10 Шілде 09:45
...

«Үйрен және істе деген сияқты» – Өнер иелері жыныстық сауаттылықты мектепте оқытуды НЕГЕ құптамайды?

Жыныстық сауаттылық
Фото: ғаламтордан

Қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесінің бір жұрнағы ерте жүктілікке әкеп соғып жатқаны жасырын емес. Мәселен, жуырда Түркістан облысы бойынша жарияланған статистика біраз жұртттың жағасын ұстатқан еді. Атап, айтар болсақ, өңір бойынша соңғы жеті айда 182 жасөспірім қыз жүкті болып қалса, олардың тең жартысы босанып үлгерген.

Мектеп қабырғасында жыныстық сауаттылыққа қатысты ағартушылық-ақпараттық жұмысты күшейту қажеттігі көптен айтылып жүр. ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинова бұл мәселенің алдын алу тұрғысында мектеп бағдарламасына арнайы қосымша пән енгізу жөнінде ұсыныс айтқан. Қоғамның жегі құртына айналған жағдай жайында ел арасында жүрген өнер иелеріне шығып, жеке дара пікірлерін сұрап көрдік.

Жазира Байырбекова, әнші:

Бала көргенін істейді

Әнші
Фото: әлеуметтік желіден

– Мектепте қанша «тәйт» дегенімен, әлеуметтік желі арқылы тәрбиеленіп жатқан жастар көп. Сондықтан бір ғана бағытта жөн айтудың өзі қиын болып кетті. Бұл үлкен кісілер мен мамандар ақылдасыса отырып, шешетін мәселе сияқты.

«Бала көргенін істейді» деген. Ата-анасының да жүрісіне, айналадағы қоғамға да қарайды. Бірақ қай адам ұл-қызының тура жолдан тайқып өскенін қалайды дейсіз. Әсілінде, ортаға байланысты ма деймін. Бұл айтылмау керек, жабық тақырып болуы қажет дейін десек, қоқысқа, әжетханаға нәрестесін тастап кеткендер аз емес. Отбасында анасы мен қызы ашық сөйлесе білсе, біраз жайттың алды алынар еді деймін.

Сембек Жұмағалиев, әнші:

Бостандықтың кесірі

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Жасөспірімдердің жасына жетпей жүкті болып қалуына бостандық себеп болып жатыр. Мәселен, күнделікті өмірде, эфирде, әлеуметтік желіде, тіптен сахнада да еркіндік көп. Қалаберді қалай болса солай киінеді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Осыны көріп өсіп келе жатқан ұрпақ тура жолдан тайқымай қайтеді?!

Қазір қыздар да ұлдардан бетер балағат сөздер айтып жатады. Үйдегі ата-анасы да балаларының қайда барып, не істеп, не қойып жүргенін сұрай бермейді. Қадағалау жоқ. Бала мектепке емес, алдымен әке-шешесіне керек емес пе?! Өзіміз еркек бала болса да ұлымыздан үйге кірген-шыққанын сұрап, біліп отырамыз. Қазір қолына бір-бір сотканы ұстап алып, есігін тарс жауып алатын балалар бар. Оның онда не көріп, не қойып отырғанында ешкімнің шаруасы жоқ.

Кейбір ата-аналардың баласына бірдеңе болса, мектепке жаба салып отыра беретіненіне таңым бар. Білім ошағында «бүйтпеңдер-сүйтпеңдер» деп айтудай-ақ айтады ғой. Бірақ бір мұғалім отыз баланың қайсысын аңдиды. Үйіндегі үлкендерді тыңдамаған бала мұғалімнің айтқанын қайдан тыңдасын. Сондықтан тәрбие алдымен отбасынан бастау алу керек.

Елдің бәріне топырақ шашпаймын, тәрбиелі, парасатты, саналы қыздар да бар. Бірақ қадаға жоқтар, бір қарын майды шіріткен құмалақтай, барлық қыздарға күйесін жұқтыратындар да бар.

Ақерке Тәжібаева, қобызшы:

Сақтануды емес, айналыспауды үйретсе

Қобызшы
Фото: әлеуметтік желіден

– Біз мектепте оқып жүрген кезде арнайы пән болмаса да, медициналық мекемелерден гинеколог-дәрігерлер келіп, қыздар мен ер балаларға бөлек жыныстық сауаттылыққа қатысты ашық сабақ өткізіп отыратын. Қазір ондай үрдістің бар-жоғынан хабарсызбын.

Дейтұрғанмен, арнайы пән болмаса да оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін уақыт бөліну керек деп ойлаймын. Бірақ мектеп барысында жүргізілетін түсіндірме жұмыстарында ұл-қыздарға қалай сақтанудың емес, онымен айналыспаудың жөн екенін айтса жөн болар еді. Белден төмен ешкімге ашпау керек, көрсетпеу керектігі, барлығы заңды түрде отбасын құрған соң ғана жүзеге асатыны айтылса. Себебі, қазір қоғамда ажырасу мәселесімен қатар тастанды балалар саны өте көп. Қарап отырсақ, солардың басым бөлігі – мектеп кезінде шалыс басқандар.

Бұрынғылар «Қызды қырық үйден тию керек» деп текке айтпаса керек. Өзіміздің ата-анамыз дастарханда бас қосқанда қыз баланың тәрбиесіне қатысты құндылықтарды жиі айтып отыратын. Мен де, екі қызым бой жете бастағанда анамнан естігенімді қыздарыма насихаттауға тырысамын.

Бір байқағаным, қазіргі таңда анасы мен қызы арасында мұндай тақырып қозғалмайды. Өйткені мұсылман елдері арасында бұл жабық тақырып саналады. Саладарынан алтыншы сыныптан бастап жыныстық қатынасқа түсіп жатқан балалар барын еститін болдық. Бұл өте өкінішті жағдай. Түрлі балалар бар ғой, біреу аңғал келеді дегендей. Кейбір қыз бала зорлыққа түскенін қорыққанынан ата-анасына айтпауы мүмкін. Жақын туысынан жыныстық жәбір көрген қыздар да қаншама! Бірақ оны тыңдайтын да, тыңдамайтын да бала бар. Түрлі жағдайды естігенде, жүрегің ауырады. Мұның алдын алмасақ, болашағымызға қауіп төнері анық.

Өмірқұл Айниязов, әнші:

Қыздарды тыю керек

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Менің ойымша, жыныстық қатынасқа қатысты сабақ жүргізу жастардың нәпсісін одан бетер қоздыратындай көрінеді. «Үйрен және істе» дегенге жетелейтін сияқты. Бұл – Еуропа елдеріне тән түсінік. 

Сондықтан мектеп қабырғасында мұндай дүниелерді айтқанды өз басым қолдамаймын. Ұят нәрсе ұятты болып қалуы керек. Қыз баламен үйдегі анасы айналысқаны дұрыс. Себебі, көп дүние әйел адамға байланысты.

Мәселен, еркектер үйленеді, отбасын құрады дегенмен, жарды алдымен қыз өзі таңдайды ғой. Қыз бала бас тартса, еркек адам не істей алады?! Бұл қоғамда көп нәрсенің қызға байланысты екенін білдіреді. Сондықтан қыздарды тию керек.