«Үлкендердің ойынына араласпаған абзал» – Дипломат әлемдік құпия күштердің астыртын әрекеті туралы айтты
Қазақстандық дипломат Қазбек Бейсебаев беймәлім күштердің әлемнің түкпір-түкпірінде соғыс өртін тұтындыруға ұмтылып жатқанын айтады.
Оның айтуынша, Иран президентінің оқыс жағдайда қаза табуы да әсте тегін емес. Өйткені, Иран – әлемдік саясаттағы маңызды әрі салмақты ойыншы. Президенттің опат болуы жалпы әлемдік оқиғаларға арқау бола алады.
«Бұл оқиға соңғы күндері болып жатқан өзге де төтенше жағдайлармен үйлесіп тұр. Олар – Словакия премьер-министріне жасалған қастандық және Түркияда болуы мүмкін төңкеріс туралы қауесет. Мұның бәрі Украина мен Газада болып жатқан соғыспен тұспа-тұс келіп отыр», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Бішкектегі шетелдік студенттер мен жергілікті жастар арасындағы төбелес Қырғызстан мен Пәкстанның арасына жік туғызған.
Әлемді өртке орауға қауқарлы бұл қандай күш? Осы жөнінде NEGE тілшісі Қазбек Бейсебаевтың өзінен сұрап көрді.
– Әлемде оқыс оқиғалар жиі болып жатыр. «Бұл тегін емес» деп күдік білдірдіңіз. Ойыңызды тарқатып айтып бере аласыз ба? Мұның артында кімдер тұруы мүмкін?
– Мұның бәрі әсте тегін емес. Таяуда «Сауд Арабиясының басшысына қастандық жасалды» деген сыбыс шықты. Одан кейін Словакияның премьер-министріне оқ атылды. Қазір ол ауруханада жатыр. Ердоғанның билігін төңкергісі келгендер жайлы сөз болды. Енді міне, Иран президенті Раиси опат болды. Үш тікұшақтың екеуі аман. Тек президент отырған тікұшақ құлаған. Алдағы уақытта мұндай оқиғалар тағы да қайталануы ықтимал.
Әрине, осы оқиғалардан кейін түрлі сұрақтар туындайды. Бұлар аяқ астынан болған оқиғалар ма, әлде, арандатушылық па?
– Дүние жүзінде арандату жасауға қабілетті беймәлім күш бар екені туралы айтып қалдыңыз? Нақты кімді меңзедіңіз?
– «Әлемдік үкімет» деген ұғым бар. Солардың істеп отырғаны болуы мүмкін. Әлемдік үкіметте ұлттық мүдде болмайды. Тек қана өз мүддесі бар. Қазіргі жағдайды таразыласақ, олардың соғысқа мүдделі екенін аңғарамыз.
Мәселен, қазір Ресей мен Украина соғысып жатыр. Оның пайдасын көріп отырған – АҚШ. Өйткені, экономикалық жағынан Еуропа әлсіреді. Одақтас болса да, арасында өзара бәсекелестік бар. Еуропаның зауыттары АҚШ-қа көше бастады. Қытай да пайда көріп жатыр.
Иранға келсек, қанша жыл қысымның астында қалса да, мықты ел екенін көрсетті. Ақ жалау көтерген жоқ, әлі берілмей келеді. Ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы, мың жылдық тарихы бар елдің президенті Ибраһим Раиси аяқ астынан опат болды.
Неше түрлі ойын жүріп жатыр. Әлемдік үкімет жаһандық өрт шығарғысы келіп тұрған сыңайлы.
– «Бүкіләлемдік үкімет», «масондар» туралы аңыз әңгімелер көп. Бұған біреу сенеді, біреу сенбейді. Сіздіңше, бұл қаншалықты рас?
– Мен де бұрын осылай ойлайтынмын. Сеніңкіремейтінмін. Бірақ соңғы кездегі оқиғаларға қарағанда, әлдебір алпауыт күштің бар екені байқалады.
Украинадағы соғыс не үшін болып жатыр? Өйткені, Израильдің жағдайы өте қиын. «Халқы түбі Қара теңіздің жағасына көшуі мүмкін» деген де әңгіме бар. Бұл рас болса, онда әлем үкіметі бар деп ойлауға болады.
Тарихқа келсек, 1945 жылғы соғыстан кейін Қырымда еврей үкіметі құрылуы тиіс болған. Оған Сталин қарсы болды. Қара теңіздің жағалауы – өте құнарлы жер.
Десе де, бүкіләлемдік үкімет туралы нақты дәлел жоқ. Бірақ қисын бар.
– Сонда, Бішкектегі оқиғаның да бір ұшы осында жатыр демексіз бе?Бізге де қауіп бар ма?
– Қырғызстанда Пәкстанның студенттеріне шабуыл жасалды. Бізде де бір сылтаумен халықты көтеріп жіберуі әбден мүмкін. Алдымен өрт шығып, соңы соғысқа ұласуы ғажап емес.
Айталық, Қаңтар оқиғасы неден басталды? Жай ғана газ бағасының қымбаттауынан. Артынша бүкіл Қазақстан көтерілді.
Сондықтан сақ болуымыз керек. Қазақстан екі үлкен державаның арасында тұр. Солтүстігінде – Ресей, Шығысында – Қытай. Әлеуметтік наразылық күшейсе, әрине, халық көтеріледі. Бізде де өрт тұтындыру – оп-оңай нәрсе. Бүкіләлемдік үкіметке басқа жерлерден соғыс өртін шығару қиын шаруа емес.
– Олардың бізге қатысты қандай мүддесі болуы мүмкін?
– Мәселен, олардың Ресейді тұқыртқысы келеді делік. Біз – Ресейдің көршісіміз. Бүкіләлемдік үкіметтің дұшпаны – Қытай. Бізде өрт шықса, бұл екі елге ықпалы болады. Екі елге де әсер етеді. Бізді сондай арандатушылыққа пайдалануы мүмкін. Осындай қауіп бар. Мұны жалғыз мен айтып жатқаным жоқ. Дербес, тәуелсіз сарапшылар да осы пікірді қолдайды.
Мен нақты солай болады деп болжам айтпаймын. Бірақ мүмкіндігі бар екенін меңзеп отырмын.
– Бүкіләлемдік үкімет бар дейік. Оларға Қазақстан секілді шағын ел қалай қарсы тұра алмақ?
– Біз бар мәселеге Қазақстанның мүддесі тұрғысынан қарауымыз қажет. Осындай үлкен ойында біреудің шахмат тасы болмағанымыз жөн. Көбі бір шындықты түсінбейді: біреулерге Украинаның демократиясы емес, тек қана жері керек болып тұр. Соңғы оқиғалар тізбегі бізді осындай ойға жетелеп отыр.
Біз мықты, біртұтас, берік ел болуымыз керек. Бір идеологияны ұстанғанымыз жөн. Экономиканы көтеру керек. Басқалардың сөзіне алданбай, тек қана өзімізді ойлауға тиіспіз. Үлкендердің ойынына араласпаған абзал.