7 Қыркүйек 14:10
...

Кеңестен кеңесшіге дейін. Ұлттық Банкке жаңа комитет НЕГЕ керек?

Фото:

Президенттің ақша-кредит саясатын қайта қарау бойынша тапсырмасынан кейін Ұлттық банк төрағасы өзіне жаңа кеңесші таңдады. Ал бұрынғы сарапшылар кеңесі енді комитет ретінде қайта құрылады. Бірақ одан базалық ставка өзгере ме?

Бүгін соңғы кездері медиа кеңістікте танылып жүрген, «Тengenomika» телеграм-каналының негізін қалаған жас экономист Олжас Тілеуов Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Жалпы, қоғамдық пікір білдіріп жүрген сарапшылардың кеңесші қызметіне отыруы бізге таңсық емес. Мысалы, экономистер Айдархан Құсайынов, Олжас Құдайбергеновтер де бұған дейін Ұлттық банк тізгінін ұстаған төрағалардың кеңесшісі болып көрген еді.

Бірақ осы тағайындау президент тапсырмасын орындау үшін жүргізілгені анық. Соңғы Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-несие саясатын қайта қарау бойынша тапсырма берген еді. Оның басты себептері халық пен инвесторлардың теңгеге сенбеуі, теңге бағамының құбыла беруі мен банктердің экономиканы несиелеуден тартынып отырғанында жатыр. Мемлекет басшысы: «Осы өтімділікті қайта бағдарлап, бизнеске несие беріп, валюталық алыпсатарлықты тоқтату ісіне бейімдеу үшін шаралар қабылдауды тапсырамын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің осы міндетті шешу үшін өкілеттігі мен құзыреті толық жеткілікті. Жыл соңына дейін жағдай түзеледі деп үміттенемін», – деп мәлімдеген болатын.

«Біз ақша-несие саясатына деген сенімді арттыруға тиіспіз. Сол себепті Ұлттық банктің құрамынан Ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына тәуелсіз мүшелер де кіреді»   

«Ақша-несие саясаты жөніндегі комитет бұрынғы Ұлттық банк төрағасы жанындағы кеңесшілер институтын еске түсіреді. Тәуелсіз сарапшылардың қатысуы деген формат қаржы нарығының сарапшыларымен өткізіліп жүрген осының алдындағы кездесулерден аумайды. Меніңше, бұл жолы тек кеңесшілер институтын түрленбек», – дейді қаржы сарапшысы Владислав Туркин.

Оның айтуынша, президент ұсынып отырған айырбас бағамын реттеу жөніндегі шаралар мемлекеттің және ірі экспорттаушы компаниялардың валюта нарығындағы рөлін күшейтеді.

«Алыпсатарлар» деп көрсетілген проблемамен күрес валюталық реттеуді күшейтуді және валюта нарығының қолжетімділігін азайту сынды белгілі бір шектеулерді білдіруі мүмкін. Бірақ бұл шаралар ашық экономика заңдарына қайшы. Себебі, еркін өзгермелі айырбас бағамының тиімділігін төмендетеді»

«Әлемде мұндай тәжірибе бар», – деп, еске салады EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

«Ұлттық Банкте де ол болған. Сарапшылар кеңесі деп аталатын».

«Комитет, менің білуімше, шешім қабылдамайды, ол – кеңес беретін орган. Бұған дейін де жұмыс істеп келген. Бұл сырттан тәуелсіз ұзақ мерзімді ақша-кредит саясатын құруға мүмкіндік береді. Бірақ комитет пен теңге бағамының арасында ешқандай байланыс жоқ және болуы да мүмкін емес»

Қосындылардың орны ауысты. Кеңес комитет болады. Бірақ одан қандай нәтиже шығады? Базалық ставка өзгере ме? Экономист Мақсат Халық комитеттің рөлін банктердегі қордаланып қалған қаржыны экономиканы несиелеуге бағыттау жолында көреді.

«Екінші деңгейлі банктердің барлығы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға мүдделі болмай отыр. Өйткені тәуекелден қорқады және Ұлттық банктің қаржылай құралдарына, РЕПО операцияларына ақша салу арқылы оңай пайда табады. Сондықтан олар экономиканы қаржыландырып не істейді? Міне, осы мәселе көтеріліп отырған болса керек»

Біз бұған дейін үкіметтің экономиканы кредиттеуге қатысты иллюзияға ұшырап отырғанын жазған болатынбыз. Билік банктер казначейлік операциялар арқылы табыс тауып отырғандықтан, экономикаға ақша құймайды деген сенімде.

Демек, енді РЕПО операциялары сынды құралдарды азайтуы мүмкін. Бірақ проблема онда емес. Проблема – қарыз алатын және соны қайтарып беретін бизнестің жоқтығында. Банктер экономикаға несие берсе де, оның ставкасы мемлекеттік бағдарламалардан қымбат болады. Сонымен бірге, оларға алған ақшасын қайтара алатын кәсіпорындар керек. Есесіне, шаруасын дөңгелеп отырған кәсіпорындар қарыз алуға құлықсыз. Ал несие алғасы келетін бизнес ол ақшаны мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңіл ставкамен алады және қаржыны ескі қарыздарын жабуға жұмсайды.

Біздің кәсіпорындар соңғы он жыл көлемінде осындай несие тұзағына түсіп қалған. Және одан шығудың жолын білмей отыр.

Тегтер: