Трамп «мәңгілік соғыстарды» тоқтата ала ма?
Трамптың екінші мәрте президент болып сайлануы бүкіл әлемді АҚШ-қа телміртіп қойды. Оның бірінші президенттік кезеңінде 2017-2021 жылдар аралығында «Американы қайтадан ұлы держава жасаймыз» деген ұраны әлемдік саясатқа өзгеріс енгізуі мүмкін.
Биыл Дональд Трамп көптен бері көздеген мақсатына жетіп, АҚШ-тың 47-президенті атанды. Оның екінші мерзімінен не күтуге болады? Трамп қандай саясат ұстанады? Украина мен Ресей соғысы не болады? Ол соғыстарды тоқтата ала ма? Әлде жаңа шиеленістерді тудыра ма? Дәл осындай сұрақтар әлемдік қауымдастықтарды мазалап отыр. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, Трамптың 2017-2021 жылдары президент болған кезеңіндегі жүргізген саясатын, көзқарасын, басқа елдермен орнатқан қарым-қатынасын зерттеу керек.
Бір жағынан, Трамп барынша бейбітшілік орнату әрекеттерін жасап, «мәңгілік соғыстарды» тоқтатуға уәде берсе, екінші жағынан, оның осы ұранына байланысты қабылдаған кейбір шешімдері әлемді әрі-сәрі күйге түсірді.
Тәліптермен келісім
Мәселен, Дональд Трамптың бірінші президенттік кезеңінде жасаған әрекеттерін әлемдік қауымдастық «бейбітшілік орнатуға бағытталған» деп бағалады. Айталық, АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарды. Трамп сол кезде де «мәңгілік соғыстарды» тоқтату туралы бірнеше рет мәлімдеме жасап, бұл соғысты аяқтауды өзінің сыртқы саяси басымдықтарының бірі ретінде қарастырған. Соның нәтижесінде ол 2020 жылы «Талибанмен» келісім жасасып, АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығарды. Мұндағы мақсаты – ұзақ жылдар бойы АҚШ-қа барлық жағынан салмақ салған соғысты тоқтату еді.
Алайда, бұл шешімнің салдары қарама-қайшылыққа толы болды. Қадамы елдегі соғысты тоқтатуға бағытталғанымен, одан кейінгі тұрақсыздық пен гуманитарлық дағдарыс бұл жоспардың әлі толық піспегенін көрсетті.
Екі қадам алға, бір қадам артқа
Трамп басшылығы Израиль мен бірнеше араб мемлекеті арасында Абрахам келісімін жасауды қолдап, аймақтағы дипломатиялық қарым-қатынасты жақсартты. Бұл тарихи оқиға – Трамптың маңызды жетістіктерінің бірі. Себебі дәл осы дипломатиялық келісімдер Таяу Шығыстағы шиеленістерді бәсеңдетіп, жаңа экономикалық, саяси ынтымақтастыққа жол ашты.
Бұдан соң Трамптың Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен үш рет кездесуі бүкіл әлемді таңғалдырғаны есте. Әрине, оның Солтүстік Корея басшысымен кездесулері бейбітшілікке ұмтылысын көрсетті. Бірақ бұл қадам екі ел арасындағы шиеленісті бәсеңдеткенімен, Корей түбегінде ядролық қаруды жою мәселесі бойынша нақты нәтижелерге әкелген жоқ.
Трамп саясатының мақсаты бейбітшілікке бағытталғаны анық, бірақ кейбір әрекеттері жаңа шиеленістердің басталуына түрткі болғанын айтуымыз керек. Айталық, 2018 жылы Трамп Иранмен жасалған ядролық келісімді бұзып, Тегеранға қатаң санкциялар енгізді. Бұл әрекет Таяу Шығыстағы шиеленісті күшейтіп, Иранның ядролық бағдарламасын қайта бастауына себеп болды.
Трамптың бірінші мерзімінде Қытайға қарсы қатаң саясат жүргізді. Оның бұл әрекеті екі державаның арасындағы текетіресті күшейтіп, әлемдік экономиканы тұрақсыздандырды. Бұл тек экономикалық қана емес, саяси және әскери шиеленістерге де түрткі болды.
Тағы бір мысал мынау: Трамп НАТО-ны бірнеше рет сынға алып, одақтастардан қаржылық міндеттемелерін орындауды талап етуі оның халықаралық беделін түсіріп, тұрақсыздыққа тағы жол ашты. Бұл АҚШ пен оның Еуропалық серіктестері арасындағы сенімділік деңгейіне кері әсер етіп, халықаралық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық тудырды.
Трамп уәделерін орындай ала ма?
Биылғы президенттік сайлау науқанында Трамп тағы да «мәңгілік соғыстарды» тоқтатуға тағы уәде бергенін айттық. Алайда бұл уәделерді жүзеге асыру қаншалықты мүмкін?
Біріншіден, егер Трамп өз саясатын ары қарай жалғастырса, бұл әлемнің кейбір аймақтарында тұрақтылықтың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Әсіресе, Ауғанстан, Сирия және Ирак сияқты елдердегі жағдай бақылаудан шығып, жаңа қақтығыстардың ошағына айналуы ықтимал.
Екіншіден, АҚШ-тың аймақтағы әскери ықпалын азайтуы Ресей, Қытай және Иран сияқты аймақтық державалардың күшеюіне мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Тынық мұхиты аймағында жаңа шиеленістер тудыруы мүмкін.
Үшіншіден,Трамптың сыртқы саясаты көбінесе импульсивті шешімдер мен біржақты әрекеттерге негізделген. Себебі оның кейбір қадамдарының жоспарлы дипломатияға қатысы жоқ, көбінесе импровизацияға ұқсайды. Бұл оның болашақта бейбітшілік орнату әрекеттерінің нәтижесін төмендетуі мүмкін. Сондықтан Трамп бейбітшілік орнатуды қаласа, нақты стратегиялық жоспарлар ұсынуы тиіс.
Ресей мен Украина соғысы қашан тоқтайды?
Қазір Зеленский Ресей әскерінің бақылауындағы аумақтарды беруге келісе қоймауы мүмкін. Ол халықаралық қолдау мен халықтың сеніміне арқа сүйеп, Украинаның барлық жерін қайтаруға ұмтылып отыр. Алайда, соғыстың қалай өрбитіні, халықаралық серіктестің ұстанымы және Ресейдің ішкі жағдайы келіссөздерге әсер етуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. АҚШ – Украинаға әскери және қаржылай қолдау көрсететіп отырған нөмірі бірінші мемлекет болғандықтан, Ақ үй иесінің ауысуы соғыстың динамикасына айтарлықтай өзгеріс енгізетіні сөзсіз.
Яғни Украинаға көмектің көлемі қазіргі деңгейден әлдеқайда төмен болды. Мұны Трамп ашық айтып жүр. Бұл Украина үшін қиындықтар туғызып, оны Мәскеумен келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеуі ықтимал.
Трамптың дипломатиялық әдісі көбінесе жеке келіссөздерге негізделген. Енді ол Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін Мәскеумен тікелей келіссөздер жүргізуге ұмтылады. Ресей Трамптың жеңісін өзінің геосаяси мүдделері үшін қолайлы деп есептейді. Бұл Кремльге қосымша әскери және дипломатиялық бастамалар жасауға мүмкіндік бермек.
Украина Еуропаның мойнына түскен қамыт па?
Трамп Украина мәселесін Еуропаның мойнына жүктеуі мүмкін. Бұл Еуропа елдері үшін үлкен экономикалық және әскери жауапкершілік болмақ. Алайда, Еуропа елдердің мұндай ауыртпалықты көтеруге дайындығы күмән туғызады.
Дональд Трамптың «Америка бірінші орында» қағидатына негізделген саясаты халықаралық міндеттемелерден гөрі ішкі мүдделерге басымдық беруге бағытталған. «Америка бірінші орында» – Трамптың саяси стратегиясының өзегі.
Бұл ұстаным АҚШ-тың ішкі мәселелерін шешуге және экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталғанымен, халықаралық деңгейде қайшылықтар мен оқшаулану қаупі бар. Сайлау науқаны кезінде бұл саясаттың тиімділігі қоғамда қызу талқыланып, оны жақтаушылар мен сыншылары арасында пікірталасқа себеп болды. Трамптың жаңа геосаяси жағдайда бұл бағдарламасын қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетеді.
Трамптың бейбітшілік орнату әрекеттері белгілі бір деңгейде іске асатынына күмән жоқ, бірақ таяқтың екі ұшы болатыны сияқты оның саясаты әлемдік деңгейдегі басқа да шиеленістерге соқтыруы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе.
Диас ӘУЕЛБЕКОВ.