚК-нің, көлік прокуратурасының, кеден қызметінің, тағы да басқа құзырлы органдардың қызметкерлері болады.

Комиссия контейнерлерді ашады, ондағы тауарларды қысқаша декларациямен салыстырады. Одан кейін «бәрі дұрыс» деп акті толтырады. Осы акті біздің қолымызда бар.

Осыдан кейін контейнерлер Алматы қаласының Түркісіб ауданындағы қоймаға жөнелтіледі. Міне, осы кезде контейнерлерді тағы да бұғаттап, қаржы полициясы мені қамауға алды.

– Егер бәрі заңды болса, сізді не себепті қамады?

– «Кеден заңын бұзды, шекараны айналып өтті» деп айыптады да, екі айға қамап тастады. Екі айда ешқандай дәлел таба алмады. Содан кейін «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыпты іліп, компаниядағы менеджерлерді де жапты. Әрбірімізге рөл белгілеп берді. Мені «топтың жетекшісі», ал туған бауырымды маған көмекші етіп көрсетпек болды. Компаниядағы бірнеше адамға түрлі рөлді күштеп таңуға тырысты.

– «Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген – ауыр айып. Оған қандай да бір дәлел болды ма?

– Енді қараңыз, біз жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) құрдық. Кеңсеміз болды. Мен – құрылтайшы, одан бөлек директорымыз, менеджерлеріміз жұмыс істеді. Салықты уақтылы төлеп отырдық. Бұл жерде қандай ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін?! Қарапайым тілмен айтатын болсақ, өрескел заң бұзушылыққа барып, біздің ЖШС-ны ұйымдасқан қылмыстық топқа айналдырды.

Көрнекі сурет. Фото ғаламтордан.

– «Арандату ұйымдастырды» дедіңіз. Ол қандай арандату?

– Жоғарыда сөз болған үш контейнер Алматыға келген соң оны қайтадан тексереді. Тексеру барысында компанияның өкілі болуы міндетті. Қамауда жатқан інімді тексеруге қатыстыру үшін апарып, бірінші контейнерді ашып тексергенде, онда тұрған тауар құжатпен сәйкес келген. Одан әрі ауа райының қолайсыздығына байланысты тауарларды сыртқа шығару мүмкін болмағандықтан, контейнерлерді «Даму» логистикалық орталығына алып кетеді.

Арада шамамен екі-үш ай өткенде контейнерлерді тағы да тексермек болады да, тексеруге қатысу үшін компанияның директоры Дильшат Шубурхановты шақыртады. Міне, осы кезде бастапқы құжат пен контейнерлердегі тауар сәйкес келмей шыққан.

Контейнерлерді құлыптап, пломба салған құзырлы органның өзі ондағы тауарларды шығарып, орнына көліктің қолданылған дөңгелектерін, әлдебір газеттерді салып қойған.

Ойлап көріңізші, Ираннан келген контейнерлерде ескі дөңгелектер мен газеттер болуы мүмкін бе? Ақылға сыймайтын дүние ғой. Осы бойынша қаржы полициясы қызметкерлерінің үстінен арыз жазған Д.Шубурхановтың өзін қамап тастады.

– Яғни сізге осы бойынша айып тағылды ғой?

– Осы бойынша айып тағып, істі сотқа жолдады. Сот та өрескел заң бұзушылықпен өтті. Бұл іске мүлдем қатысы болмаса да, ертеректе шешем сыйлаған пәтерді тәркіледі. Мың жарым шаршы метрлік қойма толы тауарым болған, оны түгелдей тонады.

– Тонаған кім?

– Қаржы полициясының сол кездегі қызметкерлері. Мұны көрген куәгерлер бар.

– Бұл қойманың қылмыстық іске қатысы болды ма?

– Еш қатысы болған жоқ. Қылмыстық іс қозғалып, бізді қамаған кезде бұл қойманы да іске тіркейді. Бірақ сот «қойманың қатысы жоқ» деп істен алып тастайды. Соған қарамастан, қаржы полициясының қызметкерлері қойманың есігіне құлып салып, пломбалап тастаған. Хаттамалар қолымызда бар.

Іске қатысы болмаған соң қоймадағы тауарлар иесіне қайтарылуы керек еді, бірақ ол қайтарылған жоқ, жоғарыда айтқанымдай, тоналып кетті.

Көрнекі сурет. Фото ғаламтордан.

– Осы іске қатысты арыз жаздыңыздар ма?

– Жазылды, қылмыстық іс те қозғалды. Бірақ күдікті жоқ. Кімдерден күдіктенетінімізді, куәгерлердің түсініктемесін қолдарына бердік. Бірақ полиция олардан қорқып отыр.

– Қанша соманың тауары қолды болды?

– Шамамен 3 млн доллардың тауары. Бұл енді көзге көрінбейтін ине емес қой, Олардың тауарды қалай ұрлағанын, қайда апарып өткізгенін біліп отырмыз.

– Жақсы, бұл тақырыпқа алдағы уақытта тағы да айналып соғамыз. Сотқа келейікші, сізге қанша жыл жаза кесті? Қанша уақыт қамауда отырдыңыз?

– «Контрабандамен айналысты, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп мені сегіз жылға жазықсыз соттады. Барлық дүние-мүлкімді тәркіледі.

Түрмеде төрт жыл отырып, мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықтым. Шыға сала жазықсыз отырғанымды, ақ екенімді дәлелдеуге кірістім.

2020 жылдың аяғында Жоғарғы сотта іс қаралып, сөз басында айтқан үш контейнерге қатысты тағылған айып – контрабанда бойынша ақталып шықтым.

Сот шешімінің негізінде прокуратураға жаздық. Контейнерлер қылмыстық жолмен келмегендіктен, контрабанда болмағандықтан, заңды иесіне қайтарылуы керек. Ал ондағы тауарларды ауыстырып, мені және басқа да адамдарды жазықсыз қудалағандар жазасын алуы тиіс еді. Бірақ осы күнге дейін арыз тиісті деңгейде қаралып жатқан жоқ. Бір жарым жылдан бері істі сағызша созып келеді.

Редакциядан: Кәсіпкер Руслан Рыспаевтың айтуынша, қылмыстық істі қараған судья қаржы полициясының бұрынғы қызметкері екен. Ол осы істі жүргізген тергеушілердің бірімен бір кабинетте отырған көрінеді. Ал тергеушілер әлі де жауапты қызметте. Кейбірінің тіпті лауазымы да өскен.

Айтпақшы, Р.Рыспаев түрлі жаламен қамалғаннан кейін бұл салаға бұрынғы президент әулетінің жонды мүшелері келіп, кеденге қатысты заңды белден басқан көрінеді. Бұл енді мүлдем басқа тақырыптың жүгі...   

Кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс бізге де тым күдікті көрінді. Бұл кәнігі «ескі қазақстандық» тәсілмен жүргізілген рейдерлік емес пе? NEGE порталы бұл істі өз бақылауында ұстайды.

Тегтер: