«Үкімет уәдесін орындамады»: фермерлер несиесін төлей алмай жүр
Шаруа қожалығының өкілдері ауыл шаруашылығын дамытуға алған несиесін уақытылы қайтара алмай отыр. Себебі мемлекеттік субсидияны бірнеше жылдан бері ала алмай отыр.
Астана, NEGE. Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғыны Алмас Тасбатыров мал шаруашылығымен 15 жылдан бері айналысып келеді. Тәжірибелі фермер 2024 жылы мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында,несие алған. Алайда «жеңілдетілген» деп ұсынылған қарыз шаруаның жағдайын жеңілдетпей, керісінше, қаржылық тығырыққа тіреп отыр.
22 пайыздық несие және орындалмаған уәде
Алмас Тасбатыров ұзақ жылдар бойы ірі қара өсірген. Алайда соңғы жылдары жем-шөптің қымбаттауы мен шығынның өсуі табысты азайтқан соң, бағытын жылқы шаруашылығына бұрған. 50-ге жуық жылқы сатып алу үшін банктен 20 млн теңге несие рәсімдеген. Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 22%.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, оның 14 пайызы субсидияланып, фермер тек 6 пайызын ғана төлеуі тиіс болған. Дәл осы уәде шаруаны тәуекелге баруға итермелеген.
Алайда іс жүзінде субсидия уақытында төленбеген. Соның салдарынан фермер несиенің толық пайызын өз қалтасынан төлеп отыр.
«2024 жылы 20 млн теңге алдым, содан бері толығымен өзім төлеп отырмын. 2034 жылға дейін төлеймін. Біздің сол түсінбейтініміз – о бастан бұл жеңілдетілген несие деп бекітілгеннен кейін 22 пайыз емес, бірден 6 пайыз етіп көрсетпеген. Неге күрделендіріп жіберген? Ол жас малды жақсы бағаға сату үшін уақыт керек. Оны күту керек, өсіріп баптау керек. Нәтижесінде қомақты соманы төлеп қиналып отырмын», – дейді фермер.

Қазір ол жыл сайын 5–6 млн теңгеге жуық несие төлейді. Соның салдарынан шаруашылықтың табысы түгелге жуық банкке кетіп, банкрот болу қаупі күшейген.
«Жылына бір реттен төлейміз ғой, әр жылы 6 млн теңгеге жуық төлеймін. Егер үкімет сол уәде еткендей уақытылы пайызын азайтқанда, менің шығыным қазіргі сомадан 60-70 пайызға аз болар еді», – дейді Алмас.
Тығырыққа тірелген Алмас Тасбатыров қана емес. Жетісу өңірінде дәл осындай қиындыққа тап болған фермерлер жүздеп саналады. Бірі техника жаңартамын деп, енді бірі мал басын көбейтемін деп несие алған. Бірақ жоғары пайыздық жүктеме шаруалардың қолын байлап отыр.
Фермерлердің айтуынша, 2024–2025 жылдары несие алғандарға «кезекте тұрсыздар» деген жауап қана беріледі. Субсидияның қашан төленетіні белгісіз.
Фермерлер қауымдастығы не дейді?
Фермерлер қауымдастығы депутаттарға жолдаған хатында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау соңғы жылдары жүйелі түрде кешіктіріліп отырғанын нақты деректермен келтірген. Қаржы институттары арқылы берілген несиелердің жылдық мөлшерлемесі 22–24 пайызды құраса, мемлекет өтеуі тиіс 16–18 пайыздық субсидия бірнеше жыл бойы уақытында төленбеген. Қауымдастықтың мәліметіне сәйкес, Жетісу облысында инвестициялық субсидия бойынша 4,1 млрд теңге, ал пайыздық субсидия бойынша 2,4 млрд теңге берешек жиналған.
Сонымен қатар 2023–2025 жылдары қолайсыз ауа райы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жүйесінің әлсіздігі шаруалардың табысын едәуір қысқартқан. Соның салдарынан сол жылдары несие алған көптеген шаруалар бүгінде ауыр қаржылық жағдайда қалып отыр.
«Фермерлер кінәлі емес»
Ауыл шаруашылығы қауымдастығының Жетісу облысы бойынша филиалының басқарма төрағасы Асқар Шарипов Nege.kz тілшісіне берген сұхбатында фермерлердің қаржылық тығырыққа тірелуіне жүйелік мәселелер себеп екенін айтты.

«Пайыздық субсидиялар кешікті, өнім өткізу тетіктері әлсіз, ауа райы қолайсыз болды. Соның салдарынан шаруалар табыссыз қалып, несиесін уақытында жаба алмады. Олар банкрот болуға жақын. Мұндай дағдарысқа тап болған фермерлер жүзден асады. Несие тарихының бұзылуы – олардың кінәсі емес», – дейді ол.
Қауымдастық «КазАгроНесие» мен «ҚазАгроҚаржыдан» фермерлердің несие тарихына енгізілген теріс мәліметтерді алып тастауды сұраған.
Депутаттар ұстанымы мен министрліктің уәжі
«Ауыл» партиясының мәлімдеуінше, депутаттар бұл мәселе бойынша Үкіметке бірнеше рет сауал жолдаған. Қазіргі таңда жинақталған берешекті өтеу үшін алдағы жылдардың бюджеттерінен қаржы қарастыру ұсынылып отыр.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі пайыздық субсидиялау 2023 жылдан бастап жергілікті бюджеттердің құзыретіне берілгенін айтады. Министрлік дерегінше, өңірлерге жыл сайын 80 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенімен, республикалық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмаған.
Ведомство қолданыстағы ережеге сай, субсидия уақытында түспесе, пайызды фермердің өзі төлеуге міндетті екенін еске салды. Кейін қаражат аударылған жағдайда, банк артық төлемді қайтаруы тиіс.
Сонымен қатар министрлік соңғы екі жылда жоғары пайызды субсидиялау моделінен бас тартып, жылдық 5–6 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие беру тетігіне кезең-кезеңімен көшіп жатқанын хабарлады.
Қазіргі таңда бұл механизм көктемгі дала жұмыстары, техника лизингі, қайта өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарын қаржыландыру бағыттары бойынша ғана іске асырылып жатыр.