29 Қаңтар 10:00
...

«Жошы хан туралы фильм түсіретін қазақтан бір адам табылмағанына қапалымын» – Талғат Теменов

Режиссер
Фото: ғаламтордан

2024 жылы экранға жол тартқан қазақ киносының саны әдәуір артыпты. Статистикалық көрсеткіш солай дейді.

 Бір жағынан қуануға да болар, ал сапа жағы көңіл көншіте ме? NEGE тілшісі бұл сауалды белгілі режиссер Талғат Теменовке қойған еді. 

– Былтыр елімізде 400-ге жуық фильм түсіріліпті. Мұны 2022 жылмен салыстырғанда 56 туындыға көп екен. Сол сияқты екі жыл бұрын 49 толықметражды фильм жарыққа шықса, 2024 жылы екі есеге өсіп, 100-ге жуық толықметражды туынды көрерменге жол тартыпты. Ал оның жартысынан көбі – деректі фильм екен. Дегенмен, сан болғанмен сапа бар ма?

Естіп, жағамды ұстап отырмын. Масқара ғой! Осының 90 пайызы жеке компания, жеке адамдар түсірген фильмдер шығар. Керісінше, мемлекеттің қолдауымен түсірілетін кино жыл сайын азайып барады. Қазір кім не болса, соны түсіріп, экранға жіберіп отыр. Өйткені, олардың сценарийін ешкім оқымайды, сүзгіден өткізбейді. Боқауыз, қазақтың, қыздардың намысына тиетін сөздер айтылып жатыр ма, жоқ па, ол да қадағалаусыз, қараусыз. Қысқасы, бүгінде білгенін істеушілер көбейген. Себебі, дәл солардың ішінен «керемет кино түсіріліпті» дегенді естіген жоқпын.

Біздің идеологиямызды, руханият пен мәдениетімізді ешкім ойлап, тазартып жатқан жоқ. Яғни, былыққан үстіне былығып кетті. Егер осы 400-ге жуық кино түсіргіштер мықты болса, сахнаға шығып, неге балет билемейді? 150 продюсер неге опера қоймайды? Қолынан келмей ме, әрине келмейді. Сонда бұлар үшін ақша табудың оңай жолы – кино түсіру ме? Кино дегенің – ғылым. Кино – тарих, мәдениет, әдебиет. Кино – қазақ қызының жүріс-тұрысы. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиенің тал бесігі. Ал егер экранды тәрбие құралы десек, онда жетіскен екенбіз.

– Соңғы кезде түсіріліп, миллиардтан астам касса жинаған бір фильмді көрдіңіз бе? Мәселен, актриса Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені - 2» фильмі 1 млрд 180 млн табыс тауыпты...

– Көрген жоқпын, көрмеймін де. Мейлі, қанша жинаса да, бәрібір. Қазақта «Байдың асын байғұс қызғанады» деген сөз бар ғой. Миллиард тұрмақ, триллион ақша тапса да, ондай киноға бармаймын. Өйткені, мен өзімнің ой-өрісімді, деңгейімді білемін. Сондықтан «Осы киноға бармасаңдар, атып тастаймыз!» десе де, бармаймын.

Дариға Бадықова
фильмнен скрин

– Ал осындай фильмдерге жапа-тармағай барып жатқан көрерменнің деңгейін қалай көтереміз?

Қазақтың тағы бір «Еркек тоқты құрбандық» деген сөзі бар. Дәл қазір біздің мәдениет пен руханиятқа қарайтын, жауап беретін адамдарға бәрібір.

Жалпы, бүгін руханият пен мәдениетке қайта қараудың реті келген секілді. Яғни, Мәдениет және ақпарат министрлігінің де өнер адамдарына басқаша қарайтын кезі туды. Жақында ғана премьер-министр Олжас Бектеновтің «Қазақфильмді» қайта қаржыландыру туралы, экранға шығатын фильмнің бәрі қазақ тілінде болатыны хақында айтқан пікірін естіп, қуандық. Осы тұрғыдан келгенде қазақ руханияты мен мәдениетіндегі орны бар және осы салаға еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың басын қосатын ақылдасу кеңесін өткізгені жөн болар еді. Қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген мақал бар.

«Жошы ханды жазушы Мұхтар Мағауиннан артық кім білуші еді?»

– Жаңа жылдың басынан-ақ репетиция алаңында жүр екенсіз. Сізден биыл қандай рухани дүние күтеміз?

Былтыр Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ театрына – 95 жыл толды. Осында Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» қойылымын қоямын. Қаңтар айының соңында сахналаймыз. Жұмат Шанин – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер. Ол қазақ руханиятының ең үлкен тұлғаларының бірі. Сондықтан бұл театрға келгенімде үлкен мән бар. Өйткені, ұстазға қашан да тәу ету керек. Осыдан кейін тағы бір облыс орталығында спектакль қоямын, бұйырса.

Ал былтыр мамыр айында соғыс кезіндегі қыздардың ерлігін бейнелейтін «Қара қыз» толықметражды фильмінің тұсауын кестік. Бұл туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығының демеуімен түсірілген-ді. «Қара қыз» фильмі сәуір айына таман экранға жол тартпақ.

Осы кезге дейін фильмді прокатқа шығаруға мүмкіндік болмады. Себебі, бүгінде прокаттың бәрі жеке компанияларың еншісінде. Олар кез келген фильмнің экранға шығуы үшін 20-30 млн теңге сұрайды. Ондай қаржы болмаған соң, әліптің артын бақтық. Алайда, Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай осындай кинолар көрерменге жол тартады деп ойлаймын және соған үміттенемін. Себебі, бұл соған татитын фильмнің бірі әрі бірігейі. Бір қызық айтайын, қытайлық бір компания «Қара қыз» фильміне субтитр жасап, қытай тіліне, аударып тастапты. Не деген шапшаңдық?! Бір жағынан риза болдым.

Талғат Теменов
фильмнен кадр

Одан бөлек «Аралым, менің Аралым» деректі фильмін бітірдім. «Карлаг» түрмесі туралы толықметражды деректі фильм түсірсем деймін. Оны мемлекеттің ақшасына емес, жеке демеушілердің қаржысына жасамақпын. Өйткені, менің киноларымды сараптама алқасындағы қазақ тілін білмейтіндер питчингтен өткізбеді. Олар менің киномды кескен жоқ, қазақ жастарының болашағын кесті.

– Алтын орданың негізін қалаған Жошы хан туралы сериал түсірілетіні туралы айтылды. Оған Лос-Анджелесте мамандандырылған Karga Seven Pictures продюсерлік компаниясы жауапты болмақшы. Бұған не дейсіз?

Иә, мұны мемлекет өз қаражатына түсіріп, өзі бас-көз болатынын айтты. Алайда, осы фильмді түсіруге қазақтан бір жазушы табылмағанына, қазақтан бір тарихшы ғалым немесе режиссер, сценарийст шықпағанына қапалымын. Өз режиссерлерімізді ысырып тастап, сырттан келген біреуге ұстата салу тағы да өз азаматтарымызды кемсіту деп санаймын.

Мысалы, Жошы ханды жазушы Мұхтар Мағауиннан артық кім білуші еді? Көзі тірісінде бір ресми телеарна тілшісі барып Жошы хан туралы білгенін неге жазып алмады? Мағауин қазақтың жауы емес еді ғой. Бұл – өз ұлын жақтырмау немесе менсінбеу деген сөз. Мағауин қазақтың тарихын жасаған тұлға. Ол ештеңе жоғалтқан жоқ. Керісінше, Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұланның қатарына қосылып, өз орнын алды. Ал шенді-шекпенділер Мұхтар Мағауиннің басқан ізіне тати ма, жоқ па, күмәнім бар.

Алтын орда негізін қалаушы
ғаламтордан

Елімізде болып жатқан кейбір қанды оқиғаларға байланысты зиялы қауым өкілдері жақ ашпайды көбінде. Талғарда кісінің қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеудің аяқталғаны мәлім болды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі берген сұхбатта «Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», – деді. Әрине, бұл пікір, әсіресе, қандастарға ұнамағаны анық. Сіздің ойыңыз қандай?

– Жалпы, туғаннан еліміздің ауасын жұтып, суын ішкен, тәрбиесін алған өзіміздің бұзықтардан гөрі сырттан келген қандастар әлдеқайда тәртіпті ме деп ойлаймын. Тарихи отанына келген талай азаматты білемін, араласамын. Олардың сөзі де, ісі де, мінезі де әлдеқайда көш ілгері. Бұл әңгіме қайдан шығады? Яғни, президентке маңайындағылар «Олардың бәрі бұзық, басбұзар» деп жеткізеді.

Қаңтар оқиғасы кезінде де «20 мың террорист келді» дегенді ішкі істер саласындағылар президенттің аузына салды ғой. 20 мың террористті өзі санап па, көріп пе?

Қағаз дайындап беретіндер – көбінесе президентті ұятқа қалдырып жүрген «қой терісін жамылып жүрген қасқырлар». Халықтың қамын ойлаған басшының абыройын әдейі түсіру үшін жасалып жатқан дүние. Бұл президенттің беделіне нұқсан келтіру мақсатында саналы түрде жасалған қастандық. Қастандықтың екі түрі бар. Бірі – физикалық, екіншісі – моралдық. Ал бұл екіншісіне жатады.

– Сұхбатыңызға рахмет!