17 Тамыз 18:00
...

Зейнет жарнасына үй алу. НЕГЕ бізді үлкен афера күтіп тұр?

Фото:

Үкіметтің тұрғын үй саясатындағы қадамдары тағы бір алаяқтық «пузырьдің» үрленуіне әкеліп соқты. Сарапшылардың айтуынша, зейнет жарнасына үй алу бастамасының артында құрылыс компанияларының лоббиі тұр. Түбінде одан мемлекет үлкен зиян шегетін болады.

Жақында билік тарапынан жинақталған зейнетақы жарнасының белгілі бір бөлігін баспана алу мақсатына жұмсау бойынша нақты шешім қабылданады. Осы сұраққа қатысты үкімет жасақтаған жұмыс тобына кіретін экономист Олжас Құдайбергеновтың жазуынша, олар бірнеше нұсқаны қарастырған.

Оның ішінде негізгі деп танылып отырған жолы мынадай. Әр жас аралығындағы азаматтарға зейнетақы жинағының минимумы бекітіледі. Ол минимумнан артық қанша ақша жиналды, сол қаржыны азамат үй алуға бағыттай алады. Бірақ Олжас Құдайбергенов түстеп көрсетпесе да, қазір әлдебір мемлекеттік органның негізгі нұсқаға қарсы екенін айтып қалды. Дегенмен де, мәселе осы айдың аяғына дейін шешілуі тиіс.

Тақырыпқа орай: Олжас Құдайбергенов: Президентке жеке кіремін

 

Басқа сарапшылар, әу баста халыққа жанашыр қадам ретінде көрінетін бұл бастаманың түптің түбінде тек құрылыс компаниялары мен осы жарналардың бөлігі ақша нөпірі ретінде ағатын банкке пайда тигізетінін айтып отыр. «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға бағыттау күмәнді шара», - дейді, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. «Қазір популизм қалыпты жағдайға айналды. Бірақ бұл қадам салынып жатқан үйлер бағасын бірден аспандатып жібереді».

«Қазір құрылыс нарығында кім бар? 4-5 ірі компания мен облыстарда жұмыс істейтін шағын оншақты фирма бар. Бұл қаржы олардың еш бәсекелестікке түспей, мол сұранысқа ие болуына жағдай жасайды. Сонымен бірге, құрылыстағы сырттан тасылатын материалдарды ескерсек, біз зейнетақы ақшасына Қытай, Ресей мен Иран зауыттарын тікелей қаржыландыратын боламыз»

«Мұның бәрі түптің түбінде ебедейсіз құрылыс алауытының пайда болуына алып келеді» - деп ескертеді, EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев. «Қазір «Бәйтерек девелопмент» Қазақстан ипотекалық компаниясымен біріктірілді. Барлық дерлік ипотека бағдарламаларын «Отбасы банкі» болып қайта құрылып жатқан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асыруда. Іс жүзінде бұл үлкен «пузырьді» көпіртіп үрлеп отырған құрылыс лоббиі болып табылады».

«Халыққа қолжетімді баспана салып жатқанымыз бір жағынан дұрыс. Бірақ бұл жерде бірнеше сұрақ туындайды. Ол үшін міндетті түрде бірыңғай оператор құру қаншалықты қажет? Бұл қадамды нарық жағдайында іске асыруға болмай ма?»

Чеботаревтің айтуынша, ертең ипотекасын төлей алмайтын адамдарға жаппай қарыз беру түптің түбінде мемлекетті үлкен шығынға алып келмек. Себебі, әлеуметтік толқуды болдырмас үшін, мемлекет азаматтардың қарыздарын өзі жабуға мәжбүр болады.

Тақырыпқа орай: Ақорданы шулатып жүрген ипотека құрбандары дегендеріне жетті

 

Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларында жүздеген тұрғын үй кешендерін салып тастаған екі алпауыт құрылыс компаниясы пәтер бағасын күн санап қымбаттатып отыр. Одан бетер қымбаттатуға да қарсы емес, бірақ халықтың қазір ондай бағамен сатып алуға шамасы жетпейді. Сондықтан, зейнетақы жинақтарында қордаланып жатқан орасан зор қаржыға көздері түскен. Егер бастама аясында азаматтар тек жаңадан салынған үйді алуы тиіс деген шешім шықса, онда құрылыс компанияларының бағаны бірден көтеріп жіберетініне еш күмән жоқ.

Тақырыпқа орай: БЖЗҚ банктерді құтқарушы «әмиянға» айналды

 

Схема өте қарапайым дейді, сарапшылар. Зейнетақы қорындағы қаржыны азаматтар банкке құяды, банк оларға ипотека алу үшін жаңадан салынған үй іздеуін сұрайды. Бұл кезде құрылыс компаниялары салынып бітіп, бірақ қазір өтпей тұрған, артынан тіпті салынбаған пәтерлерінің бағасын қымбаттатып күтіп отырады. Одан басқа жаңа пәтер жоқ болғандықтан, ал ақшаны банктен басқа мақсатта шешіп алуға тиым салынғандықтан, азаматтар қымбат болса да, сол пәтерлерді ипотекаға алуға мәжбүр болады. Құрылыс компаниялары банктен бірден бар қаржыны шешіп алып, пайда көреді. Бес-алты жыл өткеннен кейін, банкке ипотекасын қайтара алмаған азаматтардың қарызын біраз наразылық акциялары өтіп, жұрт шулағаннан кейін мемлекет өтеп береді. Үлкен табыс ең алдымен құрылыс компанияларында, артынан банктерде қалады. Азаматтар да шулап жүріп, мемлекеттің арқасында ипотекалық қарыздарынан құтылып кетпек. Бұл жерде суы ағып, қаңырап қалатын тесік шелек - Ұлттық қор мен бюджет қана.

Тегтер: