ҰРЛАНҒАН активтерді елге қайтару жөніндегі комиссияның құрамы НЕГЕ құпия?
Алайда комиссияның құрамы құпия боп қалды. Бұған депутаттар наразылық танытты.
Жұмада өткен парламент тыңдауында депутат Ермұрат БАПИ «Елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару бойынша комиссия мүшелері НЕГЕ құпия?» деп үкіметке сұрау жолдады.
«Активтерді елге қайтару жөніндегі комиссияның құрамы жалпақ жұртқа неге жарияланбады? «Мы засекретили состав комисси, чтобы на ее членов не озавывались давление извне» деп міңгірлейді үкімет. Бесіктегі бала сенбейтін былжырақпен халықты алдарқытқыларыңыз келе ме?», – деді депутат.
Е.Бапи.
Артынша Мәжіліс депутаты Марат БӘШІМОВ те осы мәселені өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында көтерген. Іле-шала жазбасын өшіріп тастады. Ол «ұрланған активтерді қайтару жөніндегі комиссияны құпия ұстау Конституцияға қайшы» деп жазған.
Депутат жазбасын неліктен өшіріп тастағаны беймәлім, бірақ әлеуметтік желі қолданушылары «Өз халқынан қорқа ма, неге жасырады? Ашықтық болуы керек. Ұрланғанды, тағы ұрылардың қолына бермек пе?» деп наразылық танытты.
М.Бәшімов.
Былтыр қарашада президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ кезектен тыс президент сайлауының инагурациясында мемлекеттен заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға байланысты заң әзірленетінін айтқан. Маусым айында президент активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссия құру туралы қаулы шығарды.
Бұл туралы белгілі саясаттанушы Досым СӘТПАЕВ фейсбук парақшасында ереже шенеуніктердің қалауы бойынша өзгере бермей, барлығы заңға сәйкес, ашық болуы қажет деп жазды.
Д.Сатпаев.
«Мифтік емес, шынайы экономиканы және сананы деофшорландыру қажет. Әсіресе, сананы деофшорландыру тіпті қиын және конфликтіге толы болады. Мұнысыз ешқандай ілгері жылжу болмайды. Кейбір мәселелерді түп-тамырымен шешу керек және құрғақ мәлімдемелер көмектеспейді. Әйтпесе «тиісуге болмайтын» бұрынғы адамдар жаңаларымен ауысады да, жаңа «Панамагейт» пайда болады», – деп жазды саясаттанушы.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң биыл 5 қазанда күшіне еніп, Бас прокуратура активтерді қайтару жөніндегі комитет құрды. Комитет жетекшісі болып 21 қазанда Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВ тағайындалды.
Н.Сүйіндіков.
Комитет шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерді тыйым салу, қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және тәркілеу туралы сұрау салады, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы қазақстандық және шетелдік соттарға талап қоюға уәкілетті. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, процестік және өзге де келісімдер) жасасуға құзыры бар.
Дегенмен де жұрт арасында комиссия мүшелерін құпия ұстауды дұрыс деп санайтындар да жоқ емес. Олар «кезінде қазынаға қолды молынан салған Ескі Қазақстан мүшелері олардың жеке басына немесе отбасына қауіп төндіруі мүмкін» деп санайды.
Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.