23 Тамыз 19:13
...

Тұрақтылық пен тыныштық – тоқтықта!

Фото:

Әміржан Қосан, саясаткер

Жаңа Қазақстан бастамасының барша халық қолдаған бір игі ісі бар. Ол – күні кешеге дейін экс-президенттің өзіне, оның отбасына, қала берді бас билікке бір табан жақындығын пайдаланып, халықтық меншікті басыбайлы иеленіп, соларды сатып не жалға беру арқылы шылқыған байлыққа кенелген ат төбеліндей олигархтардың қолындағы тұтас салалар мен зауыт-фабрикалардың басшыларын ауыстыру ісі.

Шын мәнінде, керек-ақ нәрсе!

Қанды қаңтар трагедиясынан кейін бұл процесс үдемелі сипат алып, мұнай мен газ, алтын мен мыс, алюминий мен хром өндіретін іргелі кәсіпорындарды біріктірген салаларға жаңа менеджерлер келе бастады.

Оны да құба-құп дедік. Жаңа Қазақстанға жаңа экономика, оның жаңа жетекшілері керек-ақ.

Бірақ, осынау аса маңызды шешімдер қабылданған кейін жеті айдан асса да, әлемдік дағдарыс, пандемиялық шектеулер, украин-ресей соғысының санкциялық салдарынан (ең бастысы, білімді де білікті басқарушылар болмағаннан) әбден әлсіреп қалған Қазақстан экономикасы осы табысты салалардың қаржылық қолдауын көрді ме? Ол көмекті жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген кезінде көрмегенде, қашан көреміз?

Күнделікті мемлекеттік қаржы жүйесі мен бюджетті бақылап жүрген мамандардан сұрасам, олар да бұл сұраққа мардымды жауап бере алмайды.

Неге? Меніңше, оның үш себебі бар.

Біріншіден, Назарбаевтың отбасы мен оның жақын-жұрағаттарына тиесілі салалар мен нысандардағы менеджментті ауыстыру ісі жабық түрде, қоғам бақылауынан тыс өтуде. Кім, нендей қасиеттері үшін, неліктен кешегі дариға, тимур, динара, әлиялардың, олардың туыстары мен достарының орнына тағайындалып жатыр? Олардың өз қызметін атқарудағы стратегиясы мен тактикасы қандай болмақ? Сеніп тапсырылған салаларға нендей реформа жасамақ?

Бұл мәселелер ашық талқыланып жатқан жоқ. Неге олар парламент мінберіне шығып, өз жоспарларымен бөліспейді?

Меніңше, Жаңа Қазақстанда ескі Қазақстанның архаизмдерінен арылу ісі дәл осыдан басталуы тиіс. Керек болса, Қазақстан экономикасының негізін құрайтын ұлттық компаниялардың бірінші басшыларын Парламент секілді халықтық болуға тиіс ұжымдық орган балама түрде, тиісті талқылаудан кейін ғана бекітуі тиіс.

Сонда біз тағы да бір «отбасылық экономиканы» құру қаупінен құтыламыз.

Екіншіден, басшылары формальды түрде ауысса да, қосшылары сол қалпында қалған сияқты. Біздің дипломат-президенттің командасында ішкі саясат пен экономика, салық, қаржы, өнеркәсіп секілді маңызды салалардың мамандары аз-ау деймін. Сол себепті кеше Назарбаев кланында атқосшы болғандар бір күнде өңін айналдырып, жаңа президенттің сеніміне ие болған сыңайлы.

Бұл дегеніңіз – басшылар ауысса да, қосшылар сол қалпында, сол құзыретінде қалады деген сөз. Мұның өзі жаңадан келген басшылардың өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен компанияларға әділетті аудит жасауына өз кедергісін тигізері хақ: қосшылар кешегі қожайындарының сырын айта қоймас, әрі бұған дейінгі былық-шылық пен ұрлық-қарлыққа өздері де қатысты болуы әбден мүмкін. Ал ондай тексерусіз кешегі басшыларға кінә тағудың өзі қиын.

Үшінші себептің қаржылық сипаты бар.

Шынын айту керек, кешегі құдайсымақтар ресми қызметтерінен айырылса да, капиталдары мен активтеріне ие болып қалған секілді. Яғни, қаржылық ағындарға олар әлі де бақылау әрі ықпал жасай алады деген сөз.

Мұны айтатын себебім – «халық байлығын сатудан түскен қыруар қаржы бұрын жеке адамдардың қалтасына құйылса, енді мемлекет қазынасына құйылуда» деген ресми ақпаратты әлі де ести алмай жүрміз.

Ондай қаржы бюджетке түссе, билік сол күні-ақ жерден жеті қоян тапқандай алақайлап, есеп берер еді ғой.

Осынау қисынды мәселенің шешілмеуінің артында не тұр?

Кешегі қожайындардың саяси саботажы ма? Жаңа Қазақстанға жеңімен сәлем берген олардың реформаларға деген іштей қарсылығы ма? Жығылып жатқанға жұдырығы ма? Алда, яғни 2024 жылы келе жатқан президент сайлауында саяси реванш алуға дайындығы ма?

Олардың өз меншіктерін құқықтық түрде алдын-ала тиісті түрде рәсімдеп қоюында ма? Шикізат компанияларының біразының шетелде өз иммунитеті бар ма? Ол жағын да ашық қарастыру керек.

Бір сөзбен айтқанда, президент Тоқаевтың экономикалық командасының таяу арада бас қатырар басты ісі осы болуы шарт. Шақшадай басы шарадай боп, шетел кезіп, инвестиция сұраумен қатар, президент ел ішіндегі осы резервтерге назар аударғаны абзал деп санаймын.

Әйтпесе, бітеу жара жарылғандай, 30 жыл бойына Назрабевтың тұсында өз шешімін таппай, әбден қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемалардың дәл Тоқаевтың тұсында бұрқ ете қалмасына кім кепіл?!

Сол себепті экономикалық жағдай одан сайын қиындап, қаржы дефициті елді одан бетер ызаландырып, Жаңа Қазақстан идеясы далада қалуы мүмкін: аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды. Ораза, намаз секілді, тұрақтылық пен тыныштық – тоқтықта!

Бәлкім, қаржы мәселесінің ушығуын қалап отырған белгілі бір күштердің діттегені де сол болар?!

Тегтер: