30 Желтоқсан 20:00
...
Сонда бәрі дұрыс па? AQR есебі шықты
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2019 жылғы 8 айда ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған, қатысушы банктердің және тұтастай алғанда бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі туралы қолжетімді ақпараттың сапасын және маңызын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берген банк секторы активтерінің сапасын бағалауды ұйымдастырып, өткізді. Активтер сапасын 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша шоғырландырылған деңгейде бағалау нәтижелеріне сәйкес (барлық қатысушы банктер нәтижелерінің агрегациясы) капитал тапшылығы байқалмайды дейді Ұлттық банк.
К1 және k2 нормативтері АСБ бағдарламасының нәтижелері ескеріле отырып жүйелік деңгейде артығымен орындалуда. Қазіргі кезде активтер сапасын бағалаудың бірінші кезеңі аяқталды. 2019 жылғы қызмет нәтижелерін, қаржылық және реттеушілік есептілікті қалыптастыру ескеріле отырып, банктер реттеуші берген ұсынымдарды негізге ала отырып, жан-жақты шаралар жоспарларын әзірлейді. Банктердің әрқайсысы бойынша жоспарлар Реттеушінің мақұлдауына жіберіледі. Көрсетілген процесс 2020 жылғы 15 ақпанға дейін аяқталады. Келісілгеннен кейін шаралардың орындалуын реттеуші қатаң қадағалап отырады. АСБ-ның екінші кезеңінде банктермен жүргізілген жұмыстың қорытынды нәтижелерін Ұлттық Банк 2020 жылғы 28 ақпанда Бағдарламаға қатысушы банктер бойынша береді. АСБ қорытындысы бойынша тәуекелге бағдарланған қадағалауды жетілдіруге және банктердегі бизнес процестерді жақсартуға бағытталған жүйелік шаралар жайында бастама көтеріледі, дейді Ұлттық Банк.
AQR бойынша ашық есепте бірде-бір банктің аты аталмады. Нақты ұйымдардың аты аталған жабық есеппен ел басшылығы мен шешім қабылдайтын құзырлы мекемелер ғана таныса алады.