Қақтығыс ушығып барады: Пәкістан премьер-министрі Үндістанға «әрбір тамшы қан үшін кек аламыз» деп уәде берді

Пәкістанның премьер-министрі Үндістанның әуе соққыларынан 31 адам қаза тапқаннан кейін «әрбір тамшы қан үшін кек қайтарамыз» деп уәде берді.
Алматы, NEGE. 7 мамырда Үндістан Пәкістан аумағына және оның бақылауындағы Кашмир бөлігіне бірқатар соққы жасады. Үндістан бұл соққыны туристер қаза тапқан терактке жауап екенін мәлімдеді. Үндістан терактке Пәкістандық содырларды айыптады, ал Пәкістан бұл айыптауды жоққа шығарды.
Екі мемлекет құрылған сәттен бастап қақтығысып келеді, ал бұл жанжал жыл өткен сайын тек ушығып жатыр. Екі ядролық державаның арасындағы қақтығыстың негізгі өзегі – Кашмир, яғни Үндістан түбегінің солтүстік-батысындағы тарихи князьдік. Қазіргі уақытта бұл аймақта жалпы саны 17 миллион адам тұрады. Қазіргі Үндістан, Пәкістан және Кашмир орналасқан аумақ бұрын Ұлыбританияның отары болған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Лондон деколонизацияға келісім берді: нәтижесінде мұсылмандар тұратын Пәкістан мен индуистік Үндістан мемлекеттері құрылды. Сол уақытта Кашмирды басқарған махараджа Хари Сингх бастапқыда тәуелсіз болуды таңдаған, бірақ князьдіктің тұрғындарының көпшілігі мұсылмандар болғандықтан олар Пәкістанды қолдады. Сол сбепті Хари Сингх Үндістанға жүгініп, оған қосылуға келісуге мәжбүр болды. Бұл оқиға Бірінші үнді-пәкістандық соғысты қоздырды, ол аймақтағы күштерді бөлуде үлкен рөл атқарды: солтүстік Пәкістанның бақылауында қалса, қалған бөлігі Үндістанға бағынды. Бірінші соғыс 1948 жылдың соңына дейін жалғасты, одан кейін тағы кем дегенде төрт қарулы қақтығыс болды. Әр жыл сайын аймақтағы шиеленіс тек артып отырды, әсіресе Үндістан мен Пәкістанның 1974 және 1998 жылдары ядролық қару сынақтарын өткізуі жағдайды одан әрі ушықтырды.
7 мамырда Үндістан Пәкістанға қарсы әскери операция енгізді. Бұл операция Пәкістан бақылауындағы Кашмирге жасалған соққылардан басталды. Соққылар тоғыз нысанаға, оның ішінде Пенджаб провинциясындағы және Пәкістан бақылауындағы Кашмирдегі «террористік инфрақұрылымға» жасалған. Үндістанның қорғаныс министрі Раджнатх Сингх бұл соққылардың «алдын ала ойластырылған стратегияға сәйкес дәлдікпен жасалғанын» айтты. Ол сондай-ақ әскери күштер халық арасында зардап шеккендер болмауы үшін барынша сақтық танытқанын атап өтті.

Пәкістан тарапының мәліметі бойынша, шабуыл нәтижесінде кемінде 31 адам қаза тауып, тағы 57 адам жарақат алған. Сәрсенбі күні кешке Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф халқына жасаған үндеуінде: «Біз осы шейіттердің әрбір тамшы қаны үшін кек аламыз деп уәде береміз» деп мәлімдеді.
Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Үндістанға «қалаған уақытында, қалаған жерде және қалаған тәсілмен» жауап қайтаратынын ескертті. Сонымен қатар, елдің қорғаныс министрі CNN арнасына берген сұхбатында Исламабад «ауқымды соғыстан барынша бас тартуға тырысып жатқанын» мәлімдеді.
Бірқатар елдің басшылары қақтығысты мүмкіндігінше тез тоқтатуға шақырды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Пәкістанға қолдау білдірді. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер «екі елмен де жедел байланыс орнатып, диалогты, шиеленісті бәсеңдетуді және бейбіт тұрғындарды қорғауды қолдап жатқанын» мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп та Үндістан мен Пәкістанды әскери іс-қимылдарды тоқтатуға шақырып: «Мен олардың соғысты доғарғанын қалаймын. Біз екі елмен де жақсы қарым-қатынастамыз, бізде екі тараппен де жақсы байланыс бар, және мен мұның бәрі тоқтағанын қалаймын», - деді.