«МАСС-МЕДИА туралы» заң жобасы: ДАУҒА айналған баспасөз картасы керек пе, жоқ па?

Бұған дейін мәжілісте өткен дөңгелек үстелде «Масс-медиа» туралы заң жобасына қатысты сауалдарға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов жауап берген-ді. Одан бері құрамында 93 адам бар жұмыс тобында екі мәрте талқылау отырысы өтті.
Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ, Мәжіліс депутаты:
Сөз бостандығына шектеу қоятын дүниелерді өткізбеуге тырысамыз
– Масс-медиа туралы заң жобасы Мәжіліске келді. Екі жұмыс тобы өтті. Қазір талқылап жатырмыз. Бұған дейін ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің үлесі 50х50 болды ғой. Ал жобада «60х40 пайыз болсын» делінген. Біз «мемлекеттік тілдің үлесі 70х30 болу керек» дедік. Одан бөлек шетелдік телеарналардағы қазақстандық контент 20 пайыз болуын талап еттік.
Журналист қауымын мазалап отырған екінші мәселе – баспасөз картасы. Мұны алған журналистерге қандай әлеуметтік жағдай жасалады? Жобада «баспана алуға келгенде жеңілдік қарастырылады» делінген. Журналистердің арасында «Осы баспасөз картасы керек пе, жоқ па?» деген мәселе дау болып жатыр.
Сондықтан мұны шешіп алмай тұрып, «оның беретін мынадай игілігі бар» деп талқыға салу ақылға сыйымсыз деген ойымды айтып, қайта қарауға жібердім. Яғни, «ипотекаға баспана алуда жеңілдік қарастырылады» деген жолдары да жалаң жазылған. Былай қарасаң, табысын растай алатын кез келген азамат ипотекаға үй алады. Ол үшін айқайлап, заң шығарудың қажеті жоқ. Сондықтан бұл баспасөз картаны өткізіп жіберудің амалы болмау керек. Оған екінші деңгейлі банктер дайын ба, жоқ па, оны да алдын ала білу қажет. Заң өзінің қабылдануымен емес, орындалуымен құнды.
– Заң жобасын сынға алушылар көбінесе осы баспасөз картасына шүйлігіп жатыр. «Оны беретін мемлекеттік комиссия құрамында шенеуніктер отырады. Билікті үнемі сынайтын журналистерге оны бермейді де. Бұдан кейін сөз бостандығы деген әңгіме әдірем қалады» деген пікірде...
– Қаншама адам болса, сонша пікір бар. Заң жобасының ішіне біртіндеп еніп жатырмыз. Ешкім мақұлдаған жоқ, жобадағы баптың бәрін қайта қарауға жібердік. Біз мұқият қараймыз. Бұл сөз бостандығын шектемейтін заң болуы керек.
Шын мәнінде, пресс картаға қатысты түзейтін нәрсе көп. «Сотталған және соттық мерзімі өтелмегендерге баспасөз картасы берілмейді» деген жері бар. Осы мәселені де нақтылау керек. 30 жылдың ішінде кейбір журналистер саяси мотивте сотталып кеткен болуы мүмкін. Билік өкілдерін сынап, шындықты айтқаны үшін сотталған журналист ертең жұмыс істемеуі керек пе?
Сосын «екінші тарап сотқа беретін болса, 3 жылға дейін деректерді сақтау керек» делінген. Ал пресс картаны алу үшін журналистің 3 жыл, ал басқа мамандықты оқыған маманның 5 жыл тәжірибесі болуы керек дейді. Ол да дұрыс емес. Өйткені, оқу орнын бітірген жас маман үш жыл тәжірибені қайдан алады? Сонда баспасөз картасыз шараларға қатыса алмай ма? Осы сауалға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегілер «Жоқ, аккредитациядан өтіп бара береді» дейді. Ақыры аккредитациядан тіркеліп, бара берсе, онда баспасөз картасының не керегі бар?
– Мемлекеттік мекемелерден ресми сауалға жауап алу уақыты тым ұзақ. Осы жағы айтылды ма?
– Заң жобасын журналистердің жедел ақпарат таратуына мүмкіндік беретіндей етіп қабылдау керек. Осы бойынша ұсыныс дайындап жатырмын. Жобада «ресми сауалға 7 күн емес, 5 күн ішінде жауап беру керек» деген бап бар. Бірақ 5 күн де көп. Редакцияның сараптамалық сауалына әрі кетсе үш күн, ал оперативті мәселеге қатысты бір күн ішінде жауап беруді талап ету қажет. Бес күтіп отырғанда ол ақпарат ескіріп кетпей ме?
Жұмыс тобы 93 адамнан тұрады. Бұл – өте үлкен жұмыс тобы. Біз журналистің жұмысына кедергі келтіретін, сөз бостандығына шектеу қоятын дүниелерді өткізбеуге тырысамыз. Егер біз қанша қарсы болсақ та, 93 адамның жартысына жуығы ғана дауыс берсе, өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан бірге күресуіміз керек. Көп нәрсе біз ойлағандай бола қоймайтынын жақыннан көріп жатырмын. Тәуелсіз көзқарас 30 жылдан кейін ғана қалыптасып келе жатқанда оны қайта тұншықтармауымыз қажет. Осы тұрғыда бәріміз бірлікте болуымыз керек.
Думан СМАҚОВ, «Media Net» халықаралық журналистика орталығы директорының орынбасары:
Баспасөз картасы журналистің мәртебесін көтермейді, керісінше, алалайды
– Масс-медиа туралы заң жобасында түсініксіз дүние көп. Мысалы, қарапайым ғана түсіндірме сөздердің өзі бір-бірімен араласып кеткен. Масс-медиа – бұқаралық ақпарат құралдары. Оған желілік басылымдар да кіреді. Оны ерікті түрде тіркеуге болады дейді. Бірақ басқа баптарда тіркелген желілік басылым жөнінде көбірек айтылады.
Дәл осы заңның 25-бабы бірінші тармағында журналистердің ерекше статусы жайлы айтылады. Журналист үшін ерекше статус деген ең бірінші ақпаратты объективті түрде шынайы жеткізу және оны жеткізе отырып, азаматтармен кері байланысқа шығу.
Яғни, халық пен билік арасына көпір болу. Журналистерге ерекше статус беру арқылы басқа мамандықты алалап, болашақта барлық мамандыққа ерекше статус берсек, онда ерекше статустың не мағынасы не мәні қалады? Тағы да қайталап айтамын, баспасөз картасы журналистің ешқандай да мәртебесін көтермейді, керісінше, алалайды. Шын мәнінде, сөз бостандығына орасан зиян келтіреді.
Министрлік заң жобасын жасақтауда Түркияның және Еуропалық Одақ елдерінің мысалын алғанын айтты. Халықаралық сөз бостандығы рейтингінде Түркия 149-орында, ал Қазақстан 122-орында. Сонда біз кері тұрған елден үлгі алатындай басымызға не күн туды? 2016-2019 жыл аралығында Түркияда тұтқынға алынған журналистер саны бойынша әлемде көш бастап, алғашқы үштікке енген. Сонда біз тәуелсіз журналистердің бәрін қамамақпыз ба?!
Тағы бір мәселе – бұл заң жобасында журналистің жұмысын шектеу, қызметін реттеу және бақылауға көбірек мән берілген.