USD
USD
USD

Жастар жылын ескіше өткізу

Жыл басында әлі президент лауазымындағы Нұрсұлтан Назарбаев атауы Нұр-Сұлтанға өзгере қоймаған Астанада 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған. Осы бір ауыз сөз жария етілген форумды өткізуге қазынадан 223 миллион теңге шығындалғанын да ел естіді.

Жастар жылын ескіше өткізу
Фото: NEGE.kz

Сонымен, ортаға ұран тасталды, үкімет үшін жұмыс басталды. Биік мінбелерден Жастар жылына арналған іс-шараларды жүзеге асыру үшін алдағы үш жылда қосымша шамамен 100 миллиард теңге бөлінетіні айтылды. Кейінірек осы шараға жауапты орган – Aқпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеті төрағасы Мадияр Қожахмет «бөлінетін қаржыны 172 миллиард теңгеге дейін өсіреміз», – деді.  Бұл қаржы негізгі төрт бағыт бойынша өтетін іс-шараларды жүзеге асыруға жұмсалмақ:

  1. Қолжетімді білім және дарынды жастарды қолдау
  2. Жұмыспен қамту
  3. Әлеуметтік қолдау
  4. Патриоттық тәрбиені, азаматтық сананы және ұлтаралық келісімді нығайту

Қағаз жүзінде бәрі қолдауға әбден лайық бастамалар. Білімнің қолжетімділігі өткір мәселе. Қазір Ресейдің университеттерінде оқу бағасы Қазақстанның жоғарғы оқу орындарынан әлдеқайда арзанға түседі.  Әрі олардың білім сапасы біздікінен жоғары бағаланатынын мамандардан естиміз. Сол себепті көрші елге білім алуға ұмтылған жастардың саны жыл санап өсуде. Дарынды жастарды қолдаймыз дегені де көңілге қонады. Мәселен, Елбасы дамудың үлгісі ретінде көрсеткен Сингапурда мұғалім болғысы келген талапкер алдымен жарты жылға дейін мектепке барып, тағылымдамадан өтеді екен. Сол үшін мемлекет ай сайын 1 500 АҚШ доллары көлемінде шәкіртақы төлейді. Осы уақыт ішінде өмірін ұстаздыққа арнағысы келгеніне толық көз жеткізгендері ғана институтқа емтихан тапсырады. Ғылымға бет бұрсаңыз, мемлекеттің аялы алақанынан түспейсіз. Жастарды қолдаудың үлгісі, міне, көз алдыңызда тұр.

Ресми дерек бойынша, екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүрген жасы 29-ға дейінгі 81 мың адамға жұмыс тауып беру де күн тәртібіндегі мәселе. 4 миллионға жуық жастың тағы 23 пайызы «өзін өзі қамтушылар» деп есептеледі. Оларды үкімет «Жас маман» бағдарламасымен жаңа кәсіпке оқытып, бизнеске икемі барларына «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы жеңіл несие бермекші. 

Үшінші бағыт – әлеуметтік қолдауға да жастар зәру. Алдағы уақытта жұмыс істейтін жастарға арнап кемінде мыңға тарта пәтер саламыз дегенді құлағымыз шалып қалды. Мұндай пәтерлер жастарға басы бүтін берілмейді, етек-жеңін жиғанға дейін азын-аулақ жалдау ақысын (білуімізше, оның құны 15-20 мың теңгенің төңірегінде) төлеп тұрмақ. Айтпақшы, осының бәріне жауапты министрліктің басшысы Дәурен Абаев жастарға пәтерді жалға берудің ережесін тамыздың 1-не дейін бекітіп, министрліктің сайтына іліп қоятындарын айтқан. Бірақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтын қанша сүзіп шыққанымызбен ондай құжатты байқамадық. Бәлкім дайын емес, мүмкін көзімізге түспеген болар? Кім білсін?!

Жалпы, Дәурен Абаев өзі де биліктегі өзге әріптестерінен жастау болғандықтан ба, әлде тікелей қызметі міндеттей ме, әйтеуір, Жастар жылы жастар мәселесі жайлы жиі сөз қозғайды. Әр жасты кез келген қиындыққа қасқая қарсы тұруға шақырып, ағалық ақылын айтуды ұмытпайды. «Мен де 12 мың теңгеге маман болып, еңбек еттім. Ал пәтерақым 15 мың теңге болатын. Маған ата-анам көмектесті», – деп ағынан жарылды бірде министр. «Пәтер үшін 15 мың теңге төледім» дегеніне қарағанда, жеке баспанасының коммуналдық төлемін меңзесе керек. Ауылдан жұмыс іздеп келіп, қаланың шетіндегі лашықты кемінде 30 мыңға жалдап тұратын жастар министрдің көрген «қиындықтарын» армандап кетеріне күмән жоқ. 

Жә, бірді айтып бірге кете бермейік. Сонымен, жыл соңына тақалғанда Жастар жылы не берді дегенге келейік. 

Әзірге шенеуніктер «Жастардың өзекті мәселелерін тиімді шешу үшін 89 іс-шараны қамтыған Жол картасы әзірленгенін» айтады. Сәнді сөзге айналған «жол карталарын» шенділер соңғы жылдары көптеп сызғаны соншалық, қай картамен бағыт-бағдар ұстарыңды білмей адасатын халге түстік. Ал ондағы бір-біріне сілтейтін бағдарламалар құпия қазына туралы дерек жасырған квест ойынын еске салады. Бейнебір мемлекеттік тапсырмамен дайындалған квест іспетті. Ал әзірге қарапайым жандардың нақты не жасалғанын қолмен ұстап, көзбен көріп отырғанына бәсіміз бар. 

Сөзден іске көшудің аралығындағы алшақтықты біз емес, Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің өзі айтып отыр.  Жақында ғана Мәжіліс спикері президент пен Елбасы тапсырмаларының орындалмай отырғанын сынады. Жыл басында айтылған дүниені бағдарламаға айналдырып, бекітуге 9 айдай уақыт кетіпті. Бір құжатты дайындауға осыншама уақыт жұмсаған үкіметке күйінген Н.Нығматулин «Бір қатынның бір бала табатын кезі болды ғой» деп ашынды. Оның сөзінше, әлі ештеңе басталмаған, ал миллиардтар министрліктің қоржынында текке жатыр. «Ұйқыдан енді оянған» үкіметке ренжіп жатқанымызда көзі ашық, көкірегі ояу жас буын Жастар жылындағы іс-шаралардың орындалуын күтпей шетел асуда. Былтырғы жылдың алты айының өзінде елден 17 мыңнан астам адам кеткен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14%-ға көп. Ал өзге елден бақытын іздегендердің  25%-дан астамы 15 бен 28 жас арасындағы қыз-жігіттер. Жастар да уақыт секілді көп күтпейтінін шенділер түсінер ме екен?

Әділ ҰЗАҚБАЙ

Қазір оқып жатыр

Байқоңырдан «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы алғаш рет ұшырылды

.

«Ареке, дос болайық»: Журналист Арай Есенбектің ісі бойынша тың мәлімет шықты

Арай Есенбек

Айдын Рахымбаев математика пәнінің мұғаліміне BI-дың акциясын сыйлады

.

«Әділет» партиясының қатарына онлайн түрде қосылуға болады

әділет партия