Үкімет Парламенттің құқығын НЕГЕ шектегісі келеді?
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Алайда депутаттар бұл заң жобасына қарсылық танытып, тіпті мүлдем бас тартатындарын айтты.
Заң жобасы ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге; қызметтік ақпаратты «ҚБПҮ»-ға жатқызудың қолданыстағы тәртібін жетілдіруге; салалық заңнамада ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету тетіктері мен құралдарын бекітуге; мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге және тағы да басқа нормаларды қарастырған.
Мәжілісмендер «заң жобасы Конституцияға қайшы» деп сынап, заңның олқылықтарын баса айтты.
Алғашқы болып сұрақ қойған депутат Абзал ҚҰСПАН аталған заң жобасы Конституцияға қайшы деп есептейді.
– Бұл заң жобасы біздің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде үлкен сынға ұшыраған. Бұл әдеттегі заңдарға қарама-қайшы ғана емес, бұл жерде Конституцияның нормасы бұзылып отыр. Конституцияның 61-бабының, 1-тармағында «заң шығару бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі» деп анық көрсетілген. Ал мына заң жобасындағы 17-2-бабын алып қарайтын болсақ, мұнда депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу тікелей көзделген. Сонымен қатар президенттің «күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» деген формуласына негізделген бастамасына да тікелей қайшы келіп отыр. Бұл бастамаға сәйкес, Үкімет парламенттің алдында есеп беретін болса, бұл заңда керісінше, Парламент депутаттарын заң шығарушылық бастамада Үкіметке бағындырып қоймақшы. Қалайша Конституция нормаларын бұзатын заң шығармақсыздар?!» – деді Абзал Құспан.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр ҚАДЫРОВ депутат А.Құспанның сұрағына жауап бермек болған еді, отырыс модераторы, депутат Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ тізгін өзінде екенін, вице-министрге әлі сөз бермегенін ескертіп, тыйып тастады.
– Мына жерге депутаттар өздері тым көп заң жобасын дайындағанына байланысты осындай норма керек деп жазып қойыпсыздар ғой. Бұл сөз саптауының өзі сұрақ тудырады. Мұны қалай түсінеміз?! – деді А.Аймағамбетов.
Вице-министр Данияр Қадыров бұған өз уәжін айтты.
– Негізі біз бұл норманы қабылдар алдында ақпаратқа қолждетімділікке қатысты салалардың барлығын қарап көрдік, сонда депутаттардың заңнама бастамаларын жасар алдында БАҚ-пен, Үкіметтік емес ұйымдармен, белсенділермен талқылау мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанбыз. Біз осыны ғана көздедік, –деді вице-министр.
Депутат сұрағына жауап беруді Әділет вице-министрі Алма МҰҚАНОВАДАН сұраған еді, ол тым ұзақ жауап беріп, өз уәжін «болып табыладымен» аяқтады.
Келесі сөз кезегін алған депутат Магеррам МАГЕРРАМОВ та вице-министрлердің сөзіне қарсы пікір айтты.
– Сіздер қазір парламентті «есеп беруші» жасағыларыңыз келіп отыр. Бұлай сіздер депутаттарды емес, халықты бақылауға алмақшы болып отырсыздар, – деді депутат М.Магеррамов.
Ал мәжілісмен Мұрат Әбеновтің пікірі төмендегідей:
– Қазір Парламенттің барлық бастамасы Үкіметке ұнай бермейтінін біліп отырмыз. Біз заң жобаларын ашық талқылаймыз, түсініксіз бастамаларды қайтарып жібереміз. Қазір олигархия бұрынғыдай өз мүдделерін нормативтік актілер арқылы шеше алмайды. Бізге кей мәселелерді түзетуге тура келіп жатыр, – деген Мұрат Әбенов аталған заң жобасынан мүлдем бас тарту керек деп мәлімдеді.
– Бұл заң жобасынан жартылай немесе толықтай бас тарту ұсынылған. Мен толықтай бас тартуды қолдаймын. Себебі бұл принциптік мәселе, – деді депутат МӘбенов.
Осылайша, «Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу туралы» заң жобасын депутаттар сынның астына алып, мақұлдамай тастады.