Жамбыл облысының мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасына арналған дөңгелек үстел өткізді

Республиканың әр өңірінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар өз жалғасын тауып жатыр. Ұлт ұстазын ұлықтауға арналған шарадан Жамбыл облысы да шет қалған жоқ.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы Ұлттық білім жүйесінде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараны Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушы спикерлер де осал емес. Олар Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық білім жүйесіндегі ғылыми мұрасын жан-жақты талдап, өскелең ұрпақтың бойына дарытудың тиімді жолдарын ұсынды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мұқашев Темірбай Әлиұлы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық мәдениетті, ұлт өркениетін дамытудағы шығармашылық мұрасын талдап шықты.
Ал «Ұстаз» институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абдыкадырова Тұрсынай Рыстайқызы «А.Байтұрсынұлы мұрасы және қазіргі кезең» тақырыбын терең қаузады.
Сонымен қатар, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері Мадияр Ералыұлы «Ахметтің жастарға аманаты» атты баяндамасында ұлт ұстазының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұралары туралы кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін оқытудың маңызы, «Әдебиет танытқыш» еңбегі, Ахметтің қазақ тіл біліміне қосқан үлесі және «Ахметтану» курсы: коммуникативтік дағды мен функционалдық сауаттылық» тақырыбы аясында ой бөлісті.
Мұндай шараларды жиі өткізудің маңызы өте зор. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі, қазақ әліпбиі үшін еткен еңбегінің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр. Оның тәлім-тәрбиеге толы ойларының негізінде оқушылардың бойына ұлтжандылық, адамгершілік, білімге құштарлық қасиеттерін дарыта аламыз.
Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері құндылығын жоғалтпайтын асыл мұра. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге қатысқан спикерлердің айтқан ойлары айқын дәлел. Ұлттық білім жүйесіндегі ұлт ұстазының мұрасын дәріптеу мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай да жалғасын табады.