Сұлтан Срайыл, режиссер: Әкімдіктің ауызша айтылған тапсырмасын орындаудан бас тарттым

Талай шығармашылық ұжымды басқарған білікті режиссер Сұлтан Срайылдың Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы театрға жетекшілік еткеніне де көп бола қоймаған. Алайда, таяуда қызметтен кеткенін өзінен емес, жанашырларынан естідік.
NEGE тілшісі белгілі театр майталманына хабарласып, театрдан не себепті кеткенін сұраған еді.
– Сұлтан Оңғарұлы, Ж.Шанин атындағы театрды басқарғаныңызға төрт-бес айдың ғана жүзі болған еді. Сізді кім шақырды және кетуіңізге не себеп?
– Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің өзі шақырды. Әуелгіде ақылдасып, келісіп бастадық та, ары қарай тоқтап қалды. Арада біраз уақыт өткеннен соң тағы шақырып, «Өзіңіз білесіз, Ж.Шанин атындағы театр 95 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Осындай сәтте қалай сыртынан қарап тұрасыз?» деп ұсыныс айтқан соң, келдім. Одан бөлек Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан дуалды білім беру жүйесі бойынша жастар келетінін айтты. «Оларға қамқорлық керек, жаңаша қойылымдар жасаңыз» деген пікірін жеткізді. 5 айдай жұмыс істедім. Сосын орнымды босатып беруге тура келді.
Қалай болғанда да кету туралы өтінішті өз еркіммен жазып бердім. Өйткені, басқа ешқандай факт жоқ. Мен олардың саясатымен, көзқарасымен келіспедім. Қазір бірдеңе дегенмен, құрғақ сөз болып қалатындай. Әлгінде ғана айттым, маған қағаз арқылы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Бәрі ауызша айтылды. Сол кезде «Мұны істей алмаймын. Одан да, қызметті тапсырайын» дедім.
– Сіз орындаудан бас тартатындай қандай тапсырма беріп еді?
– Бұл жерде бір-ақ мәселе болды. Мәдениет басқармасы басшысы шақырып: «Әкім орынбасары сізге дуалды оқумен келген студенттер, жаңадан құрылып жатқан Жастар театрына ауысу керектігін айтты», – деді. Оған қарсылығымды білдіріп: «Олай істей алмаймын», – дедім. Өйткені, олар Ж.Шанин атындағы театр штат бірлігінде ғой. Жастар осы театрға дуалдық оқумен келді. Енді олар бізде болуы керек. Ал әкім орынбасары «Штатпен бірге Жастар театрына берілсін» депті. Қарсы болған себебім, бүтін тұрған нәрсені бүлдіріп, жаңа театрға жіберу қай жағынан да қайшы еді.

– Сонда театрдың штаттық кестесіндегі әртістер құрамы азаяды деп қорықтыңыз ба?
– Иә. Өйткені, 20 штатты беру ешқандай ақылға қонымсыз шешім. Менің орнымда басқа біреу болса да солай істейді деп ойлаймын. Қазір Ж.Шанин театрында 60 шақты актер бар. Олардың ойы штатты қысқартып, жаңа театрға жіберу керек болды.
– Театрға өзіңіз келген бес айда қандай оң өзгеріс, жаңашылдық енгізе алдыңыз?
– Мұны сол жерде істейтін әртістер мен қызметкерлерден сұрау керек шығар. Дей тұрғанмен айына 20-22 спектакль қоюды жүзеге асырдық.
– Дегенмен, қолға алған, атқарған істеріңіз бар шығар.
– «SHANIN-Fest» театр фестивалін өткізуге қаражат бөлінуін сұрадым. Драматургтердің байқауын ұйымдастыруға қаржы бөлді. Одан кейін жаңа қойылымдарға қатысты бірқатар жоспарды айтып, гастролдік сапарларға да ақша қарастырылды. Өйткені, әу баста келген кезде «Қолыңыздан қақпаймыз! Тек жақсы жұмыс нәтежесін көрсетсеңіз болды» деген. Шын мәнінде, біз айтқан ұсыныстың бәрін әкімдік барынша қолдады. Бірақ соңында ауызша айтылған тапсырмасын орындаудан бас тарттым. Бір сөзбен айтқанда, көзқарас сәйкес келмеді.
– Бұған дейін біраз өңірде жұмыс істедіңіз ғой. Сонау оқуды тәмамдаған жылдары Арқалық қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы театрға режиссер болып бардыңыз. Одан кейін Астанадағы Қ.Қуанышбеков атындағы театр мен Алматыдағы Ғ.Мүсірепов театрын, «Оңтүстік цирк» ұжымын басқардыңыз. Ж.Шанин театрында бес ай ғана қызметте болған маман әрі оңтүстік өңірдің тумасы ретінде айтыңызшы, бұл жақта жұмыс істеу қиын ба?
– Шығармашылық адамдары мінезді келеді. Мінезсіз адамнан үлкен суреткерлік шығуы қиындау. Ең бірінші, ұжыммен,әр актермен тіл табыса білу керек. Бұған маған бес ай уақыт жеткілікті болды деп ойлаймын. Енді ғана ауызбірлікте, бір толқында жұмыс істеп бастаған едік. Мен кетер кезде театрдың шығармашылық ұжымы да қарсы болып «Сіздің қалғаныңызды қалаймыз. Министрлікке хат жазайық» деген ой-пікірін айтып жатты. Қаласын-қаламасын, бәрібір шешетін басқарма бар. Сондықтан өз еркіммен бұл ұжыммен қимай қоштастым.
Жалпы, маманның жұмыс істеуіне өңірдің қатысы жоқ сияқты. Қай жерде де адамына байланысты. Меніңше, оңтүстік-солтүстік, батыс-шығыс демей-ақ, қазір бәріне қатысты бір-ақ нәрсе бар. Кейде билік пікірі қалыптасқан, өз ойын ашық айта алатын басшыларды, мамандарды онша ұната бермейді. Оларға қай уақытта да оңай болмаған.
Шығармашылық ұжымда, осы салада жүргеніме 30 жылдан асты. Көп жылдар бойы театр менеджментімен айналыстым. Шығармашылық иелеріне құрмет көрсетуге, олардың беделін арттыруға еңбек сіңірдім. Маған қай ұжыммен де жұмыс істеу қиынға соқпапты.

– Ақын Ханбибі Есенқарақызы Шымкент қаласының идеологиялық мәселесінің ақсап жатқанын жазды. Жергілікті биліктің мәдени ошақтарды оңтайландырып, «Мәдени бірлестік» құрғаны туралы да пікірін білдірді. Осы тұрғыда не айтасыз?
– Мамандығым театр саласына қатысты болғандықтан, музейлерді біріктіріп, оңтайландыру жұмысының қаншалықты өзін ақтап, тиімді нәтиже көрсететінін білмеймін. Менің көзқарасым бойынша, осы оңтайландыру әдісін басқа салаларға, мүмкін құрылыс саласына, бірін-бірі қайталайтын кәсіпорындарға жасаған дұрыс шығар. Онсыз да әлемдік жаһандануға жұтылып кетуге шақ қалған ұлттың мәдениет ошақтарын, салт-дәстүрін, баспасөзіне «оптимизация» жасау – ұлтқа жасалған қастық. БҰҰ статистикасы бойынша күн сайын жер бетінен қаншама тіл жойылып жатыр. Мәселен, Австралия ғалымдары әлемде екі апта сайын бір тіл жоғалып кететінін анықтапты. Олар өз зерттеуінде бүгінде бар 7 мың тілдің 40 пайыздан астамы жойылу қаупінде екенін болжаған. Сондықтан мәдениет пен білімді, ұлттық салт-дәстүрді, баспасөзді оңтайландырамыз десек, ұзаққа бармаймыз. Меніңше, бұл – ұлттың тамырына балта шабу.
– Тағы да Ханбибі Есенқарақызы өз пікірінде сіз басқарған Ж.Шанин атындағы театр туралы да тілге тиек етіп, «Режиссер Талғат Теменов қойған Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін сырт киімімізбен отырып, тамашалауға мәжбүр болдық. Театр залы мұздай суық» деген еді. Жалпы, бұл театрдың әлеуеті, әртістерінің жалақысы көңіл көншіте ме?
– Штаттық бірлік пен жалақының көлемі мемлекеттік мекеме болған соң барлық жерде бірдей. Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісімі бойынша бекітілген. Ал театрдың ақауы кеткен жері өте көп. Мысалы, жарық және дыбыс беретін құрылғылар ескірген, залдың суықтығы бар. Яғни, ғимараттың салынғанына небәрі он жыл болса да, құрылыс барысында кеткен кемшіліктер көрініп тұр. Биыл, мүмкін келесі жылдары қайтадан күрделі жөндеу жүргізу жоспарда болған. Бәлкім, жөнделетін шығар.
– Сіз театрды, әсіресе, өңірдегі театрлардың жергілікті әкімдіктің құзыретінде болып, солардың нұсқауы бойынша жұмыс істеуіне қалай қарайсыз?
– «Таяқтың екі ұшы бар» деген сияқты ғой. Біріншіден, қаржыны кім берсе, міндетті түрде оны игеру де, сұраныс та солардың құзыретінде. Демек, Шанин театры Шымкент қаласы бюджетінен қаржыландырылып отырған соң, әкімдікке қарайды. Ертеректе Мәдениет министрлігінде басшыларды тағайындау, репертуарды жоспарлау, гастролдік сапарларды үйлестіруді ұйымдастыратын Репертуар бөлімі болды. Қазір қалай? Театрды кім қаржыландырады, театр соның айтқанымен санасады.
Бірақ мұның жақсы жағы да бар. Егер әкім өнерге дұрыс көзқараспен қараса, гастролдік сапарға қаржы береді, актерлердің әлеуметтік тұрмысын жақсарту мақсатында үй алуға көмектеседі, халықаралық деңгейдегі фестивалдерге қатысуға қамқорлық жасайды, әртістерге атақ, марапат алып беру жағына көңіл бөледі дегендей. Бірақ кей әкімнің спортқа қатысы болса, сол салаға көңіл бөледі, экономист болса, халықтың әлеуметтік жағдайын басымдыққа алады, құрылысшы болса, жол салуға ден қояды.
Сондықтан мәдениет – ұлттың бет-бейнесі десек, әкімдік мамандары министрлікпен хабардар болып, жұмысты кеңесіп, келісіп істесе, сол кезде жұмыс әлдеқайда оңтайлы жүзеге асар еді деп ойлаймын. Әсіресе, директорларды тағайындағанда, бәлкім фестивальдерді ұйымдастырғанда тығыз қарым-қатынаста болу дұрыс шығар.

– Шымкент шаһары халқының театрға деген көзқарасы, мәдениеті қалыптасқан ба?
– Астанада 24 жыл, біраз жыл Алматыда тұрдым. Қазір Шымкентке қоныс аудардым. Кейбіреулер «Оңтүстік халқының қолы тойдан босамайды» дегенді айтады. Бос сөз! Шымқалада нағыз театрал көрермен қалыптасқан. Белгілі режиссер Талғат Теменов қойған «Қызыл орамалды шынарым» қойылымы аншлагпен өтті. Ешкім ешқайда барған жоқ. Жоғары оқу орындары ректорларына барып немесе мектеп аралаған адам болмады. Екі күнге жоспарланған премьера төрт күнге жалғасты. Өйткені, халықтың сұранысы болды. 21-22 ақпан күнгі қойылымға да билет жоқ. Демек, көрермен өзіне ұнайтын спектаклге барады. Шымкент қаласының көрерменін Астана, Алматы көрерменімен салыстырғанда ешқандай интеллектуалдық кемдігі жоқ. Барлық жерде көрермен бірдей. Жасыратыны жоқ, көптеген театр админстраторлары жоғары оқу орындарына барып, деканатпен келісіп студенттердің театрға келуін қамтамасыз етеді. Бұл дұрыс та шығар. Студенттер бос уақытын бекер өткізгенше қойылым көргені жақсы ғой. Қала жастары – кішкентайынан театрдан ертегі көрген дайын көрермен. Ал бірақ ауданында, ауылында театр жоқ қаншама студент бар.
– Қазір боссыз ба? Ұсыныс болса, мархабат дейсіз ғой...
– Боспын. Бар нәрсе өтпелі, бәріне жақсы жағынан қараймын. Әрине, егер қажетті кадр деп жұмысқа шақырса, кез келген ұсынысқа ашықпын. Адам үйді өзі үшін салып, егінді өзі үшін егіп, малды да өзі үшін бағады. Ал өнерді өзің үшін емес, тек қана ел үшін істейсің. Себебі, өнерге өмірімізді арнадық, ыстық-суығын көрдік, отымен кіріп күлімен шықтық.