6 Тамыз 16:00
...

Тұра берсін. НЕГЕ Ұлттық Банк базалық ставка туралы әңгімелерге нүкте қойғысы келеді?

Фото:

Сарапшылар мен популистер түртпектеп қоймағандықтан, Ұлттық Банк атынан төрағаның орынбасары Ақылжан Баймағамбетов бизнес басылымдарға шығуға мәжбүр болды. Басты сұрақ – базалық ставка және оның неге 9 пайыздан түспей қойғандығында болатын.

«Біз ішкі жалпы өнім осы жылдың бірінші жартысында 1,5 пайызға қысқарады деп күткен едік. Бірақ оның біз болжағаннан да көбірек төмендегенін байқап отырмыз (-1,8%)», - деп түсіндіреді, Баймағамбетов. «Бұл нені білдіреді. Сұраныс азайып, тиісінше инфляция да бәсеңдейді».

«Жылдың аяғында күтілетін инфляцияны ескере отырып, нақты базалық ставка деңгейі қазір 0,5-1% құрап отырғанын айту керек. Яғни, біз қазіргі ақша-несие саясатын едәуір жұмсарта алдық. Базалық ставканы белгілей отырып, біз инфляциялық тенденциялар мен маңызды экономикалық көрсеткіштерді барлық жағынан бағамдап, оңтайлы шешім табуға тырысамыз».

Бұған дейін біраз сарапшылар экономиканы қалпына келтіру үшін базалық ставканы 4-5%-ға дейін төмендету керектігін мәлімдеп келген болатын. Оған жауап ретінде Ұлттық Банк нақты дәлелдер келтірді.

Баймағамбетовтың айтуынша, ставканың бұлай күрт төмендеуі іс жүзінде айтарлықтай жағымсыз салдарға әкеледі.

«Қарапайым мысалмен түсіндірейік. Ертең Ұлттық Банк ставканы 4 пайызға дейін төмендетсе, не болатынын елестетіп көріңіз. Онда банктер депозит бойынша мөлшерлемені 4-5 пайызға дейін төмендетуі керек. Жыл соңында 8-8,5% коридорымен болжанып отырған инфляцияны ескерсек, салымшылар қандай шешім қабылдайды? Әрине, олар бірден шетел валютасына ауысады. Теңгелік депозиттер жабылады. Ал депозиттер өз кезегінде банктегі ақша қорының 2/3 бөлігін құрап отыр. Демек банктер несие беруін күрт қысқартады. Өз кезегінде, экономика ақшасыз қалады. Адамдар жаппай валюта нарығында ойнай бастайды. Нәтижесінде, біз жоспарлағаннан мүлдем кері нәтиже шығуы мүмкін».

Ұлттық Банк ұстанымы бойынша, инфляция деңгейі ставканы төмендетуге еш мүмкіндік бермейді. Базалық ставка экономикадағы ақшаның нақты бағасын көрсетуі керек. «Егер бұл баға теңдестірілмесе, біз экономиканың дамуы үшін қажетті оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз», - дейді, Ақылжан Баймағамбетов.

Тақырыпқа орай: Экономикалық негізі жоқ қадам. НЕГЕ Ұлттық Банк базалық ставканы небары жарты пайызға түсірді?

 

«Қазір базалық ставканың жоғары болуына әсер етіп отырған үш фактор бар», - дейді, қаржыгер Владислав Туркин. «Көрші елдерде ставка деңгейі төмен екенін айтатындар көп. Бірақ бізді көрші елдермен салыстыруға болмайды. Ақшамыздың қазіргі құндылығы біздің экономикамызға сәйкес келетінін ескеру керек. Себебі, біздегі экономика құрылымы өзгешелеу».

«Екіншіден, бізде ақшаны доллармен жинайтын әдет бар. Сондықтан долларсыздануды тек жоғары ставка, яғни теңгедегі депозиттің анағұрлым тиімді болғанымен ғана іске асыруға болады».

Қаржыгердің сөзінше, негізгі проблемамыз, біздің экономикада кредит алатын тиімді жобалардың аздығында. Сондықтан Ұлттық Банк ставканы түсіргенде, көбісі ойлап жүргендей экономикаға мол қаржы құйыла салмайды. Себебі, оны алатын кәсіпорын жоқ.

Бұдан кейін базалық ставкаға қатысты әңгімелер азая ма? Бір қуантарлығы, Ұлттық Банк көп талқыланып жатқан сұрақтарға өз жауабын бере бастады. Бірақ базалық ставканың төмендеуі, біреулердің нақты көздеп отырған ішкі есебі болса, онда таласқа нүкте қойылды деуге әлі ерте.

Тегтер: