20 Маусым 14:32
...

Жақсы дәрігер жанға дауа

Денсаулық
Фото: egemen.kz

«Медицинаға деген сүйіспеншілік бар жерде, адамзатқа деген сүйіспеншілік бар» деген екен ежелгі Гипократ. Осы ретте медицина саласында сапалы қызмет жасап, көптің алғысына бөленіп жүрген бірқатар медицина мамандарын оқырманмен етене таныстырсақ дейміз. Қызметке адалдығының арқасында қошеметке бөленген мамандар еңбек жолы мен дәрігер боламын дейтін жастарға өзіндік тәжірибесін бөлісті.

Мырзалы Тәшімбетов, Балалар мен ересектер ЛОР дәрігері:

ЛОР
М.Тәшімбетовтың жеке мұрағатынан

– Мен бала кезімнен дәрігер болуды мақсат еттім. Бірақ 5 жасымда абайсызда құлағымды кесіп алдым. Үлкен ағам хирург еді, сол кісі есейген шағымда «Мынадай кесік құлақпен сені жалпы медицинаға алмайды» деді. Ұнжырғам түсіп, тым болмаса тіс дәрігері болармын дедім. Бірақ мектепте жоғары сыныпта әскери комиссариаттан өткен кезде ЛОР дәрігер: «Құлағыңда ақау жоқ», – деген соң қайта жалпы медицинаны таңдауға бекіндім. Сөйтіп,1992 жылы қазіргі Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің «Балалар аурулары» кафедрасына оқуға түстім. Ал 1998-2000 жылдары аралығында ЛОР бойынша клиникалық ординатурада дәрігерлік білімімді жетілдірдім. Бұдан соң құлақ, тамақ және мұрын ауруларының қыр-сырын тереңінен меңгеру мақсатында білімімді жетілдіруге тырысып, 2005 жылы мұрын эндоскопиялық хирургиясын, ал 2008 жылы Германиядан құлақ микрохирургиясын меңгеріп келдім. Мамандығым бойынша айтар болсам, мұрын, құлақ және тамақ бір-бірімен өте тығыз байланысты. Яғни, бірінде ақау болып, ол уақытылы емделмей, асқынар болса әлбетте екіншісіне әсер етеді.

Қазіргі таңда аллергиялық аурулар көп, салдарынан мұрында полип туындайды. Мұрын пердесі қисық адамдар да осындай мәселеге душар болады. Басы ауырып, тыныс алуы нашарлап, мазасыздық танытады. Отадан соң тынысы ашылып, жалпы жағдайы жақсарады. Ал тамақ аурулары арасында фарингитпен ауыратындар қатары артып отыр. Олар созылмалы болғандықтан, емдеуге тырысамыз.

Негізі ЛОР хирургиясы пластикалық хирургияға өте жақын. Әр ота сайын адамдар, есту, жұту немесе жақсы тыныс алу қабілетіне оралып, алғыс айтып жатқанда одан рахат аламын. Болашақта ЛОР дәрігер болғысы келетін жастарға айтарым, бұл сала хирургиялық пәнге жататын болғандықтан, ота жасауға қабілеті болу керек. Мысалы, біздің алдымызға небір жақсы оқитын студенттер келеді. Бірақ олардың бәрі бірдей ота жасап кете алмайды. Сондықтан адамға қандайда бір табиғаттан дарыған ептілік керек пе деймін. Білгенімді үйрету мақсатында Қазақ-Ресей медицина университетінде «ЛОР аурулары» кафедрасында резиденттерге дәріс оқып жүрмін.

Әнуар Төлемісов, Қан тамырлары хирургі:

Хирург
А.Төлемісовтың жеке мұрағатынан

– Мен қазіргі Абай облысына қарасты Үржар ауданының тумасымын. Ата-анам жергілікті ауруханада дәрігер болып қызмет жасағандықтан, мен де бала күнімнен медицина маманы боламын деген мақсат қойдым. 2002 жылы Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетіне түсіп, хирург квалификациясын алып шықтым. Одан кейін үш жыл жалпы хирургия бойынша резидентураны оқыдым. Бұдан соң бір жыл Жүрек қан тамырлары хирургиясы бойынша Алматы қаласындағы №12 аурухананың хирургия бөлімінде даярлықтан өтіп жүргенде, қан тамырлары хирургтарының жұмысына қызығушылық таныттым. Сөйтіп, мен де осы жолда оташы боламын деп түйіндедім. Көпшілік «мамандық пен жар таңдауда қателеспеу керек» дейді ғой. Мен қос таңдауыма дән ризамын. Жарым да офтальмолог дәрігер. Сондықтан жұбайым әрдайым жұмысыма түсіністік танытып, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы мамандандырылған Хирургия институтында қызметтемін. Мұнда Асқар Аманжолұлы сынды бірқатар білікті мамандар дертіне дауа іздеген жандарға қуаныш сыйлап жүр. Негізгі жұмысымыз қан тамырлары және жүрек хирургиясымен байланысты. Күніне 15-20 дейін ота жасаймыз. Қазір медицинаның дамығаны сол – жүрекішілік қантамырларына теріні кеспей, ангиография көмегімен ота жасалынады. Содан кейін бас миының тамырлары мен варикоз, тромбтық аурулардың алдын алу мақсатында лазердің көмегімен түрлі оталар өтеді.

Қан тамырлары хирургі болу үнемі білім жетілдіруді талап етеді. Осы ретте әрдайым түрлі конференциялар мен, жиындарға, талқылаурарға қатысып, медицина саласындағы жаңалықтармен танысып отырамыз. Егер өзімізге қатысты қандайда бір тыңнан қосылған жаңашылдық болса, оны тәжірибемізде қолдануға тырысамыз. Әр пациенттің организмінде өзіндік ерекшелік болады. Оның әрқайсысы бізге сабақ.

Негізі медицинадағы әр бағыттың өзіндік маңыздылығы бар. Дегенмен, қантамырлары хирургиясы өңгелерімен салыстырғанда күрделі болып келеді. Бұл адам ағзасындағы қан тамырлары жүйесінің нәзіктігімен байланысты. Сондықтан бұл салаға келген жас маманнан оқу мен қажырлы еңбекті талап етеді. Әр ота жасайтын дәрігер хирургияға тәуелді. Яғни, күн-түн демей науқастың қажеттілігіне сай жұмыс жасауға тиіс боласың. Емделуші сауығып кепейінше тыным таппаймыз.

Алинұр Қанатқызы, терапевт:

Дәрігер
А.Қанатқызының жеке мұрағатынан

– Мектепте оқып жүрген кезде әкемнің қан қысымы көтеріліп, аяқасты реанимацияға түсіп қалды. Бұл әке тәрбиесінде өскен мен үшін ауыр соққы болды. Содан орта мектепті бітірген соң дәрігер боламын деп түйіндедім. Он бір жылдықты ойдағыдай бітірген соң өзіме іштей берген сертім бойынша Семей медицина академиясына құжаттарымды тапсырдым. Онда 5 жыл интернатураны оқыдым. Ол Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде жалғасын тапты. Әрине, алғашында оңай болмады. Бірақ ата-анамның «адам өміріне жауапкершілікпен қара. Сондықтан табанды бол» деген сөздері маған серпін берді. Сол кісілердің қолдауы мен артқан үмітінің арқасында медицина маманы болып қалыптастым. «Оқу – инемен құдық қазғандай» дейді. Қазір резиденурада оқып жатқан жайым бар. Адам анатомиясына қызығушылығым болғандықтан, алда КТ, МРТ, және жүрек диагностикасын жүргізуді меңгерсем деймін.

Білуімше, әйел адамға медицина маманы болу өте қиын. Себебі, тұрмыста бала тәрбиесі, атқаруға тиіс үй шаруасы бар. Өзіміз алдымызға келген пациентке «ана мен бала жақын болуы керек», – дегенімізбен, өз басымызда бәрі басқаша болуы мүмкін. Бірақ менің жолдасым мен балаларға қарайласқан енемнің қолдауы арқасында жұмыс пен оқу арасында жүгірістеп, мансабымды тұралатпай келе жатқан жайым бар.

Терапевт маманның артықшылығы – ауырып қалған адам алдымен біздің алдымызға келеді. Ал біз өз кезегінде емделушінің сырқатын дер кезінде анықтап, диогностикалық зерттеулер мен қан талдамасынан өткізіп, қажетті емшара тағайындаймыз. Алматы қаласындағы №21 емханада қызмет істейтін болғандықтан, жергілікті тұрғындармен етене тығыз байланыстамын. Бізге артылатын бірден бір міндет – уақытты оздырмай, емделушіге дереу медициналық көмек көрсету.

Сондай-ақ құжат толтыру барысында мұқияттылық қажет. Мәселен, еңбекке жарамсыздық парағы пен мүгедектікке шығу құжаттарын толтырамыз. Скринингтен өткізу жағы да бізге жүктеледі. Міндетім бойынша бес жастан жоғары емделушілерді қабылдаймын. Алдыма әр адам түрлі сырқатпен келеді. Мінездері де әрқилы. Біреу іштей қолдауға зәру болса, біреу күйзелісте жүруі мүмкін. Осы жағын да ескеріп, емделушілерге медициналық әрі психологиялық тұрғыда көмек беруге тырысамыз.

Меруерт Сейдлазым, гематолог:

Сейдлазым
М.Сейдлазымның жеке мұрағатынан

– Мен Алматы үздіксіз білім беру университетінің түлегімін. Студент шақта №7 Қалқаман ауруханасына жолым түсті. Сол жерде Гүлнар Мұхитқызы атты гематолог дәргердің қызу жұмыста жүргенін көріп, осы салаға қызығушылығым артты. Сөйтіп, 4-ші курста таңдау жасау бақыты бұйырғанда, гематолог боламын деп шештім. 

Гематология саласы өз ішінде екі бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі – қан түзетін органдар жүйесінің қатерлі ісіктерін, екіншісі – қан жүйесі жұмысының бұзылуынан туындайтын паталогияны анықтайды. Қан адам баласының тұла бойына тегіс тарайтын болғандықтан, бұл ғылым басқа сырқаттарға қарағанда терең зерттеуді талап етеді. Мәселен, науқастың сүйегі сынса, рентгеннің көмегімен қай жерде олқылық барын бірден білуге болады. Ал гематологияда адам қанында қандайда бір өзгеріс болса, әр клетканы зерделеуге тура келеді.

Бұл Қазақстанда енді қолға алынып келе жатқан сала. Сол себептен қазіргі таңда гематолог мамандар да өте аз. Салдарынан анемияны терапевт мамандарға емдеу жүктеледі. Ал әсілінде қан аздық уақытылы емделмесе, оның соңы түрлі қан ауруларына алып келуі мүмкін. Осының алдын алып, тиісті ем тағайындау – гематологтардың міндеті. Бұл салада бір оқып алған біліммен шектеліп қалуға келмейді. Қанша жасқа келсең де үздіксіз білім жетілдіруді қажет етеді.

Мысалы, күн сайын түрлі препараттармен таныстыратын көптеген материалдар жарық көреді. Олардың дені алдымен ағылшын тілінде жария болады. Ал орыс және қазақ тіліне аударылғанша арада көптеген жаңашылдық пайда болып, ескісі құндылығын жоғалтып үлгереді. Осы ретте гематолог боламын деген өрендерге о бастан шет тілін меңгерген абзал. Дәрі-дәрмекті де науқастың организміне, қан талдауларына, төзімділігіне және тұрмыстық жағдайына байланысты тағайындауға тура келеді. Осы ретте жан-жақтылыққа және шеберлікке бейім болған абзал.

Денсаулық сақтау министрлігінің өткен жылғы мәліметіне сүйенсек, біздің елде 4 мыңдай дәрігер жетіспейді екен. Өңірлерде неонатологтар, акушер-гинекологтар, педиатрлар тапшы. Ал пандемия кезінде инфекционист мамандардың жетіспейтініне анық көз жеткіздік. Бұдан өзге бүгінгі таңда жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауына жазылу да қиын. Ендеше бұл мәселе ұлт саулығы жолында еңбек еткісі келетін жастарға ой салады деген үміттеміз!