28 Наурыз 16:00
...

Карантин құны. 640 мың кәсіпкерден НЕГЕ айрыламыз?

Фото:

15 сәуірге дейін бекітілген карантин Қазақстан экономикасына күн сайын ауыр соққылар жұмсап келеді. Нокдаун алынды, нокаутқа 1-2 раунд қана бар. Үкімет бөлген 4,4 триллион теңгенің экономиканы қолдауға жететініне көптеген сарапшылар күмәнданып отыр. Ең қорқыныштысы ақшада емес, бизнестің үйреншікті байланыстарынан, жұмыс алгоритмінен айрылып қалуында.

Біздің шығынымыз қанша болмақ? Және осының бәрі қашан бітеді? Қай уақытта үйреншікті өмірімізге қайта ораламыз?

Қазір осындай қарапайым сұрақтардың өзіне жауап табу, алдағыны болжау оңай болмай отыр. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев, Ресейдегі жағдаймен салыстыра отырып, ертеңімізді бажайлап көрді. "Сауда-өнеркәсіп палатасы Ресей экономикасының коронавирустан келген шығынын есептеді. 8,6 миллион адам жұмыссыз қалған, 3 миллион кәсіпкердің шаруасы күйреген. Шағын бизнес өкілдерінің үштен бірі ғана бір тоқсаннан ары мерзімге шыдай алатынын айтқан" - дейді, Андрей Чеботарев.

Ресей мен біздің экономика құрылымы ұқсас. Қазақстанда қазір 8,8 миллион адам жұмыс істесе, 12 пайыздық төмендеуді ескере отырып, 1 миллион адам жұмысынан айрылады деп болжауға болады. Қазір Қазақстанда 841 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың 75 пайызы шыдай алмайды десек, онда 640 мың кәсіпкер банкротқа ұшырайтын болады.

Әр жеке кәсіпкер өзінен бөлек кемінде 2 адамға жұмыс беріп отырғанын ескерсек, онда 3 миллионға жуық адам табысынан айрылып, дағдарыспен бетпе-бет келетін болып тұр. Осы 3 миллионның отбасы, бала-шағасы бар. Нәтижесінде шамамен 9 миллион адам күйзеліске ұшырамақ. Бұл Қазақстанның тең жартысы. 

"Бізді коронавирус өлтірмесе, одан кейін келетін аштық өлтіруі мүмкін" - дейді, сарапшылар. Америка Құрама Штаттарының карантинді қатаңдатудан үзілді-кесілді бас тартып отырғаны да содан. Ондағы экономика институттары карантинді созғандағы шығынды алдын-ала есептегеннің өзінде жаға ұстаған болатын.

Тақырыпқа орай: Экономика 2.0. Карантиннен кейін қалай өмір сүреміз?

 

Оның орнына АҚШ әр азаматқа доллар таратамыз деп шешкені белгілі. "Біздегі президенттің дағдарысқа қарсы шаралары оптимизм тудырмады. Кейін Дәурен Абаев айтқандай, билік популистік және жүйелік емес шаралардан әдейі бас тартты. Алайда өздері қабылдап отырған шаралар дәл сол популистік және жүйесіз болып табылады" - дейді, экономист Мұрат Темірханов. Мұнда Темірханов, қазіргі түсініксіз хаос кезінде, халыққа нақты көмек көрсету, яғни қолына ақша ұстату керектігін айтып отыр.

Бүкіл халыққа біржолғы төлем жасау - бұл популизм емес, дәл сол жүйелік шара. Бізге осы жолмен жүру керек еді.

Мұрат Темірхановтың айтуынша, егер үкімет Ұлттық Қорды пайдаланбаса, дағдарысқа қарсы шараларға 4,4 триллион теңгенің қайдан түсетіні де белгісіз. Негізі ол қаржының алынар көздерін Nege.kz жазған болатын. Біздің Ұлттық қорда жылдың басында 27 триллион теңге жинақталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев дағдарыстың қазіргі кезеңінде Ұлттық қорға қол салынбайды деп мәлімдеп отыр. Онда біздің ойымызша үкімет ақша станогын іске қосады. Абаевтың сөзінше, кризистің қырсығынан республикалық бюджет биылғы алғашқы тоқсанның өзінде 350 миллиард теңге жоғалтады. Демек бюджеттің кіріс бөлігі биыл кем дегенде жоспарланып қойған 1 триллион теңге кірісінен айрылуы мүмкін.

Тақырыпқа орай: Жоғалған экономика

 

4,4 триллион теңге - біз үшін үлкен сома. Бұл 2019 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының 38% құрайды. "Егер осы ақшаның өзі үкімет қолына түссе, онда жалғыз ғана мүмкіндік бар. Оларды барынша тиімді пайдалану керек" - дейді, сарапшылар. Алып-қосарымыз жоқ. Үкіметтің қазіргі жағдай саперлерге келеді. Бір ғана қателік. Одан кейін бітті.

Тегтер: