27 Қыркүйек 10:39

ДДСҰ: ауаның ластануынан жылына 7 млн адам көз жұмады

Фото:

 Жыл өткен сайын жер бетінде әбден тозығы жеткен жерлер мен экологиялық апаттар көбейіп барады.

Алматы, NEGE. Бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында да қызу талқыға түсті. Бәрінің айтары бір – климаттың өзгеруі мәселесін шешу үшін нақты қадамдар қажет. Күн сайын күрделеніп бара жатқан мәселенің бірі – климаттық өзгеріс. БҰҰ-ның Бас Хатшысы Антониу Гутерриштің айтуынша, әлем елдері серпіліс жасап, нақты әрекетке көшетін уақыт келді. Өйткені климат өзгерісімен күресу ертеңгі күніміздің кепілі. 

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш: "Климаттың өзгеруінің кері әсерлерін алдын алу үшін тербеліп-теңселіп жүретін уақытымыз жоқ. Ешбір ел табиғат апатынан сақтанбаған. Орман өрті, су тасқыны мен қуаңшылық сынды табиғи жағдайлар барлық жерде тіркеліп жатыр. Осыған байланысты барлық мемлекетті осы істе белсенділік танытуға шақырамын. Біз 2030 жылға қарай ауаға кететін зиянды заттар қалдықтарын 45 процентке қысқартуымыз қажет", – деді. 

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметі бойынша, жер бетіндегі ауаның ластануынан жыл сайын 7 млн адам көз жұмады. Атмосфераны бірінші кезекте өндірістік орындары ластайды екен. Сондықтан болар, Қытай елі шетелдегі көмірэлектрстанцияларын қаржыландыруды тоқтататын болды. Оның орнына экологиялық таза энергетиканы қолдауға күш салмақ. Бұл туралы Қытай төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеді.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы: "Қытай енді дамушы елдердегі жасыл энергетика жобаларына басымдық беріп, оларды қолдауға көбірек күш жұмсайды. Және жаңа көмір станцияларын салуды тоқтатады. Сонымен қатар, 2030 жылға ауаға кететін көмірқышқыл газы қалдықтарын барынша азайтуға тырысады. Ал 2060 жылға қарай көмірден толықтай бас тартуды көздейді. Бұл өте қиын шаруа. Соған қарамастан, осы мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды", – деді. 

 Ал исландиялық мамандар әлемдік климаттың өзгеруінің алдын алу үшін ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын әлемдегі ең ірі зауытты іске қосты. Осылайша, мамандар ауа температурасының 2 градустан асуын болдырмауға тырысып көрмек. Бірақ аталған технологияның әлеуеті зор болғанымен, әзірге шығыны да көп болып тұр. Бір тонна көмірқышқыл газын жоюға 100 доллар кетеді. 2019 жылы ауаға 35 миллиард тонна зиянды зат кеткенін ескерсек, мұндай зауыттың жұмысын ұйымдастыру қыруар қаржыны талап етеді дейді мамандар.

Тегтер: