Зарина АЛТЫНБАЕВА: Әртіске де күн көру қажет
пера өнері бүгінде қазақ сахнасымен біте қайнасып кетті. Бибігүл Төлегенова сынды бұлбұл дауысты әншілердің ізінен келе жақан әншілер саусақпен ғана санарлық десек, соның бірі – сопрано дауыс иесі Зарина АЛТЫНБАЕВА. Жас жеткіншектердің талантын шыңдау жолында жүгірістеп жүрген өнер жұлдызын орайын тауып әңгімеге тартқан едік.
– Зарина, осы айдың соңында әдеттегідей жас таланттардың жұлдызын жақпақ екенсіз. Кезекті науқанға дайындық барысы қалай?
– Иә, 25-27 тамыз аралығында Абай атындағы опера және балет театрында дәстүрлі түрде жас музыканттар арасындағы IV Prima Nota Fest Республикалық академиялық фестиваль-байқауының жеңімпаздарын анықтайтын боламыз. Биыл бұл жобама еліміздің түкпір-түкпірінен елуге тарта өтініш келіп түсті. Конкурс академиялық вокал, фортепиано және ішекті аспаптар бойынша үш категорияда өтеді.
Біз алғашқы турды онлайн жүйеде өткіздік. Одан іріктеліп алынған қатысушылар конкурстық тыңдау кезеңінде өнер көрсетеді. Кіл жүйріктерді әлемдік жұлдыздардан тұратын жоғары білікті қазылар алқасы бағалайтын болады.
Атап айтар болсам, атақты пианист, Түркия Республикасының халық әртісі Гүлсин ОНАЙ, көрнекті скрипкашы және дирижер, Ресей Федерациясының халық әртісі Максим ФЕДОТОВ, белгілі қазақстандық виолончелист Таир ҚАРАТАЕВ және Нью-Йорктегі Метрополитен операсының әншісі Ольга МАКАРИНА анықтайды.
Ал 27 тамыз күні өткен жылдардағы лауреаттардың қатысуымен маэстро Абзал МҰХИТДИНОВТЫҢ басшылығы бойынша Мемлекеттік Академиялық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен гала-концерт өтеді. Қазір соған қызу дайындық жасап жатырмыз.
– Биылғы жеңімпаздарды қандай жүлде күтіп тұр?
– Бас жүлде иегері ақшалай сыйлық алумен қатар, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония сахнасында өтетін Dala fest халықаралық классикалық музыка фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, қатысқан барлық балаларды конкурс серіктестері түрлі тәттілермен қуантады.
– Сонымен, сіз өткізетін байқаудың өзгелерден артықшылығы неде?
– Prima Nota Fest фестиваль-конкурсы жас таланттарға кәсіби сахнада өнер көрсетумен қатар қазылар алқасының мүшелерінен шеберлік сабақтарын алуға және сол арқылы өз шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік сыйлайды.
Ал конкурсқа қатысу тегін. Мұнымен қатар ұйымдастыру комитеті республикамыздың түкпір-түкпірінен келетін қатысушыларды тұрақтайтын орынмен қамтамасыз етеді.
Жас виртуоздарды бір сахнаға тоғыстыратын жоба Қала күніне орайластырылған. Бұл оңтүстік астананың мәдени өміріне жарқын бояу қосады деген үміттемін.
– Қазіргі уақытта конкурс өткізудің оңай емес екені анық. Осы орайда «Заринаның жағдайы жақсы ма?» деген сауал туындайды.
– Фестиваль Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Ал одан өзге қажеттіліктерге қол жеткізу мақсатында демеуші іздеуіме тура келеді. Бар мақсатым – жас талаттарды үлкен сахнаға қанат қақтыру арқылы еліміздегі классикалық музыка индустриясының дамуына тамшыдай болсын үлес қосу.
– Сонда жеңімпаздарды да жерде қалдырмаймын дейсіз ғой...
– Қолымнан келгенше талантты жеткіншектерге қолдау көрсетіп, алда шығармашылығын шыңдауға тырысамын. Мысалы, 2019 жылғы жеңімпаз Рамазан КӨПБАЙМЕН бірлесе «Құсни Қорлан» әнін орындап, оған бейнебаян түсірдім.
2021 жылы жұлдызы жанған жас пианист Ақжан САЙЛАУДЫ Монтекатинеде өткен Халықаралық орындаушылар байқауына аттандырдым. Осылайша өнерлі жеткіншектердің өрістеуіне аз да болсын қолғабыс болып жүрген жайым бар.
– Айтыңызшы, қазір опера мен балет өнерінің көрермендері көбейді дей аламыз ба?
– Әрине. Қазір опера тыңдауға қарапайым халық көп келеді. Әсіресе, мені жастардың классикалық өнерге қызығушылығы артқаны қуантады. Өнерімізді тамашалап, соңынан қолтаңба алып, суретке түсіп, жылы лебіздерін білдіргені бізге шабыт береді.
– Енді өзіңізге ойыссақ. Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті?
– Менің балалық шағым тамаша күндермен есте қалды. Бірақ уақытым әрдайым жоспарлы болды. Себебі сабақтан тыс кезде классикалық музыка, би және мәнерлеп сырғанау үйірмелеріне қатыстым. Соның ішінде өміріммен біте қайнасып кеткені классикалық музыка болды.
– Бір кездері эстрада сахнасында төбе көрсеткен едіңіз. Ал қазір поп- музыка тыңдайсыз ба?
– Консерваторияда оқып жүргенімде табыс табу мақсатында мейрамханаларда өнер көрсетіп, эстрадалық әндер шырқадым. Тіпті, альбом шығарып, бірқатар эстрада жанрындағы әріптестеріммен бірлесе дуэт орындадым. Бірақ өзім бала кезден құштар болған классикалық өнерге біржола бет бұрдым.
Әлбетте, операдан өзге ән тыңдамаймын дей алмаймын. Димаш, Әміре, Ғалымжан Молданазар сынды әншілердің шығармашылығын құрметтеймін.
Қазіргі таңда сапалы музыка жазатын жастардың қатары артып келе жатқаны мені ерекше қуантады. Дегенмен, ешкімді бөліп-жармаймын. Әркімнің өзі таңдаған жолы, бағыты бар.
– Сізді сахнадан тыс жабық есікті кештерде жиі шырқайды деп естиміз. Осы рас па?
– Егер менің өнерімді құрметтеп шақырып жатса, одан неге бас тартам? Әртіске де күн көру қажет қой. Сондықтан шақырған мерекелік кештер мен жиын-тойлардан қалмай, барып әнімді салып беруге тырысамын. Одан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын.
– Сізді сыртқы сымбатыңызға қарап асүйден алшақ адамға балайтындар бар. Асты өзіңіз әзірлейсіз бе, әлде даяшы мен дәмханалардың көмегіне жүгінесіз бе?
– Дәмді ас әзірлеу менің хоббиім десем болады. Шығармашылық сапарларда жүргенде асүйімді сағынып тұратынымды жасырмаймын. Нан да жаямын. Түрлі ұлт өкілдерінің тамағын әзірлеп, арасында тәжірибе жасап қойғанды да жаным сүйеді.
– Ал әйелге тән энергияны қайдан аласыз?
– Шын мәнісінде классикалық музыканың өзі жаныңды ерекше сезімге бөлеп, көңіліңді көкке көтереді. Құдды бір медитация жасағандай күй кешесің. Бұдан өзге табиғатқа шығып тұрамын. Судың ағысы, құстың сайрағаны жаныма тыныштық сыйлап, жүрегімді нәзік әлемге жетелей түседі.
– Әртіске дене бітімін бір қалыпта ұстап тұру жазылмаған заңдылықпен тең ғой. Осы ретте арнайы спортпен шұғылтанатын боларсыз?
– Бұрын спортпен жиі шұғылданған едім. Бірақ пандемия кезінде ұзақ уақыт үзіліс алдым. Енді өзімді қайта қолға алып, аптасына үш рет гимнастикамен айналысуды тәртіпке айналдырдым.
– Бірнеше елдің сахнасында өнер көрсетіп, тыңдарманды сүйсінттіңіз. Тағы қандай белді театрларда ән шырқауды армандайсыз?
– Мен арман-мақсатымды ашып айтудан қаймығамын. Себебі орындалмай қала ма деп қорқамын. Десе де жуырда түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын Түрксой ұйымының қолдауымен Әзербайжан астанасы Баку қаласында, Стамбул және Анкарада өнер көрсететінімді айта кеткім келеді.
– Сіз қатысатын кештерге қалмай баратын фанаттар тобы қалыптасқан көрінеді. Бұл сізді шабыттандыра ма, әлде қобалжыта ма?
– Станиславский бір сөзінде: Егер сахнаға шығар алдында қобалжымасаң, онда шықпай-ақ қой» деген екен. Өйткені сен біреу үшін кумир болғандықтан, сол статусқа сай болуға тиіссің. Біз әрдайым соған ұмтылуға тырысамыз. Ал көрсеткен өнеріңе берілген баға ретінде соғылған ду қол шапалақ қобалжуыңды басып, шабыттандыра түседі.
– Қызыңыз немен айналысады?
– Тамирис жан-жануарларға өте жақын. Атқа мініп, желіп жүргенді жақсы көреді. Сондықтан ветеринар мамандығына бейім секілді көрінеді. Әлі бала ғой, бәлкім уақыт өте келе өзге таңдау жасар.