26 Қыркүйек 13:10
...

Жасөспірімдер арасында құмар ойындарға тәуелділер көбейіп жатыр

өқмар ойын, онлайн казино
Фото: Фото: ғаламтордан

Лотерея, спорттық ойындарға бәс тігу, казино... Аты аталған құмар ойындарға ересектермен бірдей жасөспірімдер де әуес. Әсіресе, жасөспірімдер арасында онлайн ойындарға тәуелділердің қатары көбейген.

Жасөспірімдер мен балалардағы құмар ойындарға тәуелділік ата-аналардың, мұғалімдердің және денсаулық сақтау мекемелерінің назар аударуы тиіс күрделі мәселе. Сол үшін ең алдымен оқушылардың салауатты өмір салты мен қызығушылықтарын дамытуға көңіл бөлу маңызды.

Жасөспірімдер арасындағы құмар ойындарға тәуелдік – бала өсіріп отырған кез келген отбасыда кездесуі мүмкін ортақ мәселе. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің барлығының қолында заманауи гаджеттер бар. Олардың бос уақытының басым бөлігі онлайн ойындар мен әлеуметтік желіде өтіп жатыр. Болмашы ойындарға әуестенудің арты жасөспірімдер арасындағы лудоманияның артуына алып келеді.

Қыз балаларға қарағанда ұл балалар құмар ойындарға тез тәуелді болады. Мектеп оқушыларының шамамен 40%-ы құмар ойындардың қауіптілігін түсінбейді. Сол себепті, түсіндіру жұмыстарын алдымен ата-аналар қолға алуы тиіс. Бірақ кейбір ата-аналардың жұмыстан қолы босамайтыны соншалық, баласының күндіз-түні телефонға телміріп не істеп отырғанын елемейді.

Оқушылар өздеріне жаңа хоббиді тез тауып алады және оған оңай бейімделеді. Әрнәрсеге құмар болып келетін жас буын ойыннан жаңа эмоциялар мен адреналин ала бастайды. Жаңа сезімді қайталап сезінгісі келеді. Ересектер арасындағы тәуелділік те осылай дамиды. Алайда жеткіншектердің психикасы нәзік болып келетінін ескерген жөн. Сол себепті ойынға құмарлықтың даму қаупі бірнеше есе артады.

Жасөспірімдер арасында құмар ойындарға тәуелділікті ерте кезеңде анықтау маңызды. Статистикаға сәйкес, аурудың алғашқы белгілері 10 жаста пайда болады. Егер белгілерді дер кезінде байқамасаңыз, бұл кейінірек күрделі мәселелерге алып келеді.

Ата-аналар баланың мінез-құлқындағы төмендегідей өзгерістерден сақ болуы керек:

Жасөспірім ойынға жұмсайтын уақытын бақыламайды. Уақытының басым бөлігін ойынға жұмсап, тоқтауы қиын болады.

Бала ойынға беріліп, шынайы өмірдегі құбылыстарды елемейді. Мектептегі, үйдегі жауапкершіліктен қашады. Бар уақытын гаджеттердің алдында өткізуді жөн санайды.

Жасөспірім спортпен шұғылдануды, сабақ оқуды, құрдастарымен араласуды қояды. Ол өзін қоғамнан оқшаулап, құрдастарымен араласқан жағдайда тез қақтығысып қалады. Сабақ үлгерімі нашарлайды.

Құмар ойындарға тәуелді балалардың көңіл-күйі өзгереді. Олар ашуланшақ болып келеді. Ойынға шектеу қойылса, бірден агрессия көрсетеді.

Гаджеттерге ұзақ уақыт жұмсап, телефонға телмірудің арты құмар ойындарға тәуелділіктің алғашқы белгілерін туындатады.

Ойынға тәуелді жасөспірім өзіндегі мәселені мойындамайды. Ол туралы сөйлесуден де үзілді-кесілді бас тартады.

Бұл белгілер құмар ойындарға тәуелділіктің әртүрлі кезеңдерінде пайда болатынын және жасөспірімнің жеке ерекшеліктеріне байланысты өзгеретінін атап өткен жөн.

Жасөспірімдер арасында лудоманияның дамуына әртүрлі факторлар әсер етеді.

Балалар интернет
ғаламтордан

Аурудың дамуына ықпал ететін негізгі себептер:

Психологиялық факторлар. Кейбір жасөспірімдер ойынды проблемаларды, күйзелісті немесе уайымды жеңудің әдісі ретінде пайдаланады. Ойын арқылы тыныштық іздейді.

Әлеуметтік орта. Баланың арласатын ортасы ойынға тәуелділіктің дамуына үлкен әсер етеді. Мысалы, жанындағы достары немесе отбасы мүшелері ойынға құмар болса, баланың бойында да ойынға деген бейімділік пайда болады. Ортасымен бірге уақыт өткізіп, ойынның тұзағына түсе бастайды.

Интернет. Интернетке оңай қол жеткізу жасөспірімдердің виртуалды әлемде көбірек уақыт өткізуіне себеп болады. Гаджеттердегі онлайн ойындар мен әлеуметтік платформалар мектеп оқушыларын өзіне тартады және қызықтырады.

Жалғыздық. Өмірде құрдастарымен қарым-қатынастың болмауы балаларды виртуалды кеңістікте дос іздеуге итермелейді. Ойындардың көмегімен олар өздерін алдаусыратады.

Баламалы әрекеттердің болмауы. Егер жасөспірімнің қызығушылығы немесе хоббиі болмаса, ойындар уақытты өткізудің негізгі әдісіне айналады.

Генетикалық және биологиялық факторлар. Зерттеулер көрсеткендей, генетика ойынға тәуелділіктің дамуында маңызды рөл атқарады.

Жасөспірімдердегі ойындарға тәуелділіктің патогенезі емделмеген жағдайда ауыр зардаптарға алып келеді. Ойынға тәуелділік ми деңгейінде дамиды. Құмар ойындарға тәуелділік қуаныш гормоны – дофаминді арттырады. Лудоман ойыннан көбірек ләззат ала бастайды, ал ми оны жағымды сезім ретінде қабылдайды. Бұл патологиялық байланыстың қалыптасуына және ойын ойнауға кеткен уақытты бақылауды жоғалтуға алып келеді.

Казино
pixabay.com

Балалардағы компьютерлік ойындарға тәуелділіктің денсаулыққа ауыр зардап әкелетінін атап өткен жөн. Оларға психиканың нашарлауы, әлеуметтік оқшаулану, физикалық шаршау жатады. Құмар ойындарға тәуелділік ойынға деген қарапайым құмарлықтан бастап патологиялық тәуелділікке дейін бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңде бала жай ғана ойындарға қызығушылық танытады. Ол компьютерде немесе телефонда көп уақыт өткізе бастайды.

Екінші кезеңде аол ақырындап баланың хоббиіне айналуы мүмкін. Ол ойын үшін сабақтан қала бастайды, үй шаруасын елемейді немесе басқа іс-әрекеттерге қызығушылығын жоғалтады. Осы уақытта аурудың алғашқы белгілері пайда болады. Мысалы, ойнауға мүмкіндік болмаған кезде ашулану немесе үнемі телефонмен ойын ойнауға асығу.

Үшінші кезең ойын ойнауға кеткен уақытты бақылай алмаумен сипатталады. Бала ойынды жалғастыру үшін физикалық белсенділікті, әлеуметтік байланыстарды және тіпті негізгі қажеттіліктерді елемейді. Өз құмарлығын басқалардан жасырып, қоғамнан оқшауланады.

Төртінші кезеңде құмар ойындарға тәуелділік патологиялық сипатқа ие болады. Оқушы ақырындап шынайы өмірге қызығушылығын жоғалтады, ойынға кеткен уақытты бақылауды тоқтатады, ойнауына шектеу қойылса, ашуланып шыға келеді. Сонымен бірге мектепте, достарымен және отбасында күрделі мәселелер туындайды.

Қиын жағдайда балалар бір мезгілде құмар ойындарға тәуелділіктің бірнеше түрін бастан кешіреді. Ата-аналар лудоманияның алкоголизм немесе нашақорлық сияқты ауру екенін түсінуі керек. Сондықтан аурудың асқынғанын күтпей-ақ, баламен құмар ойындарға тәуелділіктің бастапқы кезеңінде жұмыс істеген жөн.