1 Маусым 00:40

«Таяқ жеп қалатынмын» – Өнер өкілдері мектепте қандай оқушы болды?

Соңғы қоңырау
Фото: ғаламтордан

Елімізде мыңдаған оқушының мектеп бітіріп, арқа-жарқа болып жатқаны анық. Осы ретте тілшіміз өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өнер мен мәдениет өкілдеріне хабарласып көрді. Сонымен, кім оқуда озат, ал кім жұдырығына жүгінген атаман болды? Он жылдық оқу жылын қандай жылы естеліктермен еске алады?

Әлімбекова
ғаламтордан

Гауһар Әлімбекова, әнші-композитор: 

Алты ұлдан кейін өмірге келген қыз болған соң үйдің тірлігінен қолым босай бермейтін. Бірақ соған қарамастан сабақты жақсы оқып, он жылдықты үздік бағаға бітірдім. Ал тәртіп жағынан айтар болсам, бұзық болдым. Бірыңғай ұлдармен араласатын едім. Әлі де солай, әйелдерден арқамды алыс алып жүруге тырысамын. Себебі, ер балалар сыпсың сөзден ада келеді.

Содан соң біздің кезімізде ата-аналар мұғалімнің айтқанын Құдай сөзіндей көретін еді. Мәселен, баласынікі дұрыс болса да бұрыс санайтын. Ал мен барды – бар, жоқты – жоқ деп айтқанды жақсы көремін. Салдарынан, шешемнен таяқ жеп қалатынмын. Мысалы, бір пәннен берген мұғалім құрбым екеуімізге «86 жылғы көтерілісті бастаған сен сияқты нацист қыздар» деп нұқып тұрып ұрсатын. Сол кісі кейін Желтоқсан құрбандары ақталып, бір-бір батыр атағын алғанда тонын теріс киіп шыға келмесі бар ма. Ал менің бала күннен мұндай екіжүзділікке жаным қас болатын. Марқұм әкемнен дарыған мінез болса керек. Көкем бетімнен қақпай, еркін өсірді. Жасымай, ойыңды еркін жеткіз деп отыратын. Бұл мінезім студент кезімде де басыма аз таяқ болып тимеді. Шындықты айтқаным үшін кураторымның да шекесіне тар келіп қалатын едім. «Оданда күйеуге шығып, ауылда сиыр сауып отыруың керек еді, өлең айту не теңің?!» деп тістенетін. Маған бұлайша тіксінуінің себебін киін білдім. Сыртымнан қызылкөз қызғаныштық танытқан қыздар «жігіттермен қыдырыстап жүреді» деп, қолтығына су бүркіп қоятын болса керек. Бірақ соңында жиырма бес қыздың ішінде әнші-композитор болып, өнер жолында өрістеп шыққан мен ғана. Артыма шам алып түкендердің алды оқу бітірместен күйеуге шығып кетті. Ал кейбіреуі тіпті өз жолдарын таба алмады. Шүкір, анам мен әкемнің берген адал тәрбиесінің арқасында тура жолдан тайқымай келемін. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өту деген ұғым менде ешқашан болған емес. Бұйырса, алда әлі талай асуларды аларыма сенемін.

 

Бапани
ғаламтордан

Ая Бапани, дизайнер: 

Мектепті кілең беске оқыдым деп өтірік айта алмаймын, арасында үштік баға да болды. Тоғызыншы сыныптан соң өзім қалаған дизайнер мамандығын игеру үшін көркемөнер колледжіне түстім. Ал ол жерге жан қалауыммен барғандықтан сабақты өте жақсы оқыдым. Мектепте таңдау жоқ қой. Қаласаң да, қаламасаң да ұсынылған пәндерді тегіс оқуыңа тура келеді. Ал мен ұнамайтын сабаққа аса көп ден қоймайтынмын. Физика, алгебра, геометрияны ұнатпайтын едім. Тарих, әдебиет, биология сабақтары өте қызық болды. Сондықтан қандай баға қойса да көңілім құлазымайтын. Бестік баға аламын деп белгілі бір рамкадан шықпауға тырыспадым.

Шәкіржанов
ғаламтордан

Қуандық Шәкіржанов, актер: 

– Мен жақсы оқушы болдым. Қызылға бітірдім деп айта алмаймын. Бірақ үлгерімім тәуір болды. Атаман болуға ұмтылып, ешкіммен жұдырықтаспайтынмын да. Әкем мұғалім болғандықтан ол кісінің атына жаман сөз келтірмеуге тырыстым. Орта мектепті бітіргенде үш сабақтан ғана төрт шықтым, қалғаны кілең бес болды. О бастан ой түкпірімде актер болам деген арманым болды. Аллаға шүкір, оған қол жеткіздім.

Алпысбай
ғаламтордан

Алпысбай Қазығұлов, суретші: 

– Мен мектепке 1966 жылы бардым. Бесінші сыныпқа дейін бестік бағамен оқыдым. Себебі, Шархан (Белгілі журналист-ред.) ағам сабаққа менен екі жыл бұрын барғандықтан, сол кісіден есеп-қисап пен жазу-сызуды үйреніп алдым. Ал алтыншы сыныптан оныншы сыныпқа дейін нашар оқыдым. Соңында 3-4 деген бағалармен аттестат алдым. Ал оныншы сыныпты Алматы қаласындағы 9-шы мектеп интернатта тәмамдадым. Мен, қарындасым және екеуміздің оқуымыз үшін әкем ай сайын 132 рубль ақы төлейтін. Бұл деген ол заманда керемет ақша. Оның үстіне ол кезде ақша төлеп оқу деген ұғым да жоқ еді. Сондықтан әкемнің аузынан жырып, ақы төлегенін түйсінген соң өзімді қайта қолға алып, сабақты жақсы оқуға тырысып бақтым. Нәтижесінде жоғары оқу орынына блат-сватсыз түстім. Ал атаман болдым деп айта алмаймын. Дегенмен, ұл бала болған соң жұдырық түйістірмейтін кез болмайды. Мінез көрсетпесең, төбеңе отырып алатыны анық. Бір күні сен біреудің мұрынын қанатсаң, ертең сенің біреу мұрыныңды қанатады дегендей.

Рамазан
ғаламтордан

Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші: 

– Мектепте жүргенде алдыңғы қатардан көрінген мықты оқушы болдым деп айта алмаймын. Мен оқыған мектеп спортқа ден қойғандықтан еркін күрес, классикалық күрес, жүгіру жағына келгенде алдымызға жан салмайтынбыз. Мұнымен қатар ән үйірмесіне қатыстым. Тәлімгеріміз де мықты маман болды. Сондықтан сынып бойынша мектепаралық ән байқаулары мен спорттық олимпиадаларға жиі баратынбыз. Бірақ атаман болдым деп айта алмаймын. Себебі, бұлшық еті бұлқылдаған, ешкімнен беті қайтпайтын менен де мықты жігіттер болды. Бір қызығы, сабақта екі-ақ бала қалатын да қалғанының бәрі үнемі жарыста жүретін. Соңында қаншама мектеп бағдарламасынан қалыс қалғандықтан қосымша сабаққа қатыстырып, жүгіртетін. Ұлым кейіннен тоғызыншы сыныпты бітіргенде алған аттестатымды көріп қойыпты. Ішінде төрт сабақ төрт, екі сабақ бес, қалғаны кілең үш екен. Әр бала үшін әкесі әулие көрінеді ғой. Содан болса керек, «Сіз мектепті нашар оқыдыңыз ба?» деп таң қалып бетіме қарап тұр.

Бір айта кететінім, біздің кездегі ұстаздардың қасиеті сол – балаларды қабілетіне қарай бағыттайтын. Мысалы, мені көбінекей спорт пен әнге баулыды. Одан кейін менің өскен, араласқан ортам тамаша болды. Әкемнің шешесі Нәйімхан әжем халық ауыз әдебиетінен бастап, әңгіменің майын тамызып айтатын. Ал әкемнің өзі домбырашы, шешем әнші болды. Ауылдағы тілеулес ағайындардың айтқанымен Алматыға келіп, оқуға тапсырдым. Онда Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Нұрғали Нүсіпжанов, Меруерт Өтекешова сынды өнер майталмандарынан тәлім алдым. Сол алтын ұстаздарымның арқасында өнерде өз орынымды қалыптастырып, ел таныған әнші болып шықтым.