Ванга Кенесарыны қайдан біледі?

Соңғы кездері Ұлыбританияның атақты Тауэр қамалында өмір сүретін қарғалар көрінбей кетіпті. Бұл ағылшындарды қатты алаңдатып отырған көрінеді.
Себебі, «қарғалардың ханшасы» атанып кеткен бұл құс туралы көнеден келе жатқан аңыз бар. Осы қарға қорқынышты тұмсығымен корольдіктің болашағын ұстап тұр екен. Расында, бұл сөз XVII ғасырдан, яғни ІІ Карл дәуірінен бері айтылып келеді. Оған сенсек, қарғалар Лондондағы Тауэрден кеткен кезде, ғимарат құламақ. Сонымен бірге корольдіктің де шаңырағы ортасына түседі.
Тауэр қамалындағы «қасиетті» Мерлин қарғасы
Мұндай аңыздар біздің елде де аз емес. Соның бірі – Есет батырға, Кенесарының бас сүйегіне, МәшҺүр Жүсіп Көпейұлының көріпкелдігіне және Шыңғысхан моласына қатысты.
«Есет батырдың өкшесі»
Есет батыр – қазақ халықтың әйгілі батырларының бірі, Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, Кіші жүздің Қабақ руының басқарушысы. Ол Ресеймен ғана емес, Қоқан, Хиуа хандығымен де алысқан. Есет батыр туралы аңызға көп жұрт сенеді.
Мысалы, Есет батыр «менің аяғымды Солтүстікке қарата жерлеңдер» деп өсиет қалдырып кетіпті-міс. «Жау келсе, қазаққа ең басты жау Ресейден келеді. Ес-біліп етек жиғанша, өкшеммен жауды тірей тұрармын», – деген екен.
Бұл сөзді Есет батырдың басындағы шырақшылар айтып келеді. Батыстықтар Бекет атаның аруағы өкшесімен елімізді сыртқы жаудан қорғап тұр дегенге сенеді.
Батырдың өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек, 1847-1858 жылдары Есет батыр Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және кіші Борсық құмдары мен Мұғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қыйыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман қашан туады?
Ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтты деген болжамдар ел арасында жиі айтылады. Соның бірі мынау:
«Жетпіс жыл дінсіздер, отыз жыл ұры-қарылар басқарады, сосын елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды».
Бірақ бұл сөзді Мәшһүр Жүсіптің айтқаны туралы нақты деректер жоқ. Кейбір зерттеушілер мұны жоққа шығарады. Енді бір нұсқада бұл басқаша айтылады.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды. Бірақ оның орнау-орнамауы өз қолымызда. Қазақ екі нәрсесіне еге болуы керек. Бірі – тілі, екіншісі – ділі».
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Расында да, Мәшһүр Жүсіптің ел ішінде көріпкел-әулиелігімен танылғаны белгілі. Ол өзінің дүниеден қайтатын ай-күніне дейін дәл біліп, бір жыл бұрын асын бергізіп кеткен екен.
Кенесарының бас сүйегі
Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының тағдыры бәрімізге белгілі. Қырғыз манаптарының қолынан қаза тауып, бас сүйегі Ресей империясының генералдарына тапсырылады.
Ханның бас сүйегін жеке адамдар да, арнайы құрылған топтар да іздеп, әлі күнге дейін таба алмай келеді. Бір сыбыс бойынша, жыл өткен сайын құнды бола түсетінін біліп, әлдебір пысықайлар оны жасырып отырған көрінеді.
Ел арасында Кенесарының бас сүйегіне қатысты аңыз желдей есіп жүргеніне жиырма жылдың жүзі болды. Мәселен, Кенесарының бас сүйегі елге әкеліп, денесімен біріктірсе, онда Қазақстан қуатты мемлекетке айналып, халқы бақуатты өмір сүрмек екен. Мұны Ванга айтыпты-мыс.
Бұл аңыз түрлі нұсқада айтылады. Біріншісі – мұны Ванганың алдына барған қазақстандық бір орыс айтып келіпті. Екінші нұсқада «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ванганың өзі айтыпты» деседі.
Бірақ екі нұсқаның да соңы ұқсас. Кенесарының бас сүйегі елге бақыт әкелгенімен, билік басындағы лауазымды тұлғаларға қиын болатын көрінеді. Сондықтан «осы болжамнан қорыққан билік Кенесарының бас сүйегін қайтаруға мүдделі емес екен-міс».
«Шыңғысханның моласы табылған кезде үшінші дүние жүзілік соғыс басталады»
Бұл аңыз бекер пайда болмаған. Мәселен, жергілікті тұрғындардың наразылығына, ескертуіне қарамастан, әйгілі қолбасшы Ақсақ Темірдің мазарын қазған күннің ертеңіне алапат соғыс басталған. Қаһарлы жиҺангердің рухы туралы аңызды естіген Сталин мен оның серіктері үрейленіп, дереу оның сүйегін қайта орнына жерлеуге бұрық береді.
Алдымен табытты майдан шебімен жүргізеді. Бұл қызыл әскер сапындағы мұсылмандарға күш береді. Содан кейін ғана қызыл әскер немістерге тойтарыс беріп, айырылған жерлерін азат ете бастайды.
Осы аңыздың желісі бойынша, бірінші дүние жүзілік соғыс Ескендір Зұлқарнайынның моласын ашқанда басталған көрінеді. Демек, «үшінші дүние жүзілік соғыс Шыңғысханның моласы табылғанда болады». Бұл аңызға сенетіндер өте көп.
Бұл аңыздардан рас-өтірігін кім білсін. Бірақ жұмыртқадан жүн қырыққан ағылшындар қарғаны туристер тартатын пайда көзіне айналдырған. Мемлекеттің, империяның іргетасын ұстап тұрған құсты көруге жұрт әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келеді. Әлемдік басылымдардың өзі осы қарға туралы көлдей материалдар бере бастады.
Бұл тұрғыдан алғанда түркістандықтар жарап тұр. «Үкаш ата басындағы құдықтан күнәсі көп адамдарға су шықпай қояды. Су шықса, сізде бәрі жақсы», «күнәһар адамды тау қысып қалады» деген аңыздардан тәуір пайда тауып отыр. Тарихи орындарды көруге келген туристер осы аңызды ести сала, бұл орындарға ат басын бұрмай кетпейді.
Бәлкім, туризмнің өркендеуіне осындай аңыздар да керек шығар.