«Зейнеттегі адамның іші пысатын шығар» – Назарбаев пен Путиннің кездесуі жайлы саясаттанушылар не дейді?

Кеше Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлаған еді. «Ол расында Мәскеуде болды және президентпен жеке кездесу өткізді», – деді Песков.
Алайда, олардың не жайында сөйлескені туралы ақпарат берілмеді. Екеуінің қандай мәселе талқылағаны белгісіз. Бір айта кетерлігі, Қазақстанның экс-президенті мен Ресей басшысы өткен жылдың желтоқсан айында ғана кездескен болатын.
NEGE тілшісі осы мәселе турасында саясаттанушылардың пікірін білген еді.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
Путин ақсақалды сыйлап, жарты сағат уақытын қиған болар

– Бәрі белгілі ғой, конспирология басталады. «Олардың арасында саяси байланыс бар» деген әртүрлі болжам айтылып жатыр. Меніңше, бұл жерде бір-ақ нәрсе. Зейнетте жүрген адамның іші пысатын шығар. Өзінің ойын, пікірін айтқысы кеп, әр нәрсеге араласқысы келеді. Бәрібір саясат сахнасында пәлен жыл жүрген адамда сондай бір амбиция қалады. Сосын Путин де ақсақалды сыйлап, жарты сағат уақытын қиған болар.
Оған бола «Бұл екеуі не істеп жүр? Бірдеңе өзгере ме?» деудің керегі жоқ. Ештеңе де өзгермейді. Себебі, Тоқаев 2019 жылы билікке «Назарбаев моделін жалғастырушымын» деп келді ғой. Сондықтан екеуінің айырмашылығы жоқ. Назарбаевтың 33 жыл жасағанын Тоқаев жалғастырып келеді. Бәлкім, одан да белсенді түрде атқарып жатқан шығар.
Екіншіден, адам есейген сайын әңгімелесуді сағынады. Сосын «Мен әлі тірімін. Әлі күнге үлкен саясаткерлермен кездесемін» деп өзін көрсеткісі келеді. Сондай-ақ жеке өздерінің арасында бұрынғы айтқан әңгімелерінің жалғасы болуы әбден мүмкін. Бірақ бұл мемлекеттік деңгейдегі саясатқа қатысы жоқ деп ойлаймын.
Есенжол АЛИЯРОВ, саясаттанушы:
Достық, адамгершілік қарым-қатынас қалады

– Путин Назарбаевты дос ретінде қабылдап жатса, бір жөн. Ал саяси мағынада кездессе де, оны біз біле алмаймыз. Оған болжам жасау да қиын.
Естеріңізде болса, Путин премьерліктен уақытша кеткенде де Назарбаевпен кездесіп жүрді. Әр адам мемлекет басшысы болғанның өзінде де достық, адамгершілік қарым-қатынас қалады. Бұл жүздесуді осы тұрғыдан қарау керек шығар. Себебі ол кісінің де саясатта белсенді атқарған қызметі бар. Бәлкім, кейде іші пысатын да болар. Әлемдегі болып жатқан саяси оқиғалар жөнін талқылай ма, кім біледі? Сондықтан мұны жеке кездесу деп қабылдау керек сияқты.
Оның үстіне Назарбаев пен Путиннің жолығуы туралы басқа алпауыт елдер сөз қылмады. Ал біздің қоғам әбден шошып қалған ба, бірден реакция танытады. «Назарбаев бірнәрсе ойластырып, саяси бетбұрыс жасайын деп жүр» дегенді де естиміз. Бірақ Ресейді көрші деп қабылдау керек. Егер екі елдің қарым-қатынасы дұрыс болмаса, Путин де кездеспейтін еді. Қайта көршімен тату тұрған жақсы емес пе?
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы:
Путин мен Назарбаевтың кездесуі көпвекторлы саясатқа кері әсер етпейді

– Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Путинмен жүздесуі ресми Кремльдің ақпараты арқылы тарады. Қысқа бейнежазбада екі саясаткердің амандасып жатқан сәтін көрсетті. Алайда, екеуара кездесудің мазмұны ашылған жоқ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков Путин мен Назарбаевтың бұл жолығуын «жеке кездесу» деп сипаттады. Яғни, ешқандай ресми күн тәртібі болмаған. Мұны қорытындыласақ, бейресми сипаттағы кездесу деуге негіз бар.
Әрине, жабық форматта өткен соң, күн тәртібі белгіленбеген соң түрлі саяси болжам жасауға түрткі болуда. Саяси символизм тұрғысынан қарасақ, бұл кездесуде екі жақтың да саяси астары бар деуге болады. Өйткені, Ресей сарапшылары «Путин Назарбаевты қабылдау арқылы Мәскеу ескі одақтастарын ұмытпайды және өз уысында ұстайтыны жайында белгі берді» деп жатыр. Енді бір сарапшының айтуынша, «Екеуінің кездесуі Қазақстанның Назарбаев дәуірінде Ресейдің саяси достық бағытын қолдағанын тағы бір айшықтап алғысы келді», – дейді. Себебі, Ресей мен Украина арасындағы соғыста ресми Мәскеу қандай да бір қолдауға мұқтаж екені белгілі.
Ал кездесудің саяси астарына келсек, былтыр да, алдыңғы жылы да екеуі жүйелі түрде жолығып тұрды. Бірақ бейресми тұрғыда кездесті. Дегенмен, бұл жерде бір нәрсені анықтап алу керек. Біріншіден, саяси риторика тұрғысынан алсақ, Назарбаев сияқты елді 33 жыл басқарған көшбасшы биліктен кетсе де, белгілі бір ресми ықпалын сақтап қалады. Оны «көлеңкелі билік феномені» немесе элиталық сабақтастық дейді. Яғни, ұзақ жыл билігін жүргізген тұлға ретінде оның еліміздің бизнес, саяси элитасымен байланысы бар. Әрине, Назарбаевтың серіктестері қызметінен шектелді десек те, бірқатар элиталық топта беделі әлі толық жойыла қойған жоқ.
Сондықтан Назарбаевтың бейресми беделі, тек Путинмен ғана емес, басқа да мемлекет, халықаралық ұйым басшыларымен жеке байланысы Қазақстанның элиталық және сыртқы қарым-қатынасында да көлеңкедегі ойыншы ретінде қарастыруға болатынын көрсетеді.
Әрине, ресми Астана мұндай рөлді мойындамайды. Бізде қос билік жоқ десек те, Назарбаевтың ішкі саясаттағы бейресми, бірақ кей жерде бейтарап рөлін байқап отырмыз. Ал сыртқы саясатқа келсек, тікелей кері әсері болмайды. Өйткені, көпвекторлы саясат аясындағы стратегиялық қарым-қатынас тек Ресеймен ғана емес, Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Еуропадағы ислам әлемі, АҚШ-пен де жүзеге асып, өміршеңдігін көрсетуде. Сондықтан Путин мен Назарбаевтың кездесуі көпвекторлы саясатқа кері әсер етпейді. Бұл Мәскеумен достық байланысты айғақтап отыр. Себебі, көршіміз Ресейден ешқайда кете алмаймыз. Екінші жағынан, геосаяси турбулент жалғасып жатқанын ескерсек, алдағы уақытта қандай да бір өзгеріс болса, сыртқы векторымыз осы күйде қалуы керек және бұл қандай да бір тұлғалардың жеке ұстанымына қатысы болмауы тиіс. Яғни, мемлекеттік мүдде бірінші кезекте тұруы керек.
Айдар ӘМРЕБАЕВ, саясаттанушы:
Егер Назарбаев саясатқа кіріссе, мемлекет тарапынан шектеу жасау керек

– Бұл кездесудің астарын сан-саққа жүгіртіп жатқандар бар. Назарбаев – белгілі саясаткер. Оңай адам емес. Біраз елдің басшыларымен қарым-қатынасы сақталған. Қазақстан мемлекетінің саяси даму тарихында орны бар тұлға. «Адамның күні – адаммен» демекші, өмірде әңгімелесетін, сырласатын достары, әріптестері болады. Бірақ бұл ресми кездесу болмауы тиіс. Мысалы, үйге қонақ шақырсақ, оның саяси мәні болмайды ғой. Кімді шақырасың, кіммен сөйлесесің, әр адамның өз еркі. Оған тыйым сала алмайсың. Ал оның саяси мақсаты болса, саясатта, қоғамда кереғар ой-пікір туындауы мүмкін.
Қазір саясатқа жаңа буын келіп жатыр. Оларға да месседж тастауы неғайбыл. «Назарбаев Қазақстан билігінің өкілі ретінде Путинмен не үшін кездесті? Оның астары неде?» деген сұрақ көкейде тұруы мүмкін. Сондықтан кездесу жайында ресми ақпараттарда таратудың керегі жоқ. Жеке тұлға ретінде кездесе берсін. Оған ешкім шектеу жасай алмайды. Ал ресми түрде ақпарат таратып, әсіресе, әлеуметтік желіде күдік ой туғызатын болса, Қазақстан үшін аса бір қауіпті болмаса да, беймазалық туындатуы кәдік.
Демек, екі елдің арасындағы саясатқа кірісіп, іс-қимыл жасаса, әрине, оған мемлекет тарапынан шектеу жасау керек. Егер сондай әрекетке барып жатса, биліктегі лауазымды тұлғалар нақты пікірін шегелеп айтуы қажет. Бұл ішкі саясатқа, сыртқы қарым-қатынасқа, тұрақтылығымыз бен қауіпсіздігімізге салқынын тигізеді. Сондықтан әр нәрсеге мемлекеттің ұстанымы болуы тиіс. Мұндай күмән тудыратын пікір мен арандатушылық мемлекетке, қоғамға кері әсерін тигізеді.