«Қазақстан тарихының жеті томдығы жарыққа шығады» – Ерлан Қарин

Көп ұзамай Қазақстан тарихының жеті томдығы жарыққа шығады, деп хабарлады мемлекетттік кеңесші Ерлан Қарин.
Алматы, NEGE. Ол бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты мақаласында жазды.
«Бұл ретте, ең алдымен, Президент тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықтың әзірленуін атап өткен жөн. Әр томға арнаулы ғылыми институт жетекшілік етті. Бірегей жинақты дайындауға елімізден 250 тарихшы қатысты. Жүздеген ғалым көптомдықтың қосалқы авторы болды. Жұмыс барысында бұрын бізге беймәлім болып келген көптеген тың дерек табылып, ғылыми айналымға қосылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тарихымыз түгенделіп, барлық мәлімет объективті түрде сараланды. Ұлт жылнамасын ұлттық мүдде тұрғысынан жазу қағидасы берік сақталды. Тарихи әділдікті қалпына келтірген жаңа еңбек, шын мәнінде, ұлттық жобаға айналды», – деп жазды Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, тарихты жазғанда асығыстық танытпау керек, сонымен қатар созып жіьеруге де болмайды.
«Біз тарихымызды жазғанда асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Созып жіберуге де болмайды. Алдыңғы академиялық басылымдарды әзірлеу кезінде жұмыс тіпті ұзаққа созылғаны белгілі. 1943 жылғы 1 томдық басылымға 5 жыл, 1957 жылғы 2 томдыққа 5 жылдан астам, 70-жылдары шыққан 5 томдыққа 10 жылға жуық уақыт кеткен.
Ал тәуелсіздік кезеңіндегі 5 томдықтың бірінші томы 1996 жылы шықса, соңғы бесінші томы 2010 жылы көпшіліктің қолына тиді. Дайындық жұмыстарын айтпағанның өзінде, бес томдықтың толық басылып шығуына 15 жылға жуық уақыт кетті.
Мәдени-рухани мұрамызды, тарихымызды түгендеуге арналған түрлі жоба аясында кейінгі жиырма-отыз жылда едәуір материал жинақталды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жұмыс тың қарқынға ие болды. «Архив-2025» бағдарламасы жүзеге асырылып, шет мемлекеттерге арнаулы экспедициялар ұйымдастырылды. 9 мемлекеттен (Еуропа елдеріндегі, әсіресе Ватикандағы, Парсы мемлекеттеріндегі, Қытай мен Ресейдегі архивтерден) 5 мыңға жуық құжат табылып, зерттеліп, енгізілді. Пекин архивтерінен табылған құжаттар Қазақ хандығының Цинь империясымен, Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Ресеймен дипломатиялық, саяси және сауда қатынасынан мол ақпарат береді. Абылай ханның, Болат және Уәли сұлтандардың хаттары, түрлі жарлық XVIII ғасырда Қазақ хандарының кеңсесі, ауқымды құжат айналымы болғанын айқын көрсетеді», – дейді мемлекеттік кеңесші.
Ұлыбританиядан табылған «Тарихи-и Қыпшақ хани», «Нусрат-Наме», «Муʻизз ал-ансаб», «Бахр ал-асрар» сияқты қолжазбаларда XIV ғасырдан бері қазақ жерінде болған маңызды оқиғалар туралы өте құнды мәліметтер жинақталған.
«Тарихымызға қатысты бұрынғы басылымдарда картографиялық материалдар аса көп қолданылмаған еді. Мақсатты түрде жүргізілген кешенді шаралардың арқасында өте ауқымды картографиялық материал жиналды, Италия, Франция, Қытай және Ресей архивтерінен бұрын бізге беймәлім болып келген карталар табылды. Сондай-ақ кейінгі жылдары археологиялық қазба жұмыстары белсенді жүргізіліп, маңызды жаңалықтар ашылды. Осының бәрі жаңа басылымның мазмұнын толықтырып, байыта түседі.
Бұл жеті томдықты төл тарихымызға қатысты осыған дейін жасалған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деуге болады.
Осылайша, жұмыс негізінен жұмырланып қалды. Біз ауқымды жұмыстың соңғы кезеңіне қадам бастық. Жақында академиялық басылымның ресми редакциялық алқасы құрылды. Оған еліміздегі ең белді ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, Ұлттық музейдің, Орталық мемлекеттік архивтің басшылары, сондай-ақ Болат Көмеков, Жәкен Таймағамбетов, Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Мұрат Әбдіров, Жақсылық Сәбитов, Радик Темірғалиев және басқа да көптеген белгілі ғалым мен сарапшы кірді. Алқа мүшелерінің арасында аға буын, орта буын және жас буын өкілдері бар. Бір сөзбен айтсақ, бұл жұмысқа жан-жақты қарап, оны кешенді түрде атқарып жатырмыз. Редакция алқасының жұмысын «Тарихшылардың құрылтайы» деуге болады. Олар әр томды жеке-жеке қарап, мұқият саралағаннан кейін баспаға жіберу туралы шешім қабылдайды.
Редакция алқасы мүшелерінің барлығы өз мамандарымыз. Яғни 7 томдық академиялық басылымның жалпы мазмұнын айқындайтын да, әр том, әр тарау, әр бөлім, әр тақырыпты сүзгіден өткізіп, түпкілікті шешімді қабылдайтын да өзіміз. Тоқетерін айтқанда, өз тарихымызды өзіміз жазып жатырмыз. Мен мұны редакция алқасының төрағасы ретінде ресми түрде мәлімдеймін. Сондықтан түрлі алыпқашпа сөзге сенудің қажеті жоқ», – дейді Ерлан Қарин.
Басқа ғылымдар секілді тарих ғылымы да бір орында тұрмайды.
«Жеті томдықты төрт құбыласы түгел, сан мың жылдық шежіреміздің ұңғыл-шұңғылы тегіс қамтылған, ешбір кемшіліксіз еңбек деп түбегейлі баға беруге қақымыз жоқ. Бағаны ертең оны оқитын аудитория мен кейінгі ұрпақ береді. Бірақ болашақта тарихпен айналысамын деген азаматтардың ұлт жылнамасын терең зерделеуіне, әрі қарай зерттеулер жүргізуіне сара жол ашып, берік негіз қалауға тырысқанымыз анық.
Көп ұзамай жеті томдық жарыққа шығады. Ондағы деректер мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларына енгізіледі.
Осылайша, тарихымызды біртұтас шежіре ретіне жеткізетін басылым жарыққа шыққанда кейінгі ұрпақтың алдындағы бір парызымыз орындалды деп сеніммен айтуға болады», – деп жазды Қарин.