22 Қазан 19:32
...

«Төселген жол 250 метрге жетпей қалды». Төлеби ауданына қарасты Ақбастау ауылы тұрғындары НЕГЕ шағымданды?

Төле би ауданы
Фото: Nege.kz

Nege.kz редакциясына Түркістан облысы, Төлеби ауданына қарасты Ақбастау ауылының бір топ тұрғыны хабарласты.

Олардың айтуынша, әкімдік тарапынан қолға алынған көшені жарықтандыру мен жол салу мәселесі Төртшал көшесін айналып өткенге ұқсайды. Сондай-ақ, тұрғындар төселген жолдың тар екенін, екі көлік қарама-қарсы жүре алмайтынын айтады. Ауылдың жолын салуға бөлінген қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны және жоғарыдағы үйлерге не себепті жол төселмегені, көшенің жарықтандырылмағаны туралы сауалға жауап іздегісі келеді.

Ақбастау ауылында 35 жылдан бері тұрып келе жатқан Тұрлыбек Ноғаев: «Биыл көшемізге түсіп жатқан жолға да, үйге қарай тартылып жатқан жол жарықтарының сапасына да көңіліміз толмай отыр.

Біз тау жағалай орналасқан екі үйміз. Бізге көше жарығы, не жол жеткен жоқ. Жол жасау, көшені жарықтандыру үйді таңдап салынатын болса, әкім Досымжан Құдайбергенұлы уәдесінде тұра алмаса, былтыр «Жол жөнделіп, көшеге жарық жүргізу толығымен қамтылады» деп есеп бермеу керек еді.

 Әкім болып тағайындалғанына 3-4 жыл болса да, Ақбастау ауылына жасалып жатқан еңбегін көрген жоқпын», – деді өз пікірінде.

Ал келесі тұрғын Мұхан Тоғаев салынып жатқан жолдың үйіне дейін неліктен төселмегеніне аң-таң. «Біздің үйге дейінгі 250 метрге жолға қажетті материалдар жетпей қалды ма, белгісі. Көше де жарықтандырылмады. Жергілікті әкім бізге мұның мән-жайын ашып айтпады. Бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалып жатқанына жауап беруін талап етемін», – дейді Мұхан Төреханұлы.

Ақбастау ауылы
жеке мұрағаттан

Түркістан облысы, Төлеби ауданына қарасты Ақбастау ауылының Төртшал көшесінің тағы бір тұрғыны Үсен Оразов: «Жолдың сапасыздығы, көше жарығының болмауы басты мәселеге айналды.

Білуімізше, оған облыс, аудан тарапынан қаражат қарастырылған. Бірақ оның дұрыс жұмсалып жатқанын заңды түрде қадағалауға көңіл бөлінсе екен» десе, Нұрбол Құрамысұлы: «Ауыл тұрғыны ретінде төселіп жатқан жаңа асфальтке бір ғана көлік сиятынын айқым келеді. Бұл жолды жыр қылып пәлен жылда салып жатыр, қайта-қайта жамай бермес үшін сапалы қылып салуға болмай ма? Жолдың сапасын қарайтын мамандар мұны көрді ме екен?» деген ойын жеткізді.

Ауыл тұрғындарының нақты талабы – тау басындағы екі үйге жол салынып, көшені жарықтандыру мәселесі ауыл бойынша толық жүргізілгенін сұрайды. Одан бөлек балалардың мектепке барып-келуі де қиындық тудырған. «Себебі, автобус жүрмейді. Ауыл ішінде салынған жол Төртшал көшесіне келгенде жетпей қалды. Осы ауылда 35 жылдан бері тұрып жатсақ та, біздің көше «өгей» баланың күйін кешіп отыр. Тіпті, құрылысы басталған спорт кешенінің де іргетасы ғана қаланып, сол күйінше тұр. Ауыл әкімі тек құрғақ уәдемен шығарып салады», – дейді шағымданған тұрғындар.

Ақбастау ауылы
жеке мұрағаттан

Тағы бір айта кетерлігі, «35 жыл батпақ пен қараңғы көшеде өмір сүрсек те, салынғанына екі-үш жыл болған жалғыз үйге асфальт жол салып берді», – деп ашынады олар. 

NEGE тілшісі Төлеби ауданына қарасты Ақбастау ауылының әкімі Досымжан Дәрібаевқа хабарласып, мән-жайды өзінен сұрап білді.

«Ақбастау ауылында 1626 халық тұрады, барлығы 223 үй бар. Шағымданған тұрғындар тұратын жер – егістік жер. Ұлттық сапа орталығы мұнда жол салуға рұқсат бермеді. Бұған біздің қатысымыз жоқ. Қаржы жағына да біз жауапты емеспіз.

 Ауылдық округтың оған құқығы да жоқ. Біз тек сметасын жасап береміз. Арнайы өткізілген байқау бойынша тендерді «Бірлік» мердігер компаниясы ұтып алған. Әйтпесе, біз сметаға бәрін енгіздік. Онда «2 шақырым 90 метр жерге төселуі керек» дедім, ал Ұлттық сапа қысқартып, 1 шақырым 600 метр жол жасады. Алып тастау, қысқарту менің қолымда емес. Бізде тұрған ешқандай кінәрат жоқ. Қазір жаяу жүргінші жолын салсаң да, Ұлттық сападан рұқсат сұрайсың.

Досымжан Дәрібаев
Ақбастау ауылы әкімдігі

Бірақ 200 метр жерге жетпеген жол туралы келесі жылға тағы да смета жасап, өткізіп көреміз. Ал жарықтандыруға келсек, 93 млн теңгеге сол көшеге бағана қойылып, кабель тартылып жатыр. Оның ішінде 26 лампа 30 метр сайын сол Төртшал көшесіндегі әр бағанаға қойылады. Бір апта, әрі кетсе он күннің ішінде жұмысы бітеді. Сәл шыдаса, болды. Біз бұл жөнінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндіріп айттық», – деп жауап берді ауыл әкімі.

Досымжан Дәрібаев
Ақбастау ауылы әкімдігі

Сондай-ақ, NEGE тілшісі ауылдан ауашақ салынған жалғыз үйге асфальттің қалай төселгені жайында да сұрады. Бұған әкім: «Мен де сол ауылдың тұрғынымын, бәрін білемін ғой. Бұл үй қырдың жағасында орналасқан. Егістікке жатпайды. Ал ана кісілердікі егістік алқапқа кіріп кеткен. Кезінде қалай құжат жасағанын білмеймін. 35 жыл бұрын бес жасар бала болған шығармын. Әрине, бізге жолдың төселгені жақсы.

Әлгі жалғыз үйге «Бірлік» мердігер компаниясы жол төсеп берген себебі мынау. Бұрын онда Дариға деген әпке тұрған. Ол өмірден өтіп кетті. Қазір мүгедек баласы тұрады. Мердігер компания соған көмек ретінде өз қаржысына пойыз жолды жағалай 170 метр тар жол салып берді. Бәлкім, туысы болып келе ме, ол жағын білмеймін», – деді ауыл әкімі.

Ал төселген жол сапалы ма, қарама-қарсы бағытта келе жатқан екі көлік қатар сия ма? Бұған ауыл әкімі: «Жол әжептәуір кең салынып жатыр. Оларды да қадағалайтын мекеме бар. Техбақылау сапасыз болса, өткізбей қояды. Халықтың өтінішімен жасалып жатқан соң, жүрдім-бардым қарамайды ғой», – деді бізге берген жауабында. 

Алайда, Ақбастау ауылының әкімі жол салуға, көшені жарықтандыруға, тіпті тұрғындар айтқан спорт кешеніне бөлінген сомадан да хабарсыз болып шықты.

Ақбастау ауылы
Ақбастау ауылы әкімдігі

«Спорт кешенінің іргетасы бір ай бұрын қаланып қойылды. Мұны үкімет емес, жеке кәсіпкер демеушілікпен салып бермек. 2025 жылы қараша-желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жеке кәсіпкер қанша қаражат жұмсайды, өздері біледі. Ал жолға, көшені жарықтандыруға қатысты ұтып алған мердігер компанияға қанша қаржы бөлінгенін Төлеби ауданы әкімдігінен біле аласыз», – деп қысқа қайырды.

Әрине, ауылдық округ әкімдігінде айтарлықтай құзырет жоқ екені анық. Алайда, 200-250 метр жерге жетпей қалған асфальтқа қатысты сметалық құжат келесі жылы бекітіле ме, жоқ па, оны ауыл халқы да, әкім де білмейді. Бірақ «35 жыл бойы батпақтан көз ашпадық» деген тұрғындардың жанайқайын ескеріп, ризашылығын алу үшін соншалықты көп қаржы да кетпес еді.