6 Желтоқсан 10:00
...

Түркістандағы өнеркәсіп кешендерінің дамуы және ғылымның үлесі

өндіріс
Фото: ғаламтордан

Түркістан – қазақ руханиятының темірқазығына айналған киелі мекен. Бүгінде жаңарған Түркістан өңірі дамудың даңғыл жолына түсті. Өңірдің экономикасы мен ғылым саласында айтарлықтай жетістіктер байқалады. Президент тапсырмасымен өңірде инвестиция тарту, өндірісті дамыту және ғылымды қолдау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.

Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республика көлемінде көш бастап келеді. Жыл басынан бері өңірге 888,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруда үлкен серпін берді. Әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің даму тәжірибесі көрсеткендей, өркениетке жетудің басты жолы өндірісті дамытуға негізделген. Осы бағытта өңірде алғаш рет «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында 151 өндірістік ғимарат салынып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Паркте жаңбырлатып суғару қондырғыларын, жиһаз, мұздатқыш, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей бастады.

Өңірдің халықаралық ынтымақтастығы да нығаюда. Түркістан облысы кәсіпкерлерінің шетелдерге сапарлары ұйымдастырылып, ірі компаниялармен бірқатар маңызды келіссөздер жүргізілді. Шетелдік инвесторларды өңірге шақыру нәтижесінде жаңа жобалар қолға алынып, өндірістік кәсіпорындар ашылуда. Бұл қадамдар өңір экономикасын әртараптандырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратындықтан, ауыл шаруашылығын дамыту маңызды басымдық ретінде айқындалған. Заманауи су үнемдеу технологиялары егістік алқаптарында кеңінен қолданылуда, жаңа дақылдар мен элиталық сорттар өсірілуде. Осы бағытта үш өндіріс орны ашылып, су үнемдеу технологияларының қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Түркістан – мақта өсіретін еліміздегі жалғыз аймақ. Өңірде мақтаның элиталық сорттарын өсіру және терең өңдеу мақсатында мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығының тағы бір маңызды бағыты – ет экспорты. Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша елде көшбасшы болып табылады. Австралияның тәжірибесіне сүйене отырып, ет кластерін дамыту жоспары қолға алынған. Бұл ет өнімдерін өңдеу мен экспорттау саласында өңірдің мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ғылым мен білім беру саласы да назардан тыс қалмаған. Өңірде заманауи аграрлық технологияларды енгізу мен ғылыми зерттеулерді дамыту үшін жаңа бастамалар жүзеге асырылуда. Осы қадамдар Түркістанды тек рухани орталық ретінде ғана емес, сонымен қатар заманауи экономикалық және ғылыми инновациялардың үлгісі ретінде танытады.

Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу жұмыстары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Ордабасы ауданында қыш зауытының құрылысы басталды. Бұл жобаға Қытайдың озық технологиялары енгізіліп, заманауи өндірістік стандарттар қолданылады. Зауыттың дер кезінде іске қосылуын қадағалау басты назарда, ал жұмыс істеуге дайын, халықты жұмыспен қамтуға ұмтылатын кәсіпкерлер мен инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Өңірдегі ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі – мақта кластерін дамыту. Бұл саланы жетілдіру үшін шаруаларға өнім сапасын арттыруға және инвесторлар тартуға барынша қолдау көрсетілуде. Ордабасы ауданының Төрткүл ауылында орналасқан мақта өңдеу зауыты – осы бағыттағы жұмыстың жарқын мысалы. Зауытта сапалы түркиялық ұрықтар пайдаланылады, ал келесі жылдан бастап 250 гектар жерге тамшылатып суару технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл өнімділікті арттыруға септігін тигізеді. Қазіргі таңда зауытта 300-ден астам азамат жұмыс істеп, өндірілген мақта талшығы Балтық жағалауы елдеріне, Ресей мен Беларуське экспортталуда.

«Бадам» индустриалды аймағы өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр. Мұнда алюминий профиль бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Жобаның бірінші кезеңінде 200 жұмыс орны ашылса, екінші кезеңде тағы 150 азамат жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, индустриалды аймақта газоблок шығаратын зауыттың, балалар ойын алаңшаларын өндіретін кәсіпорынның, темірбетон және металл бұйымдарын шығаратын өндіріс орындарының құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

Әкімдік тарапынан өндіріс орындарын ашуға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және түрлі әкімшілік кедергілерді азайту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл қадамдар кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Кәсіп иелеріне қолдау көрсетіле отырып, сапалы жұмыс және заманауи өндіріс талаптары қойылады. Осылайша, Түркістан облысы экономикалық өсудің және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттырудың жаңа кезеңіне аяқ басуда.

Қорытындылай келе, Түркістан облысындағы экономикалық кластер мен ғылымның дамуы аймақтың ғана емес, бүкіл елдің дамуына үлес қосатын стратегиялық бағытқа айналды. Шетелдік тәжірибелерді меңгеру, инновациялық технологияларды енгізу және ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету – өңірдің ғылыми базасын нығайтуға бағытталған. Ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында инновациялық шешімдер енгізу өнімділікті арттырып, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту мен халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесі енді экономикалық және ғылыми дамуымен де нығайып, өңірді жаңа деңгейге көтеруде.