26 Ақпан 17:12

Жайран Мамедова: Гейдар Әлиев әркез қазақ халқы туралы жылы пікірін аямаған

Әзірбайжан қауымдастығы
Фото: жеке мұрағаттан

2014 жылғы дерек көздерінде Қазақстанда тұратын әзірбайжандар саны 98 мың 600 адам болған. Бүгінде 200 мыңнан асады. Олар әсіресе, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарына қоныс тепкен. 

 Елімізде өмір сүріп жатқан әзірбайжандардың мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының дамуына Әзірбайжан қауымдастығының жанындағы Әзірбайжан әйелдері кеңесінің де үлесі көп. NEGE тілшісі осы кеңестің төрайымы Жайран Мамедова Ягубқызын әңгімеге тартты. 

  21 ақпанда Халықаралық ана тілі күні аталып өтілді. Осыған орай, Алматы қаласындағы Әзірбайжандар қауымдастығы қандай шараларды ұйымдастыруға мұрындық болды? 

– Әр ұлттың туған тілі бар. Ана тілі – әлеуметтік лингвистика мен этнология ғылымында қазіргі таңда пәнаралық мәртебеге ие болған маңызды ұғымның бірі. Жыл сайын 21 ақпанда әлем халқы Ана тілі күнін атап өтеді. Бұл мерекені 1999 жылы ЮНЕСКО ұйымы бекіткен. Бұл маңызды халықаралық датаның мақсаты – қазіргі әлемде, атап айтқанда, білім беру жүйесінде көптілділікті сақтау және дамыту қажеттілігіне назар аудару.

Қазақстандағы Әзірбайжандар қауымдастығы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіретін ірі этникалық бірлестіктің бірі. Мұндағы әрбір азамат еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, халықаралық айтулы күнді атап өтуге өз үлесін қосады. Әрине, Қазақстан республикасының азаматы ретінде мемлекеттік тілдің де, ана тілінің де тамыры тереңге жайылуына септігімізді тигізіп келеміз. Бұл – ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған туған тіліміздің күні. Біз осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп, бір аспан астында өмір сүріп жатқандықтан басқа да этнос өкілдерімен емін-еркін сөйлесетін күн. Қазақ елінің, қазақ халқының арқасында бір-бірімізбен ана тілімізде қарым-қатынас жасайтынымызға қуанамын.

 – Өзіңіз төрағалық ететін Әзірбайжан әйелдері кеңесінің қызметіне тоқталып өтсеңіз…

 – Әзірбайжан әйелдері кеңесінің мүшелері Алматыдағы Әзірбайжандар Қазақстан халқы ассамблеясы қауымдастығының белсенді мүшелерімен бірге түрлі іс-шараларды, салтанатты шерулерді атап өту ғана емес, қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылады. Мәселен, біздің талантты жастар республикалық Достық үйі ұйымдастырған концерттерде өнер көрсетіп, сонымен қатар ұлттық тағамдар мен ұлттық тұрмыс бұйымдары көрмелеріне қатысады. Әзірбайжан халқының мәдениетінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің элементтерін көрсету арқылы біз өз құндылығымызды жаңғыртамыз.

Жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күні және қала күні мерекесінде Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған ауқымды мерекелік жобаларға атсалысып, мейрамхана ұжымдарымен бірлесе отырып, ұлттық тағамдар көрмесін өткізіп келеміз. Әзірбайжандар қауымдастығының төрағасы Гахраман Садиев Сананұлының өзі бізбен бірге осы істің басы-қасында жүреді.

Әзірбайжан қауымдастығы
жеке мұрағаттан

Былтыр «Гейдар Әлиев жылы» болып жарияланған еді. Осыған орай елімізде Гейдар Әлиев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сіздер де атаулы жылдың мән-мағыналы өтуіне үлес қосқан шығарсыздар…

Астананың орталығынан Гейдар Әлиевтің атына көше беріліп, оны екі елдің басшылары салтанатты түрде ашты. Бұл 2022 жылы екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі келісімнен кейін достық байланысты бекемдеу үшін жасалған шара. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев – әлемдік деңгейдегі тұлға. Ол сонау қиын-қыстау заманда Әзірбайжан мемлекетінің аяқтан тұруына, мемлекеттілігін қалыптастыруға үлес қосты. Елдің қай саласына болмасын, елеулі реформалар жасап, жаңаша дамудың баспалдағын қалады. Бір сөзбен айтқанда, ұлтына адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен тұңғыш президент болды.

Гейдар Әлиев
Ақорда

Ол – Қазақстан мен Әзірбайжан мемлекетінің арасындағы мызғымас татулықтың беріктігіне де септігін тигізген тұлға. Ол түркі әлемінің басын біріктіру үшін көп дүние жасады. Гейдар Әлиев әркез қазақ халқы туралы жылы пікірін аямаған, екі елдің бауырластығын жоғары бағалап, тарихи мұрасының да ортақ екенін жиі айтқан. Дәл осы сөзді президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тілге тиек етіп, Гейдар Әлиевтің қазақ халқына деген ықыласының ерекше болғанын әңгімеге арқау еткен еді. Міне, сол рухани байланыстың тамыры тереңге жайылып, бүгінде Қазақстан мен Әзірбайжан стратегиялық серіктеске айналды.

Ал Әзірбайжан әйелдері кеңесінің белсенді өкілдері Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған «Әзірбайжан халқының ұлттық көшбасшысының саяси құбылысы мен азаматтық ерлігіне» арналған конференциялар мен форумдардың сәтті жүзеге асуына қолұшын берді. Осы ретте Ұлттық кітапхана мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасы Әзірбайжан Милли мәжілісінің депутаты Ганира Пашаева кітабының тұсаукесерін ұйымдастырған еді.

Әзірбайжан әйелдері кеңесі әсіресе, балалар мен жастардың дамуына көп еңбек сіңіреді екен. Солай ма?

Бұрын негізінен үй шаруасымен, балалары мен немерелерінің тәрбиесімен айналысқан қауымдастықтағы белсенді әйелдер депутат Ганира Пашаеваның сөзінен қуат алып, басқа да шығармашылық тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің аузынан көптеген пайдалы дүниелерді естіп, өздерін дамытуды қолға алды.

Әйел-анаға жүктелетін жауапкершіліктің тереңдігін түсініп, жас ұрпақты тәрбиелеу мен салауатты тұлға етіп қалыптастыруға бағытталған барлық іс-шараларға қатысуды ұйғарды. Әрине, сөз адамды қамшылайды ғой. Біздің кеңестің әйелдері тыным таппай еңбектеніп, балалар мен жастардың қатысуымен түрлі тәрбиелік басқосу мен қайырымдылық жиындарды өткізуге құштар. Соған бір мысал, дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай Достық үйінің қолдауымен этно-мәдени бірлестіктердегі және білім беру мекемелеріндегі көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, толық емес отбасы балаларына арнап «Бақытты балалар – бақытты болашақ» ұранымен мерекелік кеш ұйымдастырдық.

Әзірбайжан қауымдастығы
жеке мұрағаттан

Екі сағаттық ойын-сауық бағдарламасына 72 бала мен ата-аналары қатысып, дарынды өрендер қазақ, ағылшын және әзірбайжан тілінде өлең оқып, достықтың жарқын үлгісін көрсетті. Шараға арнайы келген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы Әзілханов, республикалық Әзірбайжандар қауымдастығының төрағасы А.М.Хамедов құттықтау сөз сөйлеп, естелік сыйлықтар мен мерекелік тәттілер табыс етілді. Мұнымен қоса, Әзірбайжан әйелдері кеңесі ұжымы білім беру мекемелерімен де тығыз қарым-қатынаста. Біз Алматы қалалық Аналар кеңесімен бірлесіп, халқымызға ортақ рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған республикалық маңызы бар жобалардың аясында оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі комиссия құрамына еніп, «Мектепке жол» акциясына да жәрдем бердік. Одан бөлек қиын жағдайға тап болған және дағдарыс орталығындағы уақытша тұрғандарға көмек көрсетуді де ұмытпадық. Республика күніне орай Алматы облыстық № 1 балалар үйінде мерекелік шара өткіздік.

Яғни, Әзірбайжандар қауымдастығы ізгі ниет, жанашырлық және қамқорлық сияқты қасиеттерді дамытатын, әлеуметтік жауапкершілік идеясын берік түсінетін және алға жылжытатын, сондай-ақ ҚХА тұжырымдамасының мақсатына сәйкес, волонтерлік және қайырымдылық қызметтерді де белсенді түрде қолдайды. Осылайша, Алматы қаласындағы Әзербайжандары қауымдастығы жыл сайын Құрбан айтта «Аяла» және «Жанұя» әлеуметтік көмек және бейімдеу орталықтары арқылы мүмкіндігі шектеулі балалары бар 50-ден 90-ға дейін отбасыға азық-түлік пакеттері мен ет түрінде қайырымдылық көмек көрсетеді. Қазақстан халқы ассамблеясының Даму тұжырымдамасының негізгі міндеттерінің бірі – қоғамды азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға тарту. Әзірбайжан қауымдастығы Қазақстандағы басқа да этнос өкілдері сияқты бұл міндетті ойдағыдай атқарып келеді. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог орнату өте маңызды.

Әзірбайжан әйелдері кеңесі
жеке мұрағаттан

 – Қауымдастық жанынан ана тілін, мемлекеттік тілді, елдің тарихын оқытатын тегін үйірмелер жұмыс істей ме?

Жастар қанатының белсендісі М.Қасимов қалалық Достық үйінің ғимаратында ана тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін оқыту мақсатында өз еркімен тегін сабақтар ұйымдастырып, өткізеді. Тіл курстары жыл сайын жаңартылып отырады. Енді осының жексенбілік мектепке айналғанын қалаймыз. Қауымдастықтың басқа да мүшелері келген елдің тілін үйренудің аса маңызды екенін түсініп, мемлекеттік тілді үйренуге арналған онлайн курстарға жазылуда.

Әзірбайжандар қауымдастығының Қарабақ аймағындағы басып алынған жерлерді азат ету бойынша соғыс алаңында қаза тапқан Ербол Барымбеков туралы тың деректерді табуға көмектескенін де білеміз. Осы жөнінде айтыңызшы…

 Мысалы, біз бірлескен күш-жігердің арқасында Кенжина Насиха Ғұмарқызына Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшесіне өз еркімен жазылып, Қарабақ аймағындағы басып алынған жерлерді азат ату бойынша әскери операцияға қатысып, қата тапқан қазақстандық жауынгер, барлаушы десантшы Ербол Барымбеков туралы әскери атташелерден анықтамалар мен мұрағаттарды, тың деректерді алуға көмектестік. Соның нәтижесінде Насиха Кенжина Баку қаласындағы шейіттерге арналған 2-ші құрметті аллеясына жерленген Е.Барымбековты «Қарабақ шейіті» ретінде тануға қол жеткізді. Ербол Барымбеков туралы бүкіл оқиға Н. Г. Кенжинаның. «Ербол – Қарабақ шәһиді» деректі-публицистикалық кітабына негіз болды. Бұл кітаптың тұсаукесері Алматы қаласында және Ерболдың туған жері Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы, Қорағаты ауылында, сондай-ақ Астана қаласындағы әскери бөлімдерде өтті.

Қарабақ
жеке мұрағаттан

«Қарабах: үйге ұзақ жол», «Ербол – Қарабах шейіті» кітаптарының және Қарабахта қаза тапқандар мен Қарабах соғысында қаза тапқан балаларға арналған өлеңдер жинағының авторы Насиха Кенжинаға ерекше алғысымды білдіремін.

Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері, әсіресе қуғын-сүргінге ұшыраған және депортацияланған халықтардың ұрпақтары тағдырдың жазуымен қазақ топырағына табан тіреді, өніп-өсті. Тарихи отанынан шетте қалқан басқа ұлт өкілдерін аштықтан өлтірмей, бір үзім нанын бөліп берді. Жетім балаларды құшағына басып, балаларымен бірге тең өсірген қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ. Қазақстанның әрқашан бейбітшілік пен ізгілік саясатын ұстанатын ең тұрақты мемлекет ретінде өркендеп, әлемнің озық елдерінің қатарынан орын алуына біз де өз тарапымыздан үлес қоса береміз.

  Күні кеше ғана Әзірбайжанның Хожалы кентінде жазықсыз қаза тапқандарды еске алу күніне арналған конференция өтті. Бұл жылда ұйымдастырылатын шара ма?

 – Біз жыл сайын еске алу шарасын ұйымдастырамыз. Хожалы геноцидінің салдарынан 613 адам қазақ тапқан, 1275 адам тұтқынға алынды, олардың ішінде 150 адамның тағдыры белгісіз. Ең өкініштісі, 487 адам мүгедек болып қалса, 8 отбасы түеглей өлтірілсе, 25 бала ата-анасынан айрылып, тұл жетім атанды. Сонау 1992 жылдың 25 ақпаны түні Әзірбайжанның Хожалы кентіне Армения әскері басып кіріп, тұтас ауылдың жазықсыз, бейкүнә тұрғындарын қыра салған еді. Олар бұл арқылы жергілікті халықтың сағын сындырып, рухын басып-жаншығысы келді. Бір ауылды бір түннің ішінде тас-талқан ету ХХ ғасырдың ең ауыр трагедиясы, қылмысы саналды. Бұл ауыр күн ұмытылмайды. Сол себептен «Геноцид пен террорға «Жоқ» дейміз» атты тақырыпта өткен конференциядан кейін құрбандарды еске алып, ас берілді.