Ел бойынша екі-ақ дәретхана әлемдік талапқа сай: екеуі де – Нұр-Сұлтанда
«Отандық туризмді дамытамыз» деп аттандап келе жатқанымызға біраз болды. Бағдарлама қабылдап, қаржыны да аз бөліп жатқан жоқ. Бірақ біздің атқамінерлер осы уақытқа дейін бір нәрсені түсінбей келді. Кез келген мәселені ұсақ-түйектен бастау керектігін енді ғана ұққан сияқты.
Отандық туризмнен табыс табу үшін әуелі қызмет көрсету сапасын жақсарту керек. Ол ол ма, бағаны да шарықтатып жібереді. Егер сапа соған сай болса, мейлі ғой. Ал шетелге жиі шығатындар сол ақшаға алыс-жақын кез келген мемлекетте демалуға болатынын айтып бәйек. Біздікі – тек пайда табу жағын ғана көздеу.
Жақында ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен әңгімелестім. Талай жылдан бері Түркияда тұрып, түркітілдес мемлекеттердің арасында мәдениет елшісі болып жүрген Дүйсен ағаның отандық туризмді дамыту дегенде шығарға жаны бөлек. Бұл елдің кез келген шағын қаласы туристерге толы. Және бұдан елге мол табыс түседі. Қысқасы, қолда барды ұқсатып отыр. Осыны көзбен көріп, іштей «әттеген-ай» дейтін Дүйсен Қасейінов мына бір мысалды айтты:
«Түркістан қаласына бара жатқанда Тараздағы Қарахан кесенесі мен Айша бибі мазарына соқтым. Жанымда түркиялық азаматтар бар еді. Олар да таңқалып жатыр. Келесі түркі әлемінің мәдени астанасы – Тараз қаласы болуға лайық десті. Бізге туризм саласында көп нәрсе үйрену керек. Әсіресе, біздікілер Түркияға демалуға барады. Бірақ үйренбейді. Қызмет көрсету саласын жақсарту керек. Менталитетті өзгерту қажет. Жолымыз қандай? Қазақстанда бір қала мен екінші қаланың арасы ұзақ. Жасыратын несі бар, дұрыс дәретхана жоқ. Қай турист барады? Ал қыстыгүні ше? Бұл ұят емес пе? Биік мінберлерден туризмді дамытамыз деп сайрап жатады. Айналайын-ау, әуелі дәретханаңды жөндеп алсайшы. Барлық нәрсе ұсақ-түйектен басталмай ма?!» дегенде тілімізді тістеп қалған едік.
Бұл мәселе жиі көтерілсе де, нақты шешімін қарастыру жағына немкетті қарағанымыз көзге ұрып тұр. Осы жазда Алматы облысындағы табиғаты көрікті жерлерге бардық. Көлсай мен Қайыңды көлі, Түрген мен Шарын шатқалына жан-жақтан ағылған туристерді көріп, қуандық. Бірақ олар ұялы байланыс пен дәретхананың жоқтығын айтып, қызартқан еді. Сол кезде экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының «Біз туристік державаға айналамыз» деген пікірі ойға оралып, еріксіз мырс-мырс күлдік.
«Мың дәретхана» жобасы қашан жүзеге асады?
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын таныстырған экс-министр АҚШ, Канада, Франция, Испания, Түркия, Араб Әмірліктері қатарлы 10 туристік державаға кіруге мүмкіндік беретін 10 стратегиялық шараны таныстырған. Жобадан күтілетін нәтиже керемет енді. Мәселен, ел экономикасына 2 мың доллар қалдыратын шетелдік туристердің саны 3 млн, ал ішкі туристердің саны 9 миллионды құрамақ. Сөйтіп, елдің ЖІӨ құрылымындағы туризмнің үлесі 9,6 млрд АҚШ долларынан 16 мдрд-қа дейін өседі-міс.
Бұдан соң ҚР Мәдениет және спорт министрлігі: «Біз Қазақстандағы ең әлеуетті он туристік орынға мың әжетхана салу жобасын жасап жатырмыз. Олар неміс технологиясы бойынша салынады, жеке инвесторларды таптық. «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы да өз көмектерін беруге келісті. Әкімшіліктер де бұл жұмысқа тартылады. Оларды сақтап тұру үшін қатысты министрліктермен келісіп жатырмыз. Нақты есебін 2-3 жұмада бітіреміз. 2025 жылға дейін дәретхана мәселесін шешуді қарастырып жатырмыз», – деді.
Осылайша, Үкімет дәретхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдік жасамақ. Әсіресе, туристік аймақтарға алып баратын тас жолдардың бойынан әжетхана салған адам салықтан босатылады, мемлекеттік субсидияға ие болады. Дәлірегінде, «Туризм туралы» заңда: «Жол бойында қызмет көрсетін орталық, әжетхана салған бизнесменге жеңілдік жасалсын» деп бадырайтып жазылған. Енді кәсіпкерлер тойхана емес, әжетхана салудан жарысса, қанекей?!
23 миллион теңге желге ұшпаса...
Алматы облысының тас жолы бойында 328 сервистік қызмет көрсету орталығы болғанымен, оның тек 150-і ғана стандартқа сай келеді. Қалғанында не көлік тұрағы жоқ, болмаса басқа талаптар орындалмаған. Алматы-Талдықорған тас жолымен тәулігіне 20 мыңға жуық көлік қатынайды. Ондағы жолаушыларға 30 сервистік орталық қызмет көрсетеді екен.
Сервистік қызмет көрсететін орталыққа көлік жөндейтін тұрақтар мен қоғамдық дәретхана да жатады. Күре жолдың бойында олардың 42-сі тұр. Жолаушылар сол қажеттілік орындарының күтіміне көңілі толмайтынын айтады. Енді оның орнына әрбір 50 шақырым сайын санитарлық-гигиеналық нысандар тұрғызылады. Жол бойындағы сервистік қызмет көрсету орталықтары 4 санат бойынша тексеріледі. Барлығында көлік тұрағы, дәретхана, дүкен, демалыс орны болуы керек. Осының біреуі жоқ болса, нысан талапқа сай емес деп есептеледі.
«Қазақстанда жол бойында 23 миллион теңгеге әжетханалар салынады» дегенді естігенде, қуанбаған адам кемде кем. Бұл қаржыға 2022 жылға қарай тас жолдарда 304 нысан салу жоспарланды. Қазір 14 санитарлық-гигиеналық торапты салу жұмыстары жүргізіле бастады. Жаңа үлгідегі әжетханаларда су ағызудың вакуумдық жүйесі мен күн сәулесінен қуат алу қондырғысы сияқты «жасыл» технологиялар болады. Сондай-ақ, бұл әжетханалардың тазалық жұмысын инвесторлар 5 жыл бойы өз қаражатына жүргізіп отырады. Егер осы талаптарға сай жұмыс істесе, келісім-шарт әрі қарай жалғасады. Ал қандай да бір кілтипан шықса, 4 пайыз мөлшерде айыппұл төлеуі тиіс. Мұны халықтың өзі-ақ суретке түсіріп, «ҚазАвтоЖол» мекемесіне жолдай алады. Осылайша, әр ай сайын инвестор жұмысы бағаланып отырады екен.
Нұр-Сұлтанның дәретханалары ғана талапқа сай
Жалпы, елімізде әлемдік стандартқа сай екі-ақ әжетхана бар екен. Ол – Астанадағы Назарбаев халықаралық әуежайы мен «Нұрлы жол» темір жол вокзалындағы дәретхана. Енді күре жолдың бойындағы дәретханаларды да осы деңгейге жеткізсек, сонда ғана туризм алға жылжып, табыс әкелуі мүмкін.
Динара Мыңжасар