Ұлттық құрылтай аясында қандай маңызды шешімдер қабылданды? Сарапшымен шолу
Саясаттанушы Риззат Тасым Ұлттық құрылтайдың бүгінге дейінгі қоғамдық-саяси кеңістіктегі орнын саралап, оның атқарған рөлі мен алдағы өзгерістерінің мән-маңызын кеңінен талдады.
Астана, NEGE. Қазақстанда соңғы жылдары мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа форматы ретінде Ұлттық құрылтай институты қалыптасты. Саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым оның қазіргі саяси жүйедегі орны, құрамы және болашағы туралы пікір білдірді.

Сарапшы Ұлттық құрылтайды кеңесуші демократия қағидатына негізделген алаң ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, мұндай формат қоғамдағы түрлі көзқарастарды бір арнаға тоғыстырып, саяси шешімдерді талқылау арқылы пісіп-жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Негізі консультативтік-кеңесші органдар қызметінің өзегі саналатын кеңесуші демократия тұжырымдамасы саяси шешімді қалыптастырудың тиімді тәсілі. Бұл тәсіл дәстүрлі көпшіліктің тікелей дауыс беру механизмімен қатар, пікірлерді мұқият талдап, дәлелдермен өлшеп, өзара қабылданатын шешімдер іздеуге бағытталған процесті көздейді», – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, дәл осындай механизм қоғамдық пікірді ескеріп, ортақ шешім іздеуге мүмкіндік беретін саяси мәдениетті қалыптастыруға қызмет етеді.
Жаңғырып оралған құрылтай дәстүрі
Сарапшының айтуынша, Ұлттық құрылтайдың құрылуы тарихи тәжірибемен де сабақтас. Бұл институт бұрынғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құқықтық мұрагері ретінде 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта пайда болды.
«2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық құрылтай – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құқықтық мұрагері ретінде құрылғаны мәлім. Жалпыхалықтық жиналыс дәстүрінің қайта жаңғыруы тарихи сабақтастықты айшықтап, ұлттық бірлікті нығайта түсті», – дейді Риззат Тасым.
Саясаттанушының пікірінше, мемлекет басшысы төрағалық ететін отырыстар бұл институттың символдық қана емес, саяси салмағы бар үлкен алаң екенін көрсетті.
«Төрт жыл ішінде Құрылтай құрылымдық қалыптасу кезеңдерінен өтіп, жүйелі диалог, қоғамдық сараптама және стратегиялық бастамалар алаңына айналды. Құрылтай консенсусқа бағытталған орган. Яғни Ұлттық құрылтай қызметінің ерекшелігі – оның консультативтік-кеңесші сипаты және әлеуметтік саяси даму мәселелері бойынша консенсусқа қол жеткізуге бағдарлануы болды», – дейді ол.
Құрылтай құрамындағы өкілдіктер мен теңгерім
Саясаттанушының айтуынша, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамның әртүрлі саласынан іріктелген. Оның құрамында саясаткерлер, партия өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, журналистер, дәрігерлер, ұстаздар және жастар қозғалысының белсенділері бар.

Алғашқы құрамында 117 адам болған Құрылтай кейін ротация арқылы жаңартылып отырды. Осы уақыт ішінде 36 жаңа мүше қосылған. Мұндай тәсіл талқылауларға жаңа көзқарастар енгізуге мүмкіндік берген. Сондай ақ, Риззат Тасым құрылым мүшелерінің гендерлік топтамасы мен жас ерекшелігіне тоқталды.
«Құрылтай мүшелерінің басым көпшілігін ерлер құрады – 74%, 86 адам болса, ал әйелдердің үлесі 26%, яғни 30 адам болды. Құрылтайдың стратегиялық міндеттері – тұрақты қоғамдық-саяси бағдарларды қалыптастыру, реформаларды ашық талқылау және ұлттық құндылықтарды ілгерілету екенін ескерсек, орта буын өкілдерінің қатысуы аса маңызды», – дейді ол.
Жас құрылымы тұрғысынан да айырмашылық байқалады. Құрылтай мүшелерінің 72%-ы 46 жастан асқан азаматтардан тұрады. Ал қоғамның ең белсенді экономикалық тобы саналатын 29–45 жас аралығындағы буын 28% ғана құраған.
Құрылтай ұсыныстары және саяси өзгерістер
Риззат Тасым Ұлттық құрылтайдың жұмысы нақты реформалармен байланысып жатқанын айтады. Оның пікірінше, соңғы жылдары қабылданған бірқатар бастамалар осы алаңдағы талқылаулардың нәтижесі.
«Президенттің Ұлытау, Бурабай және Қызылордада сөйлеген сөздері, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында және «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған тұжырымдары бүгінгі жаңа Конституцияның идеологиялық-құндылықтық негізін қалыптастырды деп сеніммен айтуға болады», – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Құрылтайда көтерілген 400-ден астам бастама кейін мемлекеттік саясатта көрініс тапты. Соның нәтижесінде 26 заң қабылданған, тағы 10 заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұған қоса, әкімшілік-аумақтық құрылыс пен ішкі саясатқа қатысты маңызды жарлықтар қабылданып, бірқатар стратегиялық жоспарлар жүзеге асырылуда.
Болашақтағы жаңа формат
Алдағы уақытта Ұлттық құрылтайдың институционалдық форматы өзгереді. Сарапшы жаңа конституциялық жобада бұл алаңды Халық кеңесіне трансформациялау қарастырылып отқанын алға тартты.
Бұл орган заңнамалық өзгерістерді көтеріп, референдум өткізу бастамасын ұсыну мүмкіндігін алмақ. Сарапшының саралауынша, мұндай өкілеттіктер кеңесші форматтағы органның саяси ықпалын күшейтуі мүмкін.
Риззат Тасымның пікірінше, жаңа құрылымның тиімді болуы оның құрамына байланысты. Егер оған жас буын, түрлі кәсіби қауымдастық өкілдері және қоғамдық пікірдің әртүрлі бағыттарын білдіретін тұлғалар кеңінен тартылса, бұл орган шынымен инклюзивті және сараптамалық алаңға айналуы мүмкін.