29 Мамыр 08:40

ЖАП және 36,4 млрд теңге. Ұлытау облысының әкімі қашан отставкаға кетеді?

Ұлытау
Фото: Коллаж NEGE

Экс-премьер Әлихан Смайылов ҚР Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) төрағасы лауазымындағы жұмысын белсенді бастады. Смайыловтың биыл 2 сәуірде тағайындалып, ертеңінде-ақ Мемлекет басшысының қабылдауында отыруы тегін болмаса керек, сірә.

Тұрақты оқырманымыздың хабарлауынша, Әлихан Смайылов Мемлекет басшысынан карт-бланш алған. Бұдан бөлек, оның «экс-премьер» деген атағы да әкім-қаралардың алдында солқылдақтық танытуға мүмкіндік бермейді. Мақтаулы премьер болмағанын, сондықтан бұл қызмет өзін көрсетуге қайталанбас мүмкіндік екенін Смайыловтың өзі де жақсы түсінеді.

Жуырда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Жоғары аудиторлық палатаның Ұлытау облысында 2022-2023 жылдары бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындылары қаралды.

ЖАП
Фото: gov.kz

Рас, Ұлытаудың кірісі өткен жылы 2,1 есеге артып, 169 млрд теңгеден асыпты. 2022 жылы кіріс шамамен 90 млрд теңге болған. Бірақ бұл өсім өңірдегі жүйелік кемшіліктердің көлеңкесінде қалып қоятын сыңайлы.

Мәселен, ЖАП қорытындысында былай дейді: «Облыс құрылған күннен бастап қордаланған өңірлік проблемаларды іс жүзінде шешу бойынша пәрменді шаралар қабылданбаған. Кешенді жоспарда қолда бар сумен жабдықтау, кәріз және су бұру желілерін жаңартуды не тозудың жоғары деңгейін төмендетуді талап ететін іс-шаралар қамтылмаған. Жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт объектілерін салу, сондай-ақ қолданыстағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеу деңгейі төмен».

Аудиторлар жылу жүйесі, ауыз су, су жүйесі, жол, балабақша, денсаулық спорт пен мәдениет және де басқа салаларды шұқшия тексере келе, 36,4 млрд теңгенің бұзушылықтарын анықтаған. Оның ішінде:

4,1 млрд теңге – қаржылық бұзушылықтар;

1,7 млрд теңге – бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлау;

7,8 млрд теңге – бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану;

22,8 млрд теңге – шығындар мен жіберіп алған пайда;

12 жүйелік кемшілік пен 203 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды.

Ұлытау
Фото: gov.kz

Берекесіздіктің ең көбі шығындар мен жіберіп алған пайда екен – 22,8 млрд теңге. Шығындардың қайда жұмсалғаны әзірге белгісіз. Оны құзырлы органдар анықтай жатар. Ал енді «жіберіп алған пайда» деген анықтама әкім Берік Әбдіғалиұлы үшін абырой емес. Бұл – «қолда барды ұқсата алмау», «шайнап бергенді жұта алмау», «мүмкіндікті пайдалана алмау» деген сөз ғой! Мұндай әкімді Президент басынан сипай қояр ма екен?

Тоқетерін айтайық, бір кездері Арқалықтың әкімі болғанда «Ақ Берік» атанған, ақындар өлең жазып, студенттер ән шығарған Берік Әбдіғалиұлына үлкен әрі жаңа облысты басқару ауырлық етіп жүрген сыңайлы... 

Бізге жеткен дерекке сенсек, Берік Әбдіғалиұлы көп ұзамай Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылуы мүмкін. Бұған тікелей және жанама сипаттағы себеп көп: су тасқынынан бастап, өңірдегі жемқорлыққа дейін. Дегенмен ЖАП тексеруінің қорытындысы басты себеп болуы ғажап емес. Мәселе Смайыловтың Мемлекет басшысына көзі көрген жайтты қаншалықты «майын тамызып» баяндап беруіне байланысты болмақ.

Биыл наурызда Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі мен Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшылары пара алып істі болып, 6 жылға сотталды. Осыған байланысты NEGE редакциясы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының атына ресми сауал жолдаған-ды.

«Осы салаға жауапты облыс әкімі аппаратаның басшысы Абзал Жайлыбаевқа жаза қолданылды ма?

Қарамағындағы қызметкер жемқорлық бойынша сот үкімімен кінәлі деп танылған жағдайда тікелей басшысы қызметінен кетуі керек. Сот үкімі күшіне енген соң А.Жайлыбаев отставкаға кете ме?», – деген сұрақтарды қойғанбыз.

Жауап
Фото: NEGE

Әкімге жолдаған сауалымызға ...Жайлыбаевтың орынбасарынан жауап келді. «Отставканы кабылдау немесе одан бас тарту туралы шешімді мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы мемлекеттiк лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды», – дейді ол. Яғни Жайлыбаевтың отставкасына қатысты соңғы сөзді әкім айтуы керек болған.

Облыс әкімінің аппарат басшысы А.Жайлыбаевтың отставка туралы арыз жазған-жазбағанын білмейміз. Жазса да, арызын әкім жыртып тастаған шығар, бәлкім. Жаза қолданылды ма, жоқ па – ол да белгісіз.

Аппарат басшысы
Фото: gov.kz

Анығы сол, Жайлыбаев жайлы орнында әлі отыр екен. Ал оның қарамағында жұмыс істеп, кейін пара алып сотты болғандардың отырған жері аса жайлы болмаса керек...