«Ұлттық қор – балаларға»: 18 жасқа дейін 3500 доллар жата ма?

Президент жолдауында еліміздегі 18 жасқа дейінгі әр баланың шотына қаражат аудару туралы айтқан болатын.
«Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланғаны үшін нақты табыс алуы керек. Сондықтан «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын. Жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді», – деген мемлекет басшысы Ұлттық қор шынымен «ұлттық» деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететінін атап өткен.
Бұған дейін заң жобасы парламентте қаралып, бүгін президент жарлыққа қол қойып, күшіне енді. Сонымен, Ұлттық қордың табысынан 18 жасқа дейінгі балаларға ақша қалай аударылады?
Ұлттық экономика министрі Әлібек ҚУАНТЫРОВТЫҢ айтуынша, Ұлттық қордың өткен жылдағы инвестициялық табысы есепке алынып, балалардың шотына бөлінеді. Инфляциядан қорғау үшін қаражат доллармен есептеледі.
«Яғни, 2024 жылғы 1 қаңтарда балаларға 2023 жылғы табыстан ақша аударылады. Әр балаға 3000 доллар беріледі дегенге келсек, үш мың доллар – болжамды сома. Қазір қосымша тағы есептеліп жатыр. Бірақ бұл дүниеге келген сәттен бастап жүйеге қосылған балалар (яғни 2024 жылы туғандар) үшін екенін ескерген жөн. Ал жүйе 2024 жылдан бастап іске қосылады, сол себепті бала жобаға бір немесе екі жыл ғана қатысуы мүмкін (2024 жылы бала 15 немесе 16 жаста болса). Тиісінше, олардың ақшасы аз болады», – деп түсіндірді Қуантыров.
18 жылда әр баланың шотында қанша ақша болады?
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 2024 жылдан бастап еліміздің кәмелетке толмаған азаматтарына автоматты түрде арнайы шот ашылып, жыл сайын ақша аударылып тұрады.
Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала бар екен. Егер 18 жасқа толмаған бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді. Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.
Мәселен, 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады. Алайда бұл сома Ұлттық қордың кірістілігіне байланысты өзгеруі мүмкін. Ал бағдарламаға 17 жастан бастап қосылған баланың шотына бір жыл ішінде небәрі 100-150 доллар түседі.
Еске сала кетейік, шоттағы ақша доллармен есептеледі және 18 жасқа толғанда доллармен беріледі. Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.
Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Инвестициялық табыстың 50 пайызы кәмелетке толмаған балалар арасында теңдей бөлінеді.
Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны «Ұлттық банк» түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады. Әр жылдың 20 қаңтарына дейін бағдарламаға қатысатындардың соңғы тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін шотқа ақша аударылады.
Шоттағы ақшаны қайда жұмсауға болады?
18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты тек екі мақсатта пайдалана алады.
Біріншісі – баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте тұрғын үйді тек Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі.
Екіншісі – білім алу. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар. Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған. Қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады.
Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.
Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты «Отбасы банктегі» ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни, ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады. Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» болады.
Бұл тәжірибе әлем елдерінде қалай жүзеге асады?
Біріккен Араб Әмірліктерінде мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда, ел азаматтарының 15 пайызы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Бұл өз кірістерінің жеткілікті болуымен түсіндіріледі.
Мұнда үйлену тойына дейін жастар БАӘ неке қорынан пайызсыз несие ала алады. Шамамен әрқайсысына – 20 мың доллар. Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады.
Кувейтте де дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банкте шот ашылады. Оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыра алады.
Ирландия балаларға депозит түрінде ақша төлейді. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар бөледі. Баланың ата-анасы ақшаны үшке бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді.
Сингапурда да әрбір сәбиге дүниеге келген сәтте банктен шот ашылады. Оған мемлекет 3 мың сингапурлық доллар (шамамен 2 мың АҚШ доллары) қаржы салады. Ал отбасындағы келесі балаларға бұл ақша 6 жастан бастап төленеді.
Аустралияда әрбір жаңа туған нәрестеге 4 мың аустралиялық доллар сыйақы беріледі (бұл 3 мың АҚШ долларынан сәл асады). Алғашқыда бұл осы соманың тек 30%-ын ала алуға болады. Ал қалған бөлігін одан кейінгі екі жыл ішінде алуға мүмкіндік бар. Бірақ айта кету керек, сыйақы ата-аналар балаға қажетті барлық екпені алса ғана беріледі.
Норвегия – сыртқа мұнай мен газ экспорттайтын Еуропадағы бірден-бір ел. Яғни, мұнай мен газ саудасынан әрбір норвег азаматы үлес алып отырады. Осы күні әрбір норвег азаматының жеке шотында 100 000 доллардан астам қаржы бар. Норвегия адам даму индексі бойынша 2009 жылдан бері бірінші орынды бермей келеді. 3 жастан 18 жас аралығындағы сәбилер мен жас жеткіншектерге мемлекет 1620 доллар көлемінде жәрдемақы төлейді. Мұнай ғана емес, елдегі табиғи байлықтың бәрі халықтың ортақ меншігі, ұлттық жетістігі саналады.
Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:
Әр балаға жылына 500-1000 доллардан аударуға болады
– Бәрібір Араб елдеріндегідей болмайды. Мұны біз қазірден-ақ түсініп отырмыз. Себебі, түсетін қаражаттың көлемі өте төмен. Біріншіден, бұл Ұлттық қордың аз мөлшерде болуымен байланысты.
Екіншіден, Қазақстанда инвестициялық кірістілік те аз. Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігі жылына орташа есеппен шамамен 2 пайыз ғана. Бұл – өте төмен. Кей жылдарда 0 пайыз болып, ешқандай өсім болмаған. Маңызды мәселе – инвестициялық кірістілікті арттыру керек. Араб елдерінің, Норвегияның мысалдарына қарасақ, инвестициялық кірістілігі орташа 7 пайыз екен. Демек, әлі де болса мұны бізде де арттыру қажет. 2 пайыз кірістілікпен есептегенде, әр балаға 100-150 доллар түсетін болып тұр. Ал кіріс 6-7 пайыз болса, жылына жоқ дегенде 500 долларға дейін өседі.
Ұлттық қордағы қазіргі жинақталған қаражат 57 млрд доллар көлемінде. Бізге Ұлттық қордың кірістілігін арттырып, түсімдерін ұлғайту керек. Президенттің өзі жақында 2030 жылға дейін Ұлттық қордың көлемін 100 млрд долларға дейін жеткізу керек деп тапсырма берді. Меніңше, оны шетелге кетіп қалған активтерді қайтару арқылы одан да ерте уақытта жүзеге асыруға болады.
«Сыртқа кеткен активтер мемлекетке қайтарылады, әлеуметтік салаға жұмсалады» дейді. Алайда, түсініксіз қорларға аудартқаннан гөрі тікелей Ұлттық қорға аударған дұрыс. Сонда Ұлттық қордың көлемін де еселеп арттыра аламыз. Осындай қадамдарды жасасақ, әр балаға түсетін түсім де 500 доллар емес, тіпті 1 мың долларға дейін артуы мүмкін. Меніңше, біз 18 жасқа дейін бұл қаражаттың еселеніп жиналуына үлес қоса аламыз. Сондықтан Ұлттық қорды қадағалайтын Ұлттық банк болған соң, мұнда дәл осы салаға жауапты білікті мамандар болуы керек. Сол кезде ғана Ұлттық қордың өзі де, инвестициялық кірістілігі де артып, балаларға ең болмаса белгілі бір дәрежеде шығынын жаба алатын қор жинауға мүмкіндік туады.
Мақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТ, Әкелер одағының төрағасы:
18 жасқа келгенше жиналған ақша тиын-тебен болып қалмау керек
– Бұл бастаманы президент айтқан кезден-ақ қолдадық. Бұл жерде арнайы шоттағы қаражат бала 18 жасқа келгенге дейін тиын-тебен болып қалмау керек. Міндетті түрде жыл сайын инвестиция жасап, сол кездегі ақшаның құнын есептеп, инфляцияға желініп кетпеуін қадағалау қажет. Бақылайтын орган, басқарушы қор осы жағына көңіл бөлуі тиіс. Себебі, бүгінгі 100 доллар келесі жылы 50 доллардың құнындай-ақ болса, шотқа түскен ақша да құнсызданбай ма?
Сауд Арабиясында, Норвегияда, дамыған Еуропа елдерінде ұлттық қорынан дәл осындай мақсатқа ақша бөлінеді. Баланың 18 жасқа дейін шотына жиналған қаражат оның игілігіне дұрыс жұмсалуы керек.
Мәселен, бала мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалса, оның 4 жылғы оқуын, жатақханамен қамтамасыз ету керек. Егер жоғары біліміне жылына 1 млн теңге көзделсе, 4 жылда 4 млн кетеді деген сөз. Сонда жоқ дегенде 8-10 мың доллар. Ал қазір баланың шотында 1 жастан 18 жасқа дейін 3 500 АҚШ доллары ғана жататыны айтылды. Бұл қазірдің өзінде үш есе аз болып тұр. Ең алдымен баланың жоғары білім алуына жағдай жасау керек. Демек, 3 500 долларды кем дегенде 10 мың долларға дейін өсіретіндей жағдай мен мүмкіндік жасалғаны жөн.
Мәнсия САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, әлеуметтанушы:
Талай ата-ананың жүгі жеңілдеуі мүмкін
– Бұл мәселені президент жолдауда көтергенде дүйім ел қуанды. Бұл – әлеуметтік тұрғыдан қолға алынған маңызды дүние. Ең біріншіден, баланың болашағын ойлаған ел үшін, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін ауадай қажет. 18 жасқа дейінгі жиналған қаржы балалардың дамуына, білім алуына, баспаналы болуына үлкен мүмкіндік.
Екіншіден, баласын оқыта алмай жүрген қаншама ата-ана бар. Бұл олардың жүгін жеңілдетуі мүмкін.
Бірақ қаржы қалай бөлінеді, оған да арнайы бақылау болуы керек сияқты. Яғни, түсіп жатқан қаржы әр ата-анаға ашық, көрініп тұрса. Тағы бір мәселе – жыл сайын инфляция деңгейіне қарай ақшаға индексация жасалуы тиіс.