14 Сәуір 08:15

«2030 жылдары алапат ашаршылық болады»

Фото:

2020 жыл ең нашар жыл болды деп есептесеңіз, қатты қателесесіз. Алдымызда әлемді аштық пен жаппай толқулар күтіп тұр екен.

Мұны бір болжамы келсе, екіншісі келмей жатқан бақсы-құшынаштар емес, АҚШ-тың барлау қызметінің сарапшылары айтып отыр. Айта кету керек, олар 2017 жылы короновирус пандемиясы болатынын дәл болжаған-ды. Енді алдағы онжылдықта әлемді хаос пен тұрақсыздық жайлайтынын айтып отыр. Барлаушыларға сенсек, 2030 жылдары аштық пен жаппай тәртіпсіздік көбеймек.

Фото: foodbay.com

Бұл сәуегейліктің өзі тарихтың қайталанып отыратынын дәлелдеп беретіндей ме, қалай? Мәселен, бұдан жүз жыл бұрын не болып еді? Бірінші дүниежүзілік соғыс, «испанка» індеті, 20-30 жылдардағы аштық. Араға ғасыр салып, түрленіп, түрін өзгертіп, зұлмат заман қайта оралмақ па?

Daily Mail басылымына сенсек, солай. Жақында америкалық барлау қызметінің өкілдері 150 беттік баяндаманы жария еткен. Онда алдағы жиырма жылда болатын әлемдегі ахуалға болжам жасалған. Global Trends баяндамасын АҚШ үкіметінің Ұлттық барлау жөніндегі кеңесі төрт жыл сайын жариялап отырады. Бұл – жетінші шығарылымы.

Бұл болжам 2040 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Коронавирус пандемиясы экономикалық теңдікті ушықтырады. Мемлекет ресурстары түгесіледі. Ұлтшылдық көңіл-күй күшейеді. 20 жылдан соң халық санының өсуі тоқырап, әлемнің қартаюына әкеп соғады. Климаттың өзгеруі де көп қиындық тудырады. Халықаралық қатынас хоасқа ұласып, тұрақсыздық жайлайды.

Яғни, бұл – соғыс, әскери қақтығыстар көбейеді деген сөз. Осы факторлардың кесірінен, жер-жерді ашаршылық жайлайды.

Мұның алдында шыққан құжат 2017 жылы жария болған еді. Онда 2020 жылдарға қарай ғаламдық пандемия болатыны, індеттің кең таралып кетпеуі үшін қозғалыстарға шектеу қойылатыны дәл көрсетілген еді. Міне, бұл айтқаны айна қатесіз келіп отыр. Коронавирус әлемде қазірдің өзінде 3 миллион адамның өмірін жалмады.

Фото: freakwave_ from Pixabay

Құжатта пандемияға ерекше назар аударған. АҚШ барлаушыларының пікірінше, бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең елеулі, бірегей, ғаламдық апат. Адамның денсаулығына, экономикаға, саяатқа және қауіпсіздікке орасан зор қатер төндіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, індеттің салдары ұзақ жылдарға дейін жойылмайтын көрінеді.

«Covid-19 тұрақтылық және бейімделу туралы бұрынғы пайымдауларға селкеу түсірді. Экономика, басқару, геосаясат және технологиялар жаңа тығырыққа тереп отыр», – делінген баяндамада.

Бұл құжат тіршіліктің барлық саласында алаңдаушылық бар екенін, оның себептерін суреттеп беріп отыр. Мәселен, климаттың өзгеруі кедей елдерде азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселесін ушықтырады. Ғаламдық миграция күшейеді. Денсаулық және білім саласындағы ірі жетістіктер пандемия туғызған жағымсыз факторларың кесірінен тоқырауы ықтимал.

Десе де, технология саласындағы жетістіктер көп мәселені шешуі мүмкін. Мәселен, климаттың өзгеруіне, індеттерге қарсы түйіткелдерді жеңілдетеді. Бірақ технологиялардың өзі жаңа толқу тудыруы да ғажап емес.

Фото: lenovo.ua

«Мемлекеттік және мемлекеттік емес қарсыластар көшбасшылық үшін бәсекеге түсе бастайды. Ғылымда және технологияда басымдыққа ие болуға ұмтылады. Мұның экономикалық, әскери және әлеуметтік қауіпсіздік үшін салдары ауыр болмақ.

 «Жаңылмайтын – жақ, сүрінбейтін – тұяқ болмайды», – деген сөз бар қазақта. АҚШ сарапшылары осы ғасырдың қауіптерін дөп басып атағанын жоғарыда айттық.

«Ертерек қам жаса, мұндайдың талайын бастан өткерген адамзат алдағы қиындықтардан да сүрінбей өтер» деген үміт қашанда сөнбейді.

Тегтер: