Төрегелді Шарманов: Бір үйірге – бір айғыр. Неге?
Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов Nege.kz порталына сұхбат берді. Биыл 90 жылдық мерейтойы өтетін Төрегелді Шарманұлы әлі де жасы туралы айтқысы келмейді. Коронавирустан қалай сақтануға болады? Қалай дұрыс тамақтанамыз? Айтары бар академиктің ақыл-кеңесіне құлақ түріңіз.
– Төрегелді Шарманұлы қазіргідей уақыт тапшы кезде бізге сұқбат беруге келіскеніңізге рахмет. Nege.kz порталына сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Алғашқы сұрақты коронавирустан бастасақ, өйткені ол бүкіл әлемді тітіретіп тұр. Қазақстанға әлі жете қойған жоқ, бетін аулақ қылсын. Осыдан қалай сақтанамыз?
– Меніңше, мұны тым күрделі етіп, шешілмейтін қиындыққа апарудың қажеті аз. Қазір ең оңтайлысы – әрбір адам өзіне пайдалана алатын жағын қарауы керек. Бірінші мәселе, қол алысып сәлем берудің қажеті жоқ. Қазақтың табиғатында, тарихында, өмірде қол алыспаған. Тек қана кездескен уақытта иіліп қана сәлем береді. Сондай көркем, мәні терең. Мұның астарында сыйластық та, құрмет те жатыр. Жүрегіңді қолыңмен ұстап сәлем беру біздің тарихи, қазақтың байырдан келе жатқан жай ғана түсінігі емес, осылайша сәлем берудің әсемдік жағы жатыр. Ал қол беріп, қалай болса солай бара салу деген – ол тым дөрекі. Оны интеллект жағынан жоғары деп айтуға болмайды. Қолды қай кезде береді. Қазақта ертеректе қолды үлкен адам өзі ұсынса ғана береді. Ал жөні жоқ қол алысу деген біздің тарихымызда, табиғатымызда болмаған жағдай. Біз осылай ғана сәлем беретінбіз. Қол ұстасып сәлем берудің қажеті жоқ. Біздің тарихымыздың инабаттық көрінісін жаңғыртуымыз керек. Ол дәл осы кезеңге сай келіп отыр.
– Яғни адамның жеке басының гигиенасын сақтауымыз керек қой қазір?
– Жеке адамның гигиенасы тамақ ішкенде де әртүрлі болып көрінеді. Тамақ ішсең де, гигиена керек. Мысалы, тамақ ішер кезде тым таяу келіп, сөйлегенде көпіртіп сөйлесең, ауа арқылы ауру таратып аласың. Сәл қашықтықтан сәлемдескенде бұрынғы қазақтардай қол алыспай амандасу керек. Үстелдің де үстін жиі сүртіп отырған жөн. Жиі су ішіп тұру керек. Ол да керек ескерту. Вирустың қалай келіп қалатынын білмейсің.
– Сіз бұрынғы Денсаулық сақтау министрі ретінде қазіргі денсаулық сақтау министрінің жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Менің заманым Сәбет одағының үстемдік құрып тұрған кезеңінде болды да, біз көбінесе орталық жүйенің нұсқауымен жұмыс істеп кеттік. Біз де өз ерекшелігімізді пайдалануға тырыстық. Қазір біз егемендік алғаннан кейін мүмкіндігімізді өздігімізше пайдаланып жатырмыз. Біз ешкімге тәуелді емеспіз. Өз жолымызбен жүріп келеміз. Бірақ мұнда қай уақытта болмасын ұлттық қадір-қасиетті сақтағанымыз маңызды. Біз қай уақытта болмасын, өзге мемлекеттерді үлгі еткеніміз дұрыс емес. Тек солар қолданып жатқан тәсілдердің қайсысы денсаулыққа пайдалы, соны алуымыз керек. Ешкімге қатысы жоқ заманда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Біз барлығымен аралас-құралас жүріп жатқаннан кейін тек оңтайлы тұстарын пайдалануымыз керек. Тек ұлттың төңірегінде ғана шектелудің де қажеті жоқ. Мысалы біз тек қана ет жейміз деп есептейік. Ол қазір дұрыс па? Бір жағынан дұрыс. Бірақ етпен шектеліп қалуға болмайды. Көкөніс те пайдаланған жөн. Әр ұлттың тағамдарының тек пайдалы жақтарын алуымыз керек. Витаминдер тек етпен ғана келмейді. Кезінде қазақтар үшін көкөніс пайдалану жат сияқты болып көрінген. Қазір осы мүмкіншіліктерді пайдаланып, тағамымыз әртүрлі жасалады. Біз етті ғана білеміз, одан басқасын білмейміз деу – шектеу. Басқа мемелкеттермен достық қарым-қатынастамыз. Заманның ағымына қарай жүреміз.
– Қазір министрлік Сіз айтқан бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр ма?
– Әрине, министрлік те – қиын сала. Оның ауыртпалық салмағы ерекше. Денсаулық саласында үлкен жауапкершілік жатыр. Біздің министрлік бар мүмкіншілікті қолдарынан келгенше жасап жатыр деп білемін. Оларға қойылатын салмақты сұрақтар өте көп. Коронавирусқа байланысты мәселе де көбейіп кетті. Қазіргі министрліктің жасап отырған жұмыстарына үлкен үміт артамын.
– Төрегелді Шарманұлы, алда-жалда мемлекетімізде коронавирус анықтала қалған жағдайда біздің әрекетіміз қандай болуы керек? Не істеуіміз керек?
– Әрекет пен міндет екіжақты. Біз ғылымға иек артамыз. Медицина саласы бойынша оны анықтап, қай жағдайда құтқаруға болатынын зерттейді. Оның вакцинасы шықса, құптарлық жағдай. Халықтың бәрі ғалым емес. Сондықтан одан қалай сақтану керек екенін түсінулері керек. Ол меніңше, соншалықты күрделі нәрсе емес. Ең басты мәселе – отыратын орның таза болсын. Қазақтың ертедегі, тарихи тәртібін ұстансаңыздар болды. Қазақ бұндайдың барлығы болатынын бұрыннан білген сияқты. Сондықтан ешқашан қол бермеген.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың президент болып сайланғанына бір жыл болды. Осы бір жылдық жұмысына қандай баға бересіз?
– Ол өте ауыр кезеңге тап келді. Мен ойлаймын, халықтың тағдыры үшін біз үлкен тарихи кезеңде келе жатырмыз. Елбасының ел тізгінін қазіргі басшыға табыстағанын үлкен кемеңгерлік деп есептеймін. Өйткені ол кісінің бет-бейнесінің өзі жылы. Халыққа деген ниеті пейілінен көрініп тұрады. Көз жанарынан да байқаймын. Бұл кісінің келгенін жақсылыққа балаймын. Үмітіміз үлкен. Сенім артуға тұратын азамат. Халқымызға дұрыс кезеңде келген азамат деп есептеймін. Халқымызды қиын заманнан өткізсе екен деп тілеймін.
– Өзіңіз де білесіз, мынандай ұлан-ғайыр жерде бар-жоғы 18 млн халықпыз. Мүмкін тоқал алу мәселесін заңдастыру керек шығар. Қалай ойлайсыз? Осы мәселеге көзқарасыңыз қандай?
– Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бірақ өзімнің айтарым, Абайдың алты әйелі болды. Тағы да сүйген қыздары болды. Біздің тірегіміз, біздің үлгі тұтқан адамымыздың істеп отырғаны анау деп қарайсың. Дұрыс емес деп ойлайсың. Бірақ полигамды дейміз, ұқпаса да ұғатын нәрсені айтайын. Табиғатта барлық жан-жануар полигамды. Мысалы, 10 тауыққа – бір ғана әтеш, 10 сиырға – бір бұқа, бір үйір жылқыға – бір айғыр. Бұл не? Бұл – табиғат заңдылығы. Ал адамдарды шектеп тастады. Бұрынғы кезде көп әйел алған байлар болды. Оның барлығы мүмкіншілікке байланысты. Сенің табиғатың мүмкіншілік берсе, қанша әйел алсаң да болады. Бұл – табиғи көрініс. Бұл – биологиялық жаратылыстағы жағдай. Адам да сондай. Мынадай әзіл шығыпты ғой: өзбектерде екі әйел алуға рұқсат беріпті. Ал қазақтарға екі сиыр ұстауға рұқсат дейді....
Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемеден көріңіз.