AQR Жұмадағы акция! Банктер НЕГЕ тексеру нәтижесінің жариялануын қаламайды?
Курсив осыдан бір апта бұрын Ұлттық банк өткізген AQR кешенді тексеруіне қатысқан барлық 14 банктің аудит нәтижелерін алғаны туралы жазды. Бүгін біраз сарапшы Ұлттық банктің тексерудің толық қортындысын алдағы жұмада жариялайтыны туралы хабарлады.
Бейресми барлық ақпарат көздері 4 банктің құрдымға кетіп бара жатқанын сыбырлап отыр. Және оларға көмек көрсету үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 450 миллиард теңге қажет десе, Курсивтің жасырын ақпарат көзі 680 миллиард, ал қаржы сарапшысы Владислав Туркин тіпті 730 миллиард теңгесіз іс бітпейді деп отыр. Курсивке мәлімет берген жасырын ақпарат көзінің хабарлауынша, AQRдан өткен 14 банктің төртеуінде үлкен проблемалар табылған. Ол қиындықтар көп жағдайда кезінде банкпен сыбайлас тұлғалар алған қайтарымсыз, үлкен қарыздарға байланысты.
Банктердің барлығы AQR есебін қолдарына алды. Арасында онымен келісетіні де бар, келіспейтіні де бар. Есептің қортындысымен келіспейтін банктер өздерінің дәлелдерін ҚНРДА алдына жайып салуға мүмкіндік алып отыр. Егер ҚНРДА ол дәйектермен келіссе, түпкілікті актіде көрсетілген провизиялар сомасы қысқаруы мүмкін. Бірақ қаншаға қысқарады?
Курсивтің жасырын ақпарат көзі, мемлекет банктерді қосымша қаржыландыру бойынша екі талап қояды дейді:
Біріншіден, акционерлер тарапынан капиталдандыру талабы. Екіншіден, құнсызданған және жұмыс істемейтін қарыздарды AQR кезінде анықталған дәрежеде тану және МСФО9 ережелеріне сәйкес оларды тиісті қоржынға (екінші немесе үшінші) беру туралы талап. Сонымен қатар, бұл банктер несие портфелін жұмыс істемейтін кредиттерден тазалауға мәжбүр болады.
Ал, ақшаны қайдан аламыз?
Мемлекет банктерді кешенді тексеру үшін 9,2 миллиард теңге жұмсады. Ол қаржыны Ұлттық банк консультант компания мен аудиторлық фирмаларға санап берді. Мысалы консультант ретінде таңдалған Oliver Wyman кеңес беру қызметі үшін 3,7 миллиард теңге алса, қалған 5,5 миллиард теңгені үлкен төрттікке (Big4) кіретін аудиторлық компаниялар өзара бөліп алды.
Тақырыпқа орай: AQR Дубайдағы EXPO-ға қатысудан да қымбат болып шықты
Fitch сарапшыларының ойынша бітпейтін банктерді құтқару операциясына 5,3 триллион теңге жұмсап үлгергенбіз. Оның ішінде 1,1 триллион теңгені Ұлттық қордан алып, банктерге бергеніміз туралы ҚНРДА Lsm журналына берген мәліметінде келтіреді. Тіпті банктерді демеуге кеткен қаражат 2018 жылғы ішкі жалпыұлттық өнімнің 8,8 пайызын құраған. Демек көлемі жағынан қорғаныс, ғылым сынды ауқымды салаларды да артта қалдырады.
Тақырыпқа орай: Мемлекет ақшасын ең көп жеген – Цеснабанк
Ендігі басты сұрақ - оңалтуды қажет ететін банктер анықталса, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле ме, көрсетілмей ме? Әзірге осыған қатысты түрлі ақпарат пен ұстаным бар. Ресмиіне сенсек, ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымова 28 қаңтардағы үкімет отырысында банк секторы бюджет қаражатын пайдаланбай-ақ, нарықтық жағдайда провизиялар мен капиталды жеткілікті түрде құру арқылы қалпына келе алады деп мәлімдеді. Ұлттық Банк та осы сыңайдағы ұстанымда көрінеді.
Бұған дейін Ұлттық Банктың AQR нәтижелерін ашық жариялайтыны туралы төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеген еді. Бірақ, қаржы секторындағы инсайдерлер пікірінше, есеп ондай ашық берілмейді. Себебі, таза ашық есеп қаржы нарығында дүрбелең туғызып, аталған проблемалық банктерден депозиттер қаша бастауы мүмкін. Сондықтан есеп халыққа жиынтық статистика ретінде, жекелеген банктердің аты аталмаған "сыпайы" күйінде ұсынылмақ.