13 Тамыз 18:00
...

COVID кесірі: Екінші толқынның экономикаға әсері НЕГЕ әлсіз болады?

Фото:

Вирустың бірінші толқынынан нокдаун алған қазақ экономикасы екінші толқынға шыдай ма? Экономика пандемиядан қандай сабақ алды? Nege.kz болашақ сценарийлерді бір шолып өтті.

Наурыз айынан басталған мұнай бағасының құлауы мен коронавирус пандемиясы Қазақстанға ауыр тиді. Ішкі жалпы өнім жеті айдың ішінде 2,9 пайызға қысқарды. Іскерлік белсенділік екі есеге төмендеді. Бюджет пен кәсіпкерлер шығын шекті. Оның жағымсыз салдарымен күресу үшін үш қоржын: Ұлттық қор, бюджет және ақша станогы тоқтамай жұмыс істеген еді. Нәтижесінде сәуір мен мамыр айында 6 триллион теңгеге (13,5 млрд доллар) шығындалдық.

 

Сарапшылар, қай үлгіде болмасын, карантин бәрібір бизнеске ауыр тиеді дейді. Әсіресе, бизнестің қызмет көрсететін салаларына. «Бірақ наурызда басталған пандемия мұнай бағасының күрт құлауымен тұспа-тұс келгенін ұмытпау керек», – дейді бізге түсінік берген қаржы сарапшысы Владислав Туркин.

«Егер коронавирустың екінші толқыны мұнай бағасының қайта көтерілуімен тұспа-тұс келсе және бізге көршілес елдердің экономикасы осалдық танытпаса, онда екінші толқынның әсері алғашқысындай болмайды. Сырттан түсетін кіріс тікелей шикізат бағасына байланысты. Оның бағасы көтеріңкі болып, сатып алатын нарықтар табылса, болашаққа оптимизммен қарауға себеп бар»

«Карантин аяқталған соң ойын-сауық, басқа да қызмет көрсету салалары тез қалпына келіп алады» дейді мамандар. Бизнес көктемдегі төтенше жағдайдан сабақ алуы тиіс еді. Екінші толқынның келетіні жөнінде эпидимиологтар алдын-ала ескертіп отыр.

 

Сондықтан бұл жолы дайындалмаған кәсіпкерлер біржолата нарықтан кетеді. Жағдайға бейімделгендері ғана орнын сақтап қалмақ. «Карантин қысымы бәрібір білінеді» - дейді Владислав Туркин.

«Ішкі өндірісі дамыған басқа елдер осындай дағдарыс сәттерінде ақша-несие саясатын экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағыттай алады. Ал біз дайын тауар шығармай, шикізатқа тәуелді болып отырғандықтан ақша-кредит саясаты өсімге емес, қоғамды тұрақтандыру үшін жұмыс істейді. Бұл «Голланд ауруының» белгісі. Бірақ ол реттеуші (Ұлттық Банк – ред.) дұрыс жұмыс істемей отыр деген сөз емес, жалпы экономикалық құрылымның қисықтығын білдіреді»

Сарапшылар, «ең қиын сәттер артта қалды» дейді. Екінші толқын қазан-желтоқсан айларында жүретінін ескерсек, мемлекет пен бизнес үшін дайындығын пысықтап алуға бар-жоғы екі ай уақыт бар.  

Тегтер: