6 Қыркүйек 11:12

Орталық Азиядағы ең күшті әскер – өзбектерде

Фото:
Өзбекстанның қарулы күштері әлемнің күшті әскері рейтингісінде Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең қуаттысы болып отыр.

Жалпы есепте 140 елдің ішінде өзбектер 51-орынға жайғасқан. Global Firepower сараптама орталығы жариялаған рейтингте Қазақстан армиясы күші жағынан  61-орында тұр.

Рейтингті құрастырушылар Ирак, Финляндияның әскерін қазақ әскерінен күштірек деп тауыпты. Орталық Азия елдерінің ішінде Түркіменстан – 86, Қырғызстан – 93, Тәжікстан – 99-орында тұр.  Әлемдегі ең қуатты әскер АҚШ-та, одан кейін Ресей мен Қытайда деп саналады.

Global Firepower рейтингінде әскер қуатын бағалау үшін 50-ден астам түрлі фактор ескерілетіні жазылған. Оның ішінде қару-жарағының сапасы, материалды-техникалық мүмкіндігі, қаржыландырылуы, әскерінің дайындығы, қанша әскер шығара алатыны секілді маңызды өлшемдер бар. Рейтингті құраушылар Қазақстан өткен жылға қарағанда, әскерінің қуатын біршама көтерді деп санайды. Бұл рейтинг Жамбыл облысындағы жарылыстан бұрынырақ жасалған. Сондықтан ол жағдайдың рейтингке қаншалықты әсер етер-етпесін айта алмаймыз.

Бұған дейін Өзбекстан БҰҰ-ның 2021 жылғы бақыт индексі деп аталатын рейтингінде 42-орын алып, бұл жерде де Орталық Азиядағы барлық көршісін басып озған.

Қазақстан бұл рейтингте 45, Қырғызстан – 67, Тәжікстан –78, Түркіменстан – 97-орынға табан тіреген. Соғыстан көз ашпаған Ауғанстан 149 ел кірген тізімнің ең соңында тұр.

Бұл индекс тұрмыс жағдайы, жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі, халықтың өмір жасы, өлім көрсеткіші, кедейшілік, қауіпсіздік, азаматтардың еркіндігі, жұмыссыздық, тұрақтылық, жемқорлық деңгейі секілді өлшемдерден құралады.

Бұдан бөлек, рейтинг авторлары COVID-19 індетінің адамдардың тұрмысына қаншалықты әсер еткенін де ескерген.

Тегтер: