5 Ақпан 18:25

«Үкіметтің отставкаға кетуі таң болған жоқ» – Мәжіліс депутаттары

Отставка
Фото: ғаламтордан

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Үкіметі отставкаға кетті. Мұны Парламент Мәжілісі депутаттары «дұрыс шешім» деп есептейті.

NEGE тілшісі Үкіметтің отставкаға кету себебін Мәжіліс депуттарынан сұрап көрді.

Айдос САРЫМ: Жаңа заманда жаңа динамика керек

Сарым
Фото: ғаламтордан

– Таза экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан және жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, Үкімет өзінің міндетін атқарды. Бірақ ашық та, жабық жиындарда Үкіметке, Әлихан Смайыловтың өзіне де айтқан болатынбыз, жаңа заманда жаңа динамика, жұмыстың қарапайым, халыққа түсінікті болуы тұрғысында көптеген сындар айтылды. Меніңше, осы тұрғыда көптеген мәселелер болды. Сол себепті бәлкім, бүгінгі президенттің кездесуінен кейін өзінің мәлімдемесін жариялап, отставкаға кеткен болар деп ойлаймын.

Жанарбек ӘШІМЖАН: Үкіметке ескерту жасағанбыз

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Өтпелі кезеңде Үкімет өзінің шама-шарқынша жұмыс істеді. Бірақ жаңа экономикалық саясатка серпін беретін, Үкіметтің жұмысын жетілдіретін президент қаншама тапсырмалар берді. Әсіресе, әлеуметтік салаларда, ол – білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдай саласында, өңірлердегі проблемалар сияқты мәселелерде шешімін таппады.

Оның сыртында біздің депутаттардың тарапынан саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани кеңістігіне қатысты жүздеген, тіпті мыңдаған сауалдар жолданды. Біз көптеген сауалдарға жаттанды жауаптар алып жүрдік. Біздің депутаттық сауалдарға қатысты арнайы өзіміздің фракцияның жиналысында да қарағанбыз. Үкіметке ескерту де жасағанбыз. Үкіметтің отставкаға кетуі күтілген де жағдай. Қоғам тарапынан, халық тарапынан үлкен сынға ұшыраған Үкіметтің бірі.

Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ: Жұмыстары шикі болды

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Біздің депутаттық мандат алғанымызға бір жыл болды. Қаншама депутаттық сауал жолдадық, соның барлығына «отписка» деп жатамыз ғой, дәл сондай жауап алып келдік. Өйткені біз депутаттық сауалда барлық фактіні, барлық заңсыздықты келтіріп және оның шешілу жолдарын ұсынамыз. Бірақ әр депутаттық сауалымызға келген жауаптан кейін қайтадан дөңгелек үстел өткізуге, қайтадан жиындар өткізуге вице-министрлер, министрлерді шақырып, бір ресми шешіммен шешуге болатын мәселені төрт, бес, алты жиынға дейін жасап барып, реттеуге тура келеді.

Екінші жағынан, Үкіметтің қорытынды беру деген қызметтік мансабы бар ғой? Сол бағыттарда да жұмыстары шикі жүрді деп айтсақ болады.

Әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде үкімет өзінің батылдығын көрсмете алмады. Қаңтар оқиғасы өтті, бірақ әлі күнге дейін биліктің деңгейінде өзгерістер болды дей тұрғанмен, халық әлеуметтік әділетсіздіктер толық жойылмағанын айтады. Әлеуметтік пакеттерді толық ала алмай жатқанын айтады. Осының барлығы Үкіметтің отставкаға кетуінің бірден-бір себебі болды деп ойлаймын.