10 Тамыз 19:27
...

Тоқаевтың алдағы Жолдауы туралы: «Бұл – соңғы мүмкіндік!»

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында халықтың алдына шығып, Жолдау жасайды. Қоғамда қордаланған түйткілдер мен жауабы жоқ сауалдар аз емес әзірге. Мемлекет басшысы ел көкейіндегі мәселелерді дөп баса ала ма? Президент нені тілге тиек етпек?

Ал қоғамның пікірінше, бұл Жолдауда қандай өзекті жайттар қалыс қалмауы тиіс? Бұл сауалдарды сарапшыларға қойып, төмендегідей жауап алдық:

Дос Көшім, саясаткер:

Қаңтар оқиғасына нүкте қойылады деп ойлаймын

– Менің ойымша, баяғы екі мәселені қозғайды. Біріншісі – экономика мәселелері, яғни бағаның өсуі, қымбатшылық. Екіншісі – әлеуметтік мәселе. Ұлттық мәселелер, тіл, оралман мәселесі жабулы күйінде қалады. Тоқаев билікке келгелі бері ұлттық мәселе екінші орынға сырғытылды. «Тіл мәселесін қоя тұрайық, латын графикасына көшуді кешеуілдетейік» деген мәлімдемелер айтыла бастады. Тіл сақшысына қатаң көзқарасын айтты. Шекараны қалай қорғасақ, мемлекеттік тілді де солай қорғауымыз керек.

Менің күтетінім – Қаңтар оқиғасының толық қорытындысы. Одан бері сегіз ай өтті. Халықтың да күтіп отырғаны осы. Алты адамның азаптап өлтірілгенін прокуратура мойындады. Оққа ұшқан 237 адамға баллистикалық зерттеу жүргізіп, кінәлілерді табу да қолдарынан келеді. Халық шындықты білуі керек. Осы жолдауда қаңтар оқиғасына нүкте қойылады деп ойлаймын.

Геосаясат мәселесі айқындалуы керек. Қазақстанның нақты ұстанымын көре алмай тұрмыз. Біресе, 2014 жылы Ресейдің Қырымды тартып алуын «агрессия деп айтуға болмайды» десе, біресе «ЛХР мен ДХР-ді квазимемлекеттер ретінде мойындамаймыз» деді. Әйтеуір, Украина мәселесіне қатысты нақты ұстаным жоқ. Меніңше, санкцияның әсері Ресейдің одақтастарына да тиюі ықтимал. Демек, Қазақстан осы соғысқа деген көзқарасын айқындап алуы тиіс.

Бізде «7 мың шақырым шекарамыз бар» деген сөзді қайталай береді. Біздің қытаймен де, қырғызбен де шекарамыз бар. Мұны алға тарта бергенге таңқаламын. «Шекарамыз бар екен» деп әділ сөз айтпауымыз керек пе? Тәуелсіз мемлекет ретінде өз ұстанымын көрсетпеуі тиіс пе?

Медведевтің аккаунтына қатысты да сұрақ туындап отыр. Сондықтан геосаясатқа нақты баға берілуі қажет.

Оразалы Сәбден, экономист:

Бұл – Тоқаевтың соңғы мүмкіндігі

– Не айтатынын Тоқаевтың өзі біледі. Бірақ халықтың, мамандардың, кәсібилердің көкейінде жүрген мәселелер айтылса, құба-құп болар еді. Парламенттің төрт мәрте депутаты, академик, ғалым, экономист ретінде айтар сөзім, бұл – Тоқаевтың соңғы мүмкіндігі. Түбегейлі реформа жасауға. Өйткені, уақыт өтіп барады. Бір ғана Қаңтар оқиғасының құпиясы әлі күнге дейін айтылған жоқ. Қоғамдық-саяси баға берілген жоқ. Шындық ашық айтылуы тиіс. Жазықсыз отырғандар босатылсын.

Тез арада жаңа партияларды тіркеуі керек. Онсыз ештеңе болмайды. Дауыс берушілер партиялардың қандай екенін біліп, бағдарламасымен танысуы тиіс. Халық партиялардың бәрін бірдей қолдамайды. Лайықтысын ғана таңдайды.

Сосын парламентті таратып,  жаңа партиялармен жаңа сайлау өткізгені жөн. Жаңа парламентке әділ сайлау өткізіп, қалталы емес, шынайы депутаттар кіруі тиіс. Қазақтың небір жастары, талантты азаматтары бар, соларды жарыққа шығару керек. Көп партиялы парламент құрылып, жаңа үкімет жасақталуы қажет. Премьерді парламент тағайындауы тиіс.

Демократияға жол ашып берсе, әділ сайлау өткізсе, Тоқаевтың аты тарихта қалады. Президенттің басты міндеті – осы.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Постназарбаевтық батыл шаралар жүргізілуі керек

– Жолдауда әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың тұрмысын жақсарту бірінші кезекке қойылып, осыған басымдық берілуі керек. Ең негізгі тақырып – халықтың әл-ауқатын жақсарту, инфляцияны ауыздықтау, бағаның өсімін тоқтату.

Бұл үшін өндіріс керек. Жеңіл өнеркәсіпті дамытып, экономикалық инфрақұрылымдарды жаңаша құрған абзал. Жаңа Қазақстанда жаңа инфрақұрылым болуы керек. Отыз жылдық құрылым мүлде жарамайды. Өйткені, ол тек қана сауда мен алыпсатарлыққа негізделді. Бұл – қате саясат. Халықты тоғышарлыққа, теріс жолға бастады. Себебі, халықтың материалдық әл-ауқаты халықтың санасына да тікелей ықпал етеді.

Материалдық игіліктерді өндірумен айналысқан халықтың мінезі де, ниеті де түзеліп, көңілі жадырап, жақсылыққа, жасампаздыққа бастайды. Материалдық дүние мен рухани дүние – тең жүретін нәрсе.

«Алдымен экономика, сосын саясат» деп шатастық. Соның кесірінен, дұрыс экономика да, дұрыс саясат та жасалмады. Зайырлы, құқықтық қоғамның орнына олигархиялық, жемқорлық, олигополиялық, трайбалистік қоғам орнады. Конституцияға мүлде кереғар құбылыстар пайда болды. Назарбаев пен оның төңірегі мұның бәрін әдейі жасаған да сияқты.

Фото: AFP

Екінші мәселе – біздің ұлттық қауіпсіздігімізді күшейту. Жайбасарлық танытып, ілбіп жүре беретін болсақ, түбі не Қытайға, не Ресейге жем боламыз. Тәуелсіздіктен айрылып қалуымыз да ғажап емес.

Сондықтан постназарбаевтық батыл шаралар жүргізілуі керек. Назарбаевтың жақтастарының бәрі биліктен кетуі тиіс. Жегендері мемлекетке, халыққа қайтарылуы керек.

Қазақстан халқына қордың немен айналысып жатқаны белгісіз. Оған бірнеше  миллиард ақша жиналды. Ал халықтың арасында қиналып жүрген бір адамға көмек көрсеткені жөнінде естіген емеспін. Бұл қор еліміздегі ең олқы жерлерді жауып отыруы керек.

Назарбаевтың жақтастары жазасын алуы тиіс. Қазір олардың көбі билікте отыр. Мәселен, ескі тәсілмен жұмыс істейтін абаевтардың не керегі бар? Креативті адамдарды таңдап, солардың орнына қойсын. Мәселен, Ораз Жандосовты неге билікке қайта әкелмеске? Қажыгелдинді де кеңесші етіп алуына болады. Қазақстанды төрт-бес жылда қалыпқа келтіре алатын адамдар бар. Солардың потенциалын пайдалану керек.

Тегтер: