9 Қыркүйек 16:40
...

«Банкирлерге бөлек сот бар сияқты» – Пробацияда жүрген Елжан Біртанов сот жүйесіне қатысты сын айтты

Экс-министр
Фото: Коллаж NEGE

2020 жылдың қарашасында Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған банкир Жомарт Ертаев рақымшылыққа ілігіп, таяуда бостандыққа шықты. Бұған қатысты бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік желіде пікір білдірген еді.

«Мен де қарызбын, рас, бірақ тура 100 есе аз сомаға, әрі ол да Олжас Әбішев екеумізге ортақ. Бірақ сот қарыздың өтелмегеніне байланысты менің шартты түрде мерзімінен бұрын босау туралы өтінішімді қарауға да тұрған жоқ. Айтпақшы, біз, кейбіреулердей өзгенің ақшасын мүлде ұрлаған жоқпыз. Әрине, банкирлер үшін бөлек сот бар сияқты», – деп жазды Біртанов.

NEGE тілшісі экс-министрге хабарласып, пікірін кеңірек тарқатып беруін сұрады.

– Елжан Амантайұлы, 144 млрд теңге жымқырып, аз уақытта бостандыққа шыққан банкир Жомарт Ертаев туралы пікір білдірген екенсіз...

– Иә, мен жазбамда бәрін айттым. Біреулерді рақымшылықпен босатады, біздің өтінішке құлақ аспайды. Айтайын дегенім сол, басқа ештеңе жоқ. Жомарт Ертаевты білмеймін, танымаймын да. Мәселе онда емес. Ішкі істер министрлігі банкирдің мемлекетке қарызы болса да, сот босатқанын хабарлады. Ал біздің өтінішімізді ешкім қарастырған жоқ. Себебі, «сендерде қарыз бар» дейді.

– Олардың қарызы сіздікінен әлдеқайда көп, бірақ өтемақыны төлеп шығып кетті деп топшылайсыз ба?

– Соны білмедім. Менің ойымша, анандай соманы төлеу деген басыма сыймайды. Бір адамның өзі 144 млрд теңге қарыз болып тұр. Бізге «тағылған» 1,3 млрд теңгенің өзін көтере алмай, төлей алмай жүрміз. Былай қарағанда, біздікі 100 есе аз. Бірақ министрлік Ертаевтың мемлекетке қарыз екенін айтса да, бостандыққа шығарып жіберді.

Мысалы, жеңіл жазамен қаншама адам түрмеде отыр. Бірақ оларға ешқандай жеңілдік жасамайды, ешкімді босатпайды. «Банкирлер үшін бөлек сот бар сияқты» дегенім сол ғой.

Банкир
Ж.Ертаев. Фото: ғаламтордан

– Бұған дейін бізге берген сұхбатыңызда Денсаулық сақтау министрлігіне қайтару міндеттелген 1,3 млрд теңгеге қатысты: «Өмірге үш мәрте қайта келсем де, 1,3 млрд теңге айыппұлды өтей алмаймын» деген едіңіз. Қазір өтемақы қаншалықты азайды?

– Шетінен қайтарып жатырмыз. Қайтармасқа болмайды. Себебі, біз соттың шешімін, заңды сыйлаймыз. Олжас Әбішев екеуміз айлығымыздан 50 пайыз төлеп отырмыз. Мәселе онда да емес. Азаматтық талап бар, сонымен қатар бостандықты, еркіндікті шектеу деген болады. Үнемі барып белгіленіп тұрамыз. Сыртқа шыққанда рұқсат сұрауға тура келеді. Кешке, түнде үйден шыға алмаймыз. Міне, сондай шектеулер бар. Соның бәрінен босату үшін өтініш түсіргенбіз. Себебі, өздері «Заң бойынша сіздерде сондай мүмкіндікті алуға құқықтарыңыз бар» деген. Алайда, сот қарсы болып, біздің өтінішімізді қанағаттандырмады. «Сендерде қарыз бар. Оны төлемей ешқандай мерзімінен бұрын шартты босату қарастырылмайды» деген жауап алдық. Қос стандарт деген осы шығар.

– Демек, 5 жылдық жазаңыздың мерзімі өтсе де, өтемақыдан құтылмай біржола ақтала алмайсыз ба?

– Иә, әлі бір жылдық мерзім бар. 2026 жылдың аяғында бітеді. Сол кезде маған берілген 5 жыл мерзім өтіп, толық босатады. Алайда, қарыз мойнымызда қала береді. Бұрынғы сот шешімі жойылса ғана толық ақталамыз деп ойлаймын. Оған да уақыт керек. Бірақ толық ақталатынымызға күмәнім жоқ. Бір күні ақталамыз.

– Баяғы сіздер жасаған платформа сол күйі іске қосылмады ма?

– Қосылған жоқ. Себебі, бәрі платформаны қосуға қорқып отыр. Осы жақында ғана министрлік «Платформаны келесі жылы қосамыз» депті. Оны мұқият оқысаңыз, оның ішінде ешқандай платформа жоқ. Жәй әншейін шешімді айырбастайтын ядро дейді. Бірақ ол өтірік. Ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ. Себебі, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрынғы жолдауында бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені енгізуді ұсынған еді. Содан биылғы жолдау қарсаңында «енгізіп жатырмыз» деген өтірік есеп берді.

Шын мәнінде, ол жерде ешқандай жұмыс жоқ. Ішіндегі мамандардың өздері айтып отыр. «Платформаға ешкімді жолатпайды. Жаңа платформада жұмыс істей алмаймыз, себебі тәжірибеміз, мүмкіндігіміз жоқ» депті. Сол күйі, сол бетімен тұр. Неге десеңіз, әу баста бәрін құртқан адам Есенбаев ішінде әлі жүр ғой. Қазір министрліктің цифрландыру саласын басқарып отыр. Ол отырғанда плафторманы өткізбейді. Себебі, Есенбаев сот отырысында «Бұл плафторма істемейді» деген түсініктеме берген. Егер платформаны қосса, демек өтірік түсініктеме берген болып саналады. Ол кезде өзі сотталып кетуі мүмкін.

Менің ойымша, оның министрліктегі негізгі мақсаты мен тапсырмасы – Денсаулық сақтау министрлігінен кетпеу, плафторманы енгізбеу. Әйтпесе, оны іске қосып жіберсе «Біртанов пен Әбішевтің сотында бұл платформа жарамайды» деген түсініктеме беріп едің ғой» деп айтады емес пе?! Сот отырысында басқа 20 шақты технор мамандары мен программистер «Платформа істеп тұр. Қосуға болады» дегенде, Есенбаев қана қарсы болған. Бір өкініштісі, сот Есенбаевтың түсініктемесін ғана негізге алып, бізге айып тағып, үкім шығарды. Біздің бүкіл ісіміз бір адамның сөзіне негізделді. Ертең платформа қосылса, бұл өтіріктің арты ашылады, бәрі анықталады. Қаржы мониторингі агенттігі, Бас прокуратура қарап отырмайды.

Экс-министр
Е.Біртанов. Фото: ғаламтордан

Меніңше, экс вице-министр Есенбаевқа да әжептәуір қысым жасалған сияқты. Бірақ басқасын былай қойғанда, президент айтқан тапсырманы қалай орындамай жүргеніне таң қаламын. Тіпті, президент «бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе керек» деп былтыр ғана емес, одан бұрын екі-үш рет айтты. Әлі жүзеге аспады. Қолдап отырған кімі бар? Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігіне келген жаңа министр оны жұмыстан шығарып жіберді. Алайда, жарты жылдан кейін қайта айналып келді. Министрліктегі цифрландыру саласын жетілдіруге «мықты» маман болып оралды. Бұған ешкім «Мыналарың не?» демейді.

– Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға келгенде әлеуметтік медициналық қордың ақшасы жетпей жатыр. Бұл да сол платформаны қоспағанның салдары ма?

– Әрине, бюджетке жинақталған ақшаны дұрыс пайдалану керек. МӘМС бойынша да түрлі мәселе шықты. Егер платформа енгізілсе, түйткілдің бәрі 100 пайыз шешіледі. Бәрібір толыққанды тексеріс жүргізу керек. Себебі, күнделікті қаншама адам ауруханаға түсіп жатыр, шығып жатыр. Оның тарихын тексеру үшін біраз уақыт керек. Ал платформа болса, оны тексерудің мүлде қажеті жоқ. Оның бәрі көз алдыңда көрініп тұрады. Бүкіл дәрі-дәрмекті, медициналық құрал-жаблықты сатып алу да осында тіркелуші еді.

Мұның артында сауда жасап, байып отырған үлкен компаниялар тұр. Олардың бюджеті де қомақты. Солар қысым жасап, платформаны қосуға мүмкіндік бермей жатыр. Әйтпесе, біз жасаған платформаны іске жаратпаса, бір жыл, әрі кетсе екі жылдың ішінде-ақ жаңасын жасақтауға болады. Қазір мүмкіндік көп. Біз 2015 жылы бастап екі жылда аяқтадық қой.

– Демек, бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қоспағаннан мемлекетке үлкен шығын келіп жатыр ма?

– Шығын да, дағдарыс та болып жатыр ғой. Оны бәріміз көріп отырмыз. Бәрі барлық мәселені МӘМС-тен іздейді. Мәселе онда емес. МӘМС-тің моделі дұрыс. Ең дамыған мемлекеттер, соның ішінде Қытай мен Ресей де МӘМС-ке көшіп жатыр. Оны цифрландырмасақ болмайды. МӘМС-ті 2017 жылдан бастап цифрландырумен бірге бір-бірімен байланыстырып енгіздік. МӘМС+платформа. Плафторманы іске қоспағаннан кейін, әрине, МӘМС жұмысы шашыраңқы болады. Дағдырыс орнады, қазір ақша жетпей жатыр. Бір жағынан ақша көбейіп жатқан сияқты, екінші жағынан бақылау жасағанда ақшаның жетпейтінін айқын көруге болады. Мұны сот барысында да айтқанмын.

– Қазір қайда жұмыс істеп жүрсіз?

– Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында үлкен инвестициялық жобаны басқарып жүрмін. Сонымен қатар кәсіподақта қоғамдық жұмыс атқарамын.