Тоқаевтың тапсырмасы: Қысқарт, қысқарт және қысқарт!

Президент Тоқаевтың тапсырмасы бюджетті толтыру мен сақтап қалуға жағымды әсер бермек. 2019 жылы қазынадан 1,4 миллиард теңге "жеген" Астана экономикалық форумы биыл бөлек өткізілмейтін болды. АЭФ-ті үкімет Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер форумымен біріктіріп отыр. Одан бөлек Дубайдағы ЭКСПО-ға жұмсалатын қыруар қаржы қысқартылуы мүмкін. Жаңа экономикалық саясат аясында үнемделген ақшаның барлығын қарапайым азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағыттауға болады.
Астана экономикалық форумының шығыны жыл сайын азайып, ақыры келмеске кетті. 2018 жылы форумды өткізу мемлекет бюджетіне 3,1 миллиард теңге салмақ түсірген. Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер форумын өткізу бойынша халықаралық қауымдастық алдында міндеттеме алғандықтан, одан бас тарта алмаймыз. Бүгін осы мәселе бойынша пікірін білдірген қаржы министрі Әлихан Смайылов біріктірілген форумда 200 елдің министрлері келетінін айтты. Жыл басынан бері біршама үнемделген бюджет, көктемде тағы қайта қаралмақ.
«Көктемде біз бюджетті нақтылау бойынша ұсыныстар енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл - мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен байланысты»
Жалпы тағы нені қысқартуға болады? Ең алдымен Дубайдағы ЭКСПО-ға жұмсалмақ 9 миллиард теңгені азайту логикалық тұрғыдан дұрыс көрінеді. Оған үкімет те қарсы еместігін таяуда Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтқан болатын.
Фото: expo2017astana.com
Бірақ, биыл бюджетте таза имидждік шараларға бағытталған қаржы үлесі мардымсыз. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы мен Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдық мерейтойы тойланбақ. Осылардың ішінен жеңісті тойлауға қатысты біршама қаржыны қысқартуға болады. Парад, отшашу сынды пайдасы жоқ, бірақ қыруар қаржы талап ететін тұстарын қысқартып, үнемделген соманы азғантай ардагерге сыйақы ретінде бөліп беруді ойластырған жөн.
Сонымен қатар, 8 миллиард теңгені қаржы министрлігі түрлі сараптама, зерттеулерден үнемдей білді. Министрліктер мен ведомстволар арасында сәнге айналған әлеуметтік зерттеулердің қажеттілігі күмән тудыратынын 2018 жылғы бюджетті нақтылау кезінде Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин де тілге тиек еткен. Былтыр бюджетке тек талдау мен зерттеу үшін 7,2 миллиард теңге енгізілген. Бір қызығы ол қаржы жетпей қалып, министрліктер қосымша 3,3 миллиард теңге сұрады. Мәжіліс спикері мен депутаттардың ашуланатыны да осы тұс.
Тақырыпқа орай: Сараптама неге қымбат?
Мәселенің мәні мынада еді: Ведомстволар сараптауға 1,3 миллиард теңге жұмсағысы келді, бірақ Есеп комитеті оған қарсы шықты. Онымен қоймай, Есеп комитетінің жіті назары түрлі ведомстволар мемлекет есебінен жүргізуді жоспарлап үлгерген 20 сараптамалық және әлеуметтік зерттеуге түскен. Ол туралы комитеттің өзі “2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын бағалау жөніндегі қорытындысында жазды. Министрліктер 20 аналитикалық зерттеуге 1,3 миллиард теңге сұраған. Сонда орта есеппен әр сараптамалық талдаудың бағасы 65 миллион теңге немесе 167 мың АҚШ долларына бағаланыпты.
Есеп комитеті өзінің беріп отырған қортындысында түрлі зерттеулердегі мәліметтердің бір-біріне ұқсастығын айтады. Комитет аудиторларының пікірінше, органдар бұған дейін дайындалған талдау мен зерттеулерді, тіпті интернет бетінде жарияланған ашық деректерді де пайдалана алады. Соған қарамастан, министрліктегілер баяғы әдетінен жаңылар емес.
Көктемде бюджет жылдағыдай тағы нақтыланады. Парламентке ұсынылады. Мемлекет алдындағы жауапкершілігін түсіне отырып, пайдасыз тұсын қысқарту - тек қаржы министрлігінің емес, Парламент депутаттарының да мойнына артылған міндет.