Жас ғалым: Мамандықтың атауын – «Дене мәдениеті және спорт» деу қажет
Дене тәрбиесі немесе дене шынықтыру пәні ғылымға жата ма? Бұл сауалды бұл саланың астарына терең үңілмейтін кез келген адам қоятын шығар. Шын мәнінде, мұның ғылым екенін дәлелдеп келе жатқан жас ғалым Ермаханов Бағлан Өмірзақұлы Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде алған білімін Түркияның Гази университетінде жетілдіріп келді.
– Жалпы, дене тәрбиесі мамандығын таңдап, бұл салада жетістікке жетіп жатқан ғалымдар жоқтың қасы. Бізде дене тәрбиесі сабағынан беретін мамандарға деген құрмет те төмен сияқты ма, қалай?
– Дұрыс айтасыз. Өкінішке қарай, қоғамда дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға немқұрайлы қарайды. Әншейін доп лақтырып, ойнап жүрген адам санайды. Жас болсам да осы мәселеге қарсы күресіп келемін. Өйткені, «Дене шынықтыру ғылым ба?», «Дене шынықтыру білім бе?», «Шетелде бұл саланы неғып оқып жүрсің?» дейтіндер көп. Дене шынықтыруды 45 минутта арнайы жоспар бойынша өткізетін болсақ, ол гимнастика, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол болсын, бұдан ауыр сабақ жоқ. Оның нормативтері өте қиын. Өкініштісі, ұлттық бірыңғай тестілеу болсын, мектептегі іс-шара болсын, сенбілік, форумдар болсын оқушылар мен студенттерді дене шынықтыру сабағынан босата салады. Яғни, мұның бәрі бұл пәнге немкетті қарау көзқарасынан туындайды. Бұл – дұрыс емес. Шыны керек, мектепте дене шынықтыруды оңай пән ретінде қарайды. Ал мұны зерттеп, зерделейтін болсақ, бұл да іргелі ғылым. Шыңына жету үшін іздену керек. Сол адам ғана бұған үлкен мұхит сияқты қарап, ғылым ретінде көзі жетеді.
Бұл салада үш ұғым бар. Біреулер – «дене шынықтыру», енді бірі – «дене тәрбиесі», үшіншісі – «дене мәдениеті» дейді. Үшеуінің ара-жігін ажырату қиын. Былайғы жұрт үшеуін де бір атау деп түсінеді. Осы мәселені әлеуметтік желідегі парақшамда да «Дене мәдениеті ме, дене шынықтыру ма?» деп ой тастадым. Мәселен, ағылшындар «дене мәдениеті» десе, орыстар «физическая культура» дейді. Ал түріктер де денені тәрбиелеу десе, өкінішке қарай Қазақстанда ғана «Дене шынықтыру» дейді. Ал мамандықты – дене шынықтыру және спорт деп атап кеттік.
Бұл жерде мамандық атауының ауқымы тар болып қалған. Демек, бұл салаға ғылым ретінде немқұрайлы қараудың өзі мамандық атауынан басталып тұр. Ал дене шынықтыру мектептегі дене тәрбиесі сабағының басындағы он минуттық процесс қана. Біздегі бүкіл білім беру бағдарламасында, яғни жоғары оқу орнында, магистратурада, докторантурада «Дене шынықтыру және спорт» деп оқытылады. Сонда дене шынықтыруды бір ғана бөлім ретінде қарайтын болсақ, одан кейінгі орында дене тәрбиесі тұруы керек. Ал мектепте дене шынықтыру емес, дене тәрбиесі деген сабақ өтуіміз қажет еді. Біз алдымен баланың денесін тәрбиелеуіміз керек. Салауатты өмір салтын ұстануға, тазалыққа, жалпы баланың отырысынан бастап, қалыптасуына дейін тәрбиелеп, одан кейін ғана денесін шынықтыруымыз керек. Ал бұл екеуінен де жоғары тұратын – дене мәдениеті. Бұған интиллигент ретінде қарауымыз қажет. Қоғамда мәдениеттің рөлі қандай жоғары екені түсінікті. «Мәдениеті дамыған өркениетті ел» деп айтып жатамыз ғой. Сондықтан үш саланың ішінде дене мәдениетіне басқаша көзқараспен қарау қажет. Адам мәдениетті болу үшін дене шынықтыру, дене тәрбиесінен өтіп, одан кейін дене мәдениетіне қарай ойысып, қалыптасуы керек. Демек, мектепте сабақ атауын – «Дене тәрбиесі» деп өзгерту керек. Ал мамандықтың атауын – «Дене мәдениеті және спорт» деп атау қажет. Себебі, бакалавр мамандарын дайындау барысында тек олардың денесін шынықтырмаймыз, спортқа үйретпейміз, біз оларға білім, тәрбие беріп, ғылымға баулимыз. Осылайша, қоғамда беделін көтеріп, мамандыққа деген құрметті арттырамыз. Ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін кадрлар керек.
– Елімізде ғылымды дамытуға деген көзқарас жақсарып, жас ғалымдарға деген қолдау көрсетіліп келеді. Шынымен, оң өзгеріс байқала ма?
– Әрине, соңғы кезде байқалады. Жалпы, ғылым саласына, жас ғалымдарға Қазақстанда ғана емес, әлемде қолдау білдіреді. Себебі, ғылымы дамыған мемлекет кез келген салада дамуға бейім. Өйткені, барлық нәрсені ғылыммен байланыстырамыз. Медицина, технология, IT саласы болсын. Өзімнің ғылымға келгеніме бес-алты жыл болды. Жоғары оқу орны аясында да жас ғалымдар кеңесі құрылады. Одан кейін Ұлттық ғылым академиясында да жас ғалымдар кеңесі бар. Оған әртүрлі сала ғалымдары мүше.
Оларға жасалатын жағдай – қаржыландыру. Яғни, ғылымға неғұрлым қаржы құйған сайын одан көп нәтиже көреміз. Бір сөзбен айтқанда, ғылымға капитал ретінде қарауымыз керек. Содан кейін мемлекет те ғылымға жақсы көңіл бөлінеді. Қазір оқу орындарында да жас ғалымдарды қолдау, абыройын арттыру мақсатында 40 жасқа дейінгі мамандарға арнайы жас ғалым грантын береді. Бұл да мемлекеттің жас ғалымдарға деген қолдауы. Оларға жалпы байқаудан тыс бөлек байқау өткізеді. Мұнда кез келген сала бойынша қыруар қаржы бөлінеді. Бұл – үлкен мотивация.
Жас ғалымның білікті тұлға болуына, үлкен мектеп ретінде қалыптасуына септігін тигізеді. Себебі, ол сол жоба аясында көп ізденеді, еңбектенеді, жетістікке жетуіне мүмкіндік туады. Зерттеу мақаласын, монография, оқу құралын жазады. Қазақстан республикасы үздік оқытушылары арасында да жас ғалымдар саны артып отыр. Егер «Сен әлі жассың, магистратура мен докторантураны кеше ғана бітірдің. Әлі саған біраз еңбектену керек» деп бөліп тастайтын болса, ғылымға деген көзқарасы мен қызығушылығы төмендеп кетуі мүмкін. Керісінше, университет қабырғасынан бастап жас ғалым ретінде көмек көрсетіп, іс-шараларға тартып, ғылымды басқаруға баулыса мәнсап баспалдағын еркін аттайды. Бұл қолдау қазір анық сезіледі.
– Кезінде ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейтін ғалымдардың жалақысы да төмен болды. Тіпті, «жастардың дені шетелге кетіп жатыр» дегенді де естідік. Қазір ғалымдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарды ма?
– Парламентте заң жобасы қаралған кезде де ғылым саласына бөлінетін қаржының көлемін көбейту, олардың ғылыми дәрежесіне сай еңбекақысын арттыру мәселесі де айтылды. Яғни, PhD, қауымдастырылған профессор жалақысына қосымша арнайы үстемақы қосылады. Меніңше, бұл салаға неғұрлым қаржы бөлген сайын ғалымдардың ғылымды дамытуға деген ынтасы артады. Ал оның әлеуметтік, қаржылық жағдайына байланысты оған берілетін жүктеме қажетті деңгейде бөлінбесе, одан көп нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Әлде де ғалымдардың еңбекақысын көбейтіп, ғылыммен айналысуға қосымша мүмкіндік беріліп жатса, әрине ғылым дамиды. Өйткені, ғылымды көтеретін жоғары оқу орнындағы, ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдар. Өкінішке қарай, бізде мәселе жоқ емес, бар. Өзім Түркияда білім алдым ғой. Сонда түсінгенім, кез келген жұмысқа немқұрайлы қарамай, айтулы нәтижеге жетем деп, бар зейінді осы салаға бағыттап жұмыс істеу үшін сізге жағдай жасалуы керек. Бұл енді әуелі материалдық, одан кейін жұмыс істейтін жайлы орын. Мәселен, Түркияда оқытушылардың, докторлардың, профессорлардың арнайы жеке кабинеті бар. Яғни, ғылыммен айналысуына толық мүмкіндік жасалған. Бізде он-он бес оқытушы бір кафедрада жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұның бәрі реттеледі деп сенемін. Уақыт еншісіндегі шаруа деп білемін.
– Жас ғалымдарға шетелдік Scopus сияқты журналдарда зерттеу мақаласын шығару қиынға соғады, соның салдарынан докторлық диссертациясын қорғай алмай жүргендер көп деп айтады. Нақты кедергілерді атап өтсеңіз?
– Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында білікті профессор, академиктер стипендиясы бар байқауларға құжат тапсырып жатады. Олардың еңбектерін магистрлер қарауы мүмкін. Аты да, істеп жүрген еңбегі де дардай ғалымның еңбегін осы деңгейге жетпеген адам қарайды дегенді естиміз. Ал Scopus журналында мақала жариялауға келгенде бар дүниені ақшамен байланыстыруға болмайды. Мұны шынайы зерттеп қарағанда ешқандай ақысыз, жарна төлемей-ақ мақала жариялауға мүмкіндік бар. Әрине, журналға да қаржы көзі керек шығар. Қабылданған мақаланы әлемнің әр елінен тәуелсіз рецензенттер қарайды. Бәлкім, солардың еңбеақысы немесе қаламақысы ретінде бөлінетін қаржы немесе журналдың безендірілуіне жұмсалатын шығынды ақтау үшін ақылы журналдар бар. Сол үшін уақытша жарияланатын басылым да жетерлік. Кей жағдайда ғалымдар, докторанттар сондай журналға ұрынып қалады да, диссертациясын қорғайтын кезде ешкім кепілдік бере алмайды. Яғни, әлгі журнал Scopus базасынан түсіп қалса, докторантураны қорғаудың ереже стандартына сәйкес, мақала жарияламағандықтан кедергісі тиеді.