6 Желтоқсан 18:50
...

Жасыл экономика: Тұрақты дамуы мен ғылыми маңызы

Жасыл экономика
Фото: ғаламтордан

Түркістан облысы – жасыл аймаққа айналу мақсатында ауқымды экологиялық жобаларды жүзеге асырып жатқан өңір. Соның ішінде, заманауи тұқымбақтар аймақтың табиғи ресурстарын көбейту мен экожүйені жақсарту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен ашылған тұқымбақтар осы бағыттағы жұмыстың нәтижесін көрсетуде.

Облыстағы “Жасыл аймақ” мекемесіне қарасты тұқымбақтар жалпы 240 гектар аумақты қамтиды. Бұл жерде 25-тен астам ағаш түрі, соның ішінде қылқан жапырақты, жапырақты және бұталы ағаштардың алуан түрлері өсірілуде. Көшеттердің жалпы саны 5,7 миллионнан асып, өңірді көгалдандыруда маңызды рөл атқарып келеді. Сонымен қатар, заманауи әдістерді қолдана отырып, 576 шаршы метрлік жылыжайда сирек кездесетін сәндік ағаштар өсіру қолға алынған.

Ағаштардың өнімділігі мен санын арттыру мақсатында тұқымбақта жаңа технологиялар енгізіліп, мыңдаған тонна тұқым себілді. Осы жылдың көктемінде жасыл белдеудегі орман алқаптарын толықтыру үшін 760 мың дана ағаш көшеті отырғызылып, аудандар мен қалаларға 411 мыңнан астам көшет таратылды. Күз мезгілінде де бұл жұмыстар жалғасын тапты.

Облыс көлемінде тұқымбақтардың жалпы аумағы 253 гектарға жетіп, олардың бір бөлігі заманауи технологиялармен жабдықталған типтік питомниктерде орналасқан. Уақытша тұқымбақтарда өсіріліп жатқан көшеттердің саны 35 миллионнан асса, бұл көрсеткішті алдағы уақытта 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.

Заманауи тұқымбақтар Түркістан облысының экологиясын жақсартуда және аймақты көгалдандыруда негізгі рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл бастама тек өңірдің ғана емес, тұтас елдің тұрақты дамуындағы маңызды экологиялық қадамдардың бірі ретінде қарастырылуда.

Бүгінде еліміздің әр өңірінде жасыл экономикаға көшу, экологиялық мәселелерді шешу бойынша түрлі жобалар атқарылуда. "Жасыл" экономика – бұл экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін біріктіретін тұрақты даму тұжырымдамасының негізі. Ол табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру, қоршаған ортаға қысымды азайту арқылы табиғи капиталды арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл тұжырымдама теңсіздікті азайту, өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Жасыл экономика идеясы соңғы екі онжылдықта әлемдік деңгейде кеңінен таралып, қаржы институттары, кәсіпкерлер, үкімет өкілдері және тұтынушылар арасында қолдау тапты. Оның негізінде үш аксиома жатыр: шектеулі кеңістікте әсерді шексіз ұлғайту мүмкін емес; шектеулі ресурстармен шексіз қажеттіліктерді қанағаттандыру мүмкін емес; және Жер бетіндегі барлық нәрсе өзара байланысты. Бұл тұрақты экономикалық өсу емес, тек тұрақты дамуды қамтамасыз етудің мүмкін екенін көрсетеді. "Жасыл" экономика концепциясы қазіргі экономикалық жүйенің жетілмегендігін айғақтайды. Экономикалық даму көптеген оң нәтижелер әкелгенімен, экологиялық проблемалар, табиғи ресурстардың сарқылуы, әлеуметтік теңсіздік және энергия тапшылығы сияқты салдарлар адамзаттың болашағына қауіп төндіруде. Адамдардың әл-ауқатын жақсартатын және ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылыққа қол жеткізетін жүйеге көшу қажеттілігі артып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауында жасыл экономиканы дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы энергияны тиімді пайдалану және басқа да ресурстарды үнемдеу бойынша нақты нормативтер енгізуді тапсырды. 2029 жылға қарай энергия шығынын 15%-ға азайту мақсат ретінде белгіленді. Электр қуаты, су және жылу – адамның күнделікті өміріне қажетті ресурстар. Сондықтан оларды үнемдеу мен тиімді пайдалану жасыл экономиканың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Экология мен тұрақты даму мәселелері жаһандық деңгейде маңызды тақырыпқа айналғандықтан, Қазақстан да бұл үдерістен қалыс қалмауы тиіс. Осы негізде қазіргі таңда Түркістан облысында да жасыл экономиканы дамыту, «жасыл аймақ» секілді жобалар біртендеп дамып келе жатыр.

Жасыл экономика қоршаған ортаға залалды азайтып, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз ететін басты факторға айналады. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, энергия үнемдеу және қалдықтарды өңдеу бойынша инновациялық шешімдер адамзат болашағын жарқын ететін тетіктер болып табылады.

Жасыл экономиканың ғылымдағы маңызы

Жасыл экономика ғылымның дамуы мен қоғамның тұрақты болашағын қамтамасыз ету жолындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Оның ғылымдағы рөлі табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық проблемаларды шешуге және әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға негізделеді. Бұл тұжырымдама ғылым мен инновацияларды бір арнаға тоғыстыра отырып, табиғи капиталды сақтауға және қоғамның әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.

Жасыл экономика жаңартылатын энергия көздерін зерттеу мен енгізу арқылы энергетика саласында ғылыми революцияны тудырды. Күн, жел, су және биоэнергияны тиімді пайдаланудың әдістерін зерттеу бүгінде жаңа технологиялардың пайда болуына әкелді. Бұл зерттеулер қоршаған ортаға зиянды азайтып қана қоймай, экономиканың жаңа секторларын дамытуға жол ашады. Мысалы, жел және күн панельдерін өндіру мен олардың тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулер бұл саланың қарқынды дамуына ықпал етті. Ғылым жасыл экономиканың негізгі мәселелерін шешуге арналған нақты құралдарды ұсынады. Қалдықтарды басқару мен қайта өңдеу саласында ғылыми зерттеулер тиімді шешімдер әзірлеуге көмектесуде. Экологиялық қауіпсіз өндіріс технологиялары қалдықтардың көлемін азайтып, олардың қоршаған ортаға әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қайта өңделген материалдарды пайдалану арқылы өндірістік процестердің экономикалық тиімділігін арттыру мүмкін болып отыр.

Ауыл шаруашылығында да жасыл экономика маңызды рөл атқарады. Экологиялық таза агротехнологиялар мен биотехнологияларды дамыту топырақтың құнарлылығын сақтауға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуға көмектеседі. Жасыл экономика биологиялық әртүрлілікті сақтауға бағытталған зерттеулерді қолдай отырып, экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес жасыл экономиканың тағы бір маңызды бағыты. Ғылыми зерттеулер атмосфераға парниктік газдардың шығарылуын азайтудың және климаттық тепе-теңдікті сақтаудың тиімді әдістерін ұсынады. Бұл зерттеулер тұрақты даму стратегияларын әзірлеу үшін негіз болып табылады. Жасыл экономика табиғат пен адамзаттың арасындағы тепе-теңдікті сақтауды көздейді. Ғылымның бұл саладағы рөлі болашақ ұрпақтарға тұрақты экологиялық және экономикалық жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ол қоғамды табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға бағыттайтын маңызды тетікке айналды. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен жасыл экономикалық қағидаттарды өңірлердің басты күн тәртібінде қояр болсақ, өңірдің экономикалық тиімділігін арттыра аламыз.